banner

Биыл ауыл-аудандар жүздеген миллиард қосымша қаржыға кенелуі мүмкін

12038

Қаңтардағы бейбіт шерулерде мұнайлы өңірлердің жұртшылығы орталықтан өздеріне көбірек қаражат бөлуді талап етті. Бұл талап Үкімет пен әкімдер арасындағы қатынастың өзгеруіне соқтыруы ықтимал.

Биыл ауыл-аудандар жүздеген миллиард қосымша қаржыға кенелуі мүмкін

Қазақстанда бюджеттік жоспарлауға "батыл реформалар" жүргізілетін болды. Президент Үкіметке "бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін қалыптастыру" туралы тапсырма берді. Бұл ретте қаржыны жергілікті жерде көбірек қалдыруға баса мән берілетін болады.

Себебі сарапшылардың айтуынша, еліміздің қазыналы Батыс өңірінің және қаржы орталығы Алматының тапқан-таянғанының көп бөлігін Үкімет алып қойып, олардың дамуына қаржы жетпей жатады. Салдарынан, мысалы, еліміздегі ең нашар жолдар – батыста. Оларда апатты мектептер мен тұрғын үйлер көбейіп барады. Алматы да әлеуметтік-экономикалық проблемалар батпағына батқан.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылғандай, қазіргі кезде еліміздегі 17 өңірдің 14-і немесе 82%-ы дотациялық жағдайға жетіпті. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің бюджеттік тәуелсіздігі арттырылады.

Жалпы өңір әкімдері мен орталықтағы шенеуніктердің бюджетке қатысты тартысы ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Мысалы, 2005 жылғы қазанда өткен Үкімет отырысында осы мәселе бойынша сол кездегі Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов сөзге келіп қалғанына журналистер куә болды. Қайрат Нематұлы донор болуға шамасы жететін ауқатты аймақтардың табысын тартып алу дотациялық аймақтарды сақтап қалудың амалы екендігін алға тартып, ақталды. Сондай-ақ бар кінәні тиісті жобалардың құжаттамаларын дер кезінде дайындап, ұсынбайтын жергілікті әкімдерге аударды. Мұны естіп, Иманғали Нұрғалиұлы шарт кетті.

"Қайрат, сен жалған сөзбен жұртты адастырма! Үкіметтегі келер жылғы аймақтық бюджет жобаларының қалыптастырылуына да, бекітілуіне де әкімдер қатысқан жоқ! Сендердің жергілікті бюджеттерді ашқұрсақ ұстауларың неге әкеп соқтыруда? Өткен жылдары салықтар бойынша жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін орындау үшін әкімдер жүздеген мың гектар жерді сатуға барған. Алматының жалпы аумағы 32 мың гектар, соның үштен екісі бюджет бүйірін толтыру үшін саудаланып кеткен. Ал енді жаңа жолдар мен көшелер ашу, мектептер мен балабақшалар құрылысын бастау үшін сол жер телімдерін жеке тұлғалардан 10 есеге дейін қымбатқа қайта сатып алып жатырмыз", – деп ашығын айтқан еді сонда И. Тасмағамбетов.

Әкімдер мойындағандай, сол кезде Үкіметтің сарапшылары әкімдерге барып, жерді сату есебінен бюджетті толтыруға кеңес береді екен. Оның зардабы кейін жер дауларына, жаппай митингке ұласқаны белгілі.

Бюджеттік қатынастарда не өзгереді?

Сарапшылар бұрыннан қалыптасқан қағида – қазыналы өңірлердің өзге өңірлерге дотация жасауы жалғасатынын айтады. Өйткені Қазақстан унитарлы мемлекет, бюджеті де орталықтан, бір жерден басқарылады. Бұл елдің тұтастығын нығайтады деп есептеледі. Мәселе – өңірлердің біркелкі дамуына жағдай жасауда болып отыр. Жоғары табыс табатын өңірлердің өркендеуіне қаражат қалдырылғаны жөн, ал өзгеге күні қараған аймақтар кірісін арттыруға ынталандырылады.

Ұлттық экономика министрлігі "бюджетаралық қатынастар түбегейлі және кешенді реформаланатынын" растады. Енді олар біріншіден, жергілікті халықтың қажеттіліктерін ескереді. Екіншіден, өңіраралық үйлеспеушілік-диспропорциялар азайтылады. Үшіншіден, елдің бірыңғай, ортақ прогресіне серпін берілуі шарт.  

Ведомствоның хабарлауынша, әзірге Қазақстанның өңірлері әркелкі дамып жатыр. Мұндай диспропорция әлеуметтік кернеу тудырады, көші-қонның өсуіне алғышарттар туғызады.

"Қаңтардағы оқиғалар көрсеткендей, батыс және оңтүстік аймақтарда жұмыспен қамтудың өткір проблемасы бар. Бұл өңірлерде бала туу көрсеткіші жоғары, ал экономика жұмыс орындарын құрып үлгермеуде, бұл іс кенжелеп қалған. Сондықтан осы облыстарда жүйелі индустрияландыру, шағын және орта бизнестің өркен жаюына жәрдемдесу, қызметтер көрсету секторын дамыту – бұдан былай өңірлік емес, ұлттық басымдық болып табылады. Батыс өңірлер бюджеттің доноры бола отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өлшемдері бойынша артта қалды. Осыған байланысты бюджетаралық қатынастарды және бюджет ресурстарын бөлуді түбегейлі реформалау қажет", – деп түсіндірді Экономика министрлігі.

Осы орайда еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың командасы бюджетаралық қатынастарды реформалау жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол өңірлерден алып қойылатын соманы азайтуға, сондай-ақ орталық пен жергілікті бюджеттер арасындағы ерсілі-қарсылы трансферттер ағынын мейлінше кемітуге бағытталатын көрінеді.

"Бюджетаралық қатынастар саясаты әрі қарай фискалдық орталықсыздандыруға бағдарланады. Осыған байланысты жергілікті бюджеттердің кірістерінің де, шығыстарының да параметрлерін болжау ісін жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Алда салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы өзара трансферттер барынша азайтылмақ. Бұдан бөлек, өңірлерге республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттерін бөлу тәсілдері қайта қаралады. Алдын ала есептеулер бойынша жергілікті бюджеттердің кірістері 25%-ға артады", – деп мәлім етті министрлік.

Бірінші кезектегі шаралар ретінде 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заңды әзірлеу кезінде "барлық қолданыстағы нысаналы трансферттерді мүмкіндігінше жергілікті бюджеттердің шығыстары базасына тапсыру" ұсынылып отыр.

Әкімі жақсы ауыл-аудандар байып жатыр...

Қызықты дерек бар: соңғы 5 жылдағы талдау көрсеткендей, "нысаналы трансферттердің" көлемі "субвенциялар" көлемінен еш кем түспейді екен. Мысалы, 2017-2021 жылдары республикалық бюджеттен 8 трлн 428,4 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер, 8 трлн 871 млрд теңге субвенциялар бөлінді. Бұл өңірлердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігінің ұлғайғанын, салдарынан республикалық бюджетке жүктеменің артқанын айғақтайды.

Бірақ трансферттер мен субвенциялар облыстық және республикалық бюджеттер арасында сабылып жатады. Бюджетаралық үдерісті одан төмендеу деңгейде – ауданаралық, қалааралық деңгейде реттеу қажеттілігі байқалады. Әйтпесе, облысқа жақсы қаржы бөлінгенімен ол белгілі бір аудан-қалаға жетпеуі мүмкін.

2021 жылы Бюджет кодексінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы (КТС) түсімдерінің кемінде 50%-ын облыстық бюджеттен аудандық бюджетке беру бекітілді. Яғни, аудандарды дамытуға қадам жасалды. 2022 жылдан бастап жергілікті бюджеттерді қалыптастыру осы тетікке – ШОБ-тан түсетін КТС түсімдерін бөлу нормативіне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Сонда аудандарға, тиісінше ауылдарға қанша миллиард тасқыны бағыт алуы мүмкін?

Жергілікті бюджеттердің төл кірістері еселеп артып келеді және 2013 жылғы 1 трлн 329,5 млрд теңгеден 2021 жылы 3 трлн 834,5 млрд теңгеге дейін, яғни 2,9 есе өсті. 8 жылдағы динамиканы алсақ, тіпті дағдарысқа қарамастан, жыл сайын орта есеппен 114,3%-ға қарқынмен артуда. Егер ауыл-ауданның осынша қаражатының үлкен бөлігі өзіне қалдырылса, дамуына қуатты серпін берілуі ықтимал. Әрине, бұл ретте әкімі қырсыз, тұрғындары кержалқау, бизнесі шатқаяқтаған ауыл-ауданның кірісі азаймаса, артпағаны белгілі.

Қалай болғанда, Үкімет шағын және орта бизнес түсімдерін жергілікті бюджеттерге беруге ден қойды. 2020 жылы жергілікті әкімдіктер ШОБ-тен 482 миллиард теңге жинады. Бұл жоспардан едәуір асып түсті: кірістер болжамында 386 млрд теңге түседі деп жоспарланған. Былтырғы 2021 жылы ШОБ-тан КТС бойынша түсімдер 1,7 есе (!) асыра орындалды. Болжам 428,8 млрд теңге болса, жиналған түсім 732,3 млрд теңгеге жетті.

Ендеше қай ауыл-ауданның "миллиардер" болатыны әкімінің бизнесті дамыта алу қабілетіне байланысты болмақ. Ал басшы жақсы болуы үшін елде әкім сайлауы енгізіліп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу