Биыл 17,2 млн тонна мұнай өңделеді

18055

Қазақстан сәуірден бастап бензин экспорттайды.

Биыл 17,2 млн тонна мұнай өңделеді

Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың мәлімдеуінше, былтыр еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауытында 16,4 млн тонна мұнай өңделген. Биыл жоғарыдағы көрсеткіш 5%-ға ұлғайтылып, өңделетін мұнайдың жалпы көлемі 17,2 млн тоннаны құрайды.

"Биыл отандық мұнай өнімдерін Орталық Азияға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Осыған қатысты заңнамалар мен құқықтық-нормативтік құжаттар қабылданып жатыр. Сәуір айынан бастап біз бензин экспорттауды бастаймыз", – деді вице-министр.

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан болашақта Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне бензин экспорттайтынын мәлімдеген.

"Кейбір елдерге бензин экспорттауға қатысты мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттермен талқыланып жатыр", – деген болатын Қанат Бозымбаев.

Былтыр 26 тамызда Қазақстанға теміржол көлігі арқылы Ресейден бензин тасымалдауға тыйым салынды. Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов мұны Қазақстан нарығында бензиннің шектен тыс көптігімен түсіндірді.

"Қазір 350 мың тонна мұнай қоры бар. Бұл көрсеткішті 500-650 мың тоннаға жеткізе аламыз. Мұнай сақтау қоймаларының толуына байланысты бензинді сырттан әкелуге тыйым салдық. Мұнай өндеу зауыттарының жүктемесін де азайттық", – деген еді вице-министр.  

Сарапшы Сергей Смирновтың сөзінше, Қазақстан бензинінің үшінші елдерге экспортталуы бюджеттің бүйірін қампайтады. Себебі кедендік төлемдерден табыс түседі.

"Қазақстан бензин экспорттайын деп отырған елдерге дәл қазір бензинді  Ресей жеткізіп отыр. Алдағы уақытта нарықтың осы сегментінде бәсеке басталады. Менімше, Мәскеу Астанаға бензиннің бағасын түсіруге жол бермейді. Біздің ел көрші елдерге бензин сатуды бастағанда өзіміздегі бензиннің бағасы өсуі мүмкін. Өйткені біздің нарық профициттен, яғни артық бензиннен арыла бастайды", – деді сарапшы.

Оның пікірінше, төртінші мұнай зауытының құрылысын 2030 жылға шегеру туралы сөз қозғалғанға дейін энергетика министрлігі 2023 жылы елімізде жанар-жағармай тапшылығы болуы мүмкін деп мәлімдеп келген. Кейін аяқ астынан осыған дейінгі мәлімдемелерінен айнып, "Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы 2030 жылы болады" деуге көшкен.

"Министрліктің нақты жоспары, болжамы жоқ сияқты. Әйтпесе неге олар төртінші мұнай зауыты салынбайды деген шешім қабылдағанда 2023 жылы болады деген жанар-жағармай тапшылығын 2030 жылға жылжыта салады", – деді Сергей Смирнов.

2025 жылы ЕЭО аясында бірыңғай энергетикалық нарық пайда болады. Сәйкесінше  мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы теңеседі. Сол кезде АИ-92 маркалы бензині 80-100 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл – қазақстандықтар үшін қымбат баға.

"Ресейге есе жібермес үшін бізге төртінші мұнай зауытының құрылысын кешеуілдетпеу қажет еді, өкінішке қарай олай болмады. Біз 3 мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға шамамен 9 жыл уақыт кетірдік. Жаңа зауыттың құрылысы 2030 жылы басталса, ол қашан аяқталады. Бұл сұраққа ешкім бас қатырғысы келмейді", – деді экономист Петр Своик.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу