Бизнесмендер шенеуніктерге бақылау қызметін жаппай жойғызуға қол жеткізді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1876

Ел үкіметі келесі жылы кәсіпкерлерге қарай ірі әрі маңызды қадамдар жасайтыны туралы аңдатпа жасады.

Бизнесмендер шенеуніктерге бақылау қызметін жаппай жойғызуға қол жеткізді

Бұл қадамдар қолданыстағы заңнамаға шамамен 1000 түзету енгізуді, бір лекпен 1 мың 100-ден астам шенеунікті жұмыстан босатуды және басқа да ғаламат өзгерістерді қамтиды.

Үкіметтің сендіруінше, сондай-ақ жаңа жылда бизнестің өндірістік емес шығындарын ауқымды түрде қысқарту қамтамасыз етілетін болады. Бұл жаңалықтардың егжей-тегжейі үкіметтің бүгінгі отырысында мәлімделді.

Жиында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұсауын кесті.

Құжат "мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау", "өзін-өзі реттеу институтын дамыту", "бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және жою", "бизнес шығындарын жаппай төмендету", "бизнесті қолдау шараларын дамыту", "Doing Business" рейтингіндегі Қазақстанның орнын жақсарту" және тағы да басқа бағыттарда кең құлашты шараларды көздейді. Заң жобасы арқылы қолданыстағы 13 кодекске және 103 заңға 1000-ға тарта түзетулер енгізіледі.

Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген бұл жоба барлық мемлекеттік органдармен және "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен келісілген екен.

"Мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау қызметiне кең ауқымды тексеру жүргiзу мақсатында арнаулы жұмыс тобы құрылып, оған бірінші вице-премьер Асқар Мамин төрағалық еттi. Жұмыс нәтижесі көрсеткендей, мемлекет жүргізген реформаларға қарамастан, бизнеске бақылау-тексерістер жүктемесінің сақталып отырғандығы айқындалды. Осыған орай, заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – алдын-ала бақылауды енгізу болып табылады. Мұндай реформа инспекторлар мен тексерушілердің мінез-құлқын қазіргі "анықтау және жазалау" саясатына негізделген сипаттан "құқық бұзушылықтардың алдын-алу және ескерту" саясатын қолдану бағытына қарай өзгертуі тиіс" – деді бас экономист.

Қарапайым тілмен айтқанда, тексеріс нәтижесінде бизнесменнің заң бұзғаны анықталса, ревизорлар оның басын қазіргідей бірден сотқа сүйремейді, енді алдымен сол бұзушылықты жоюға уақыт берулері тиіс.

Осыған орай "қайталануына және тиімділігінің болмауына байланысты" қазіргі бар бақылау саласының 114-інің 27-сі және қадағалау саласының 18-інің 3-еуі жойылатын болады.

Атап айтсақ, инвестициялар және даму министрлігіндегі "ревизорлар" – "жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшарт шарттарына сәйкес, үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты меншік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласын" бақылаудан, әділет министрлігі – "нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялау саласындағы" бақылаудан, мәдениет және спорт министрлігі – "спорт объектілеріне техникалық қызмет көрсету, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы сақтау жөніндегі стандарттарды, ережелер мен нормаларды сақтау саласын" бақылаудан, денсаулық сақтау министрлігі – "халыққа жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және өткізу саласындағы" бақылаудан айырылады.

Мұның сыртында, ауыл шаруашылығы министрлігінің "жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы", "орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру саласындағы", сондай-ақ "ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы" қадағалау функциялары жойылады.

"Заң жобасы мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау функцияларының ішінен мемлекет пен тұтынушы қауіпсіздігіне қауіп-қатерге байланысты емес әрі қайталанатын 165 функциясын қайта қарауды қарастырады. Тиісінше, соған қызмет еткен штаттық сан да оңтайландырылады. Бұл ретте тексеруші мемлекеттік қызметшілердің 1 мың 137 бірлігін қысқарту ұсынылды", – деді министр Тимур Сүлейменов.

Ол осы қысқартулардың қай салаларды қамтиды деп күтіліп отырғанын да мәлім етті: ауыл шаруашылығы министрлігінде – "аң аулау мен балық шаруашылығын басқару үшін жеке және заңды тұлғалардың келісім-шарт талаптарының орындалуын бақылау", денсаулық сақта министрлігінде – "халыққа профилактикалық егулерді енгізуді бақылау", "Қазақстанда тіркелген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасын бағалау", еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде – "жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауының толықтығы мен сенімділігін, сондай-ақ жұмыс берушіні хабардар ете отырып, арнайы киім үлгілерін, пайдаланылған немесе өңделген материалдар мен заттардың үлгілерін талдау және тиісті құралды әзірлеу", мәдениет және спорт министрлігінде – "спортта допингке қарсы шараларды жүзеге асыруға бақылау жасау, сондай-ақ лицензиатқа тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық, ғылыми және қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруға берілген лицензияның талаптарын сақтау" салалары аталды.

"Кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша 30 497 талаптың 17 654-і немесе шамамен 50%-ы қысқартылады. Мұнда тек халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы талаптардың 85%-ы, өрт қауіпсіздігі саласында 72%-ы қысқарып кетеді. Уәкілетті органдардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 41 тармақтары бойынша әкімшілік істер қозғауға қатысты баптар мен құзырлары жойылады", – деді ұлттық экономика министрі.

Түсіндіре кетсек, әр саладағы меморгандар мысалы, "энергияны өндіру мен беруді жүзеге асыру кезінде энергетикалық ресурстардың, судың тікелей шығындарын болдырмау бойынша міндеттемені орындамады", "энергия ресурстарын есепке алу үшін тиісті құрылғылармен және жылуды тұтынуды реттейтін автоматтандырылған жүйелермен жабдықталмаған энергия ресурстарын тұтынатын жаңа объектілерді іске қосты", "санитарлық-эпидемиологиялық және қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық талаптарды бұзды" сияқты сылтаулармен кәсіпкерге қарсы іс қозғай беретін. Енді бұған тыйым салынбақ.

"Барлық аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2018 жылға дейін тексерулердің жалпы саны 30%-ға азаяды. Бұлар саны 70 мыңнан аспайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы 101 мың тексеру тіркелді. 2020 жылға қарай тексерулер саны тағы 10%-ға азаятын болады", – деді Тимур Мұратұлы.

Бизнеспен айналысатын іскер жандар шенеуніктердің өздерін қаптаған ақпараттық ресурстар мен базаларға тіркелуге міндеттейтініне шағымданады. Олардың біразы ақылы: абоненттік тіркелу негізінде  жұмыс жасайды. Алда бұл салада да "гильотина" әдісі қолданылып, басыартықтары түп-тамырымен жойылады.

"Бизнестегі ең салмақт жүктемелердің бірі – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кездейсоқ және бақылаусыз енгізетін көптеген ақпараттық құралдары болып табылады. Түгендеу нәтижелері бойынша бизнеске таңылатын 1600-ден астам ақпараттық талаптар анықталды, олардың көпшілігі бірін бірі қайталайды. Сондай-ақ олар тек бақылау функцияларымен немесе мемлекеттік статистикалық есептілік нысандарымен байланысты", – деді ұлттық экономика министрі.

Сондықтан енді ақпараттық ресурстарға да реформалау жүргізіледі. Осы мақсатта Кәсіпкерлік кодексі мен салалық заңдарға біраз түзетулер енгізіледі. Ол бойынша бұдан былай мұндай "шенеуніктік ақпараттық құралдары" (информационные инструменты) тек заңдарда тікелей көрсетілген негізде және жағдайларда ғана іске қосылатыны бекітіледі. Яғни, қандай да бір бизнеске ұсынылатын ақпараттық ресурстың аса қажеттігін меморган басшылары парламент алдында дәлелдеуге мәжбүр болады. Өз бетінше іске қоса алмайды.

Бұған қоса қолданыстағыларының саны оңтайландырылады.

"Бұл жерде "гильотина" әдісінің көмегімен осындай ақпараттық құралдардың санын 30%-ға қысқарту және олардың толық тізімін белгілеу жоспарлануда", –  деді Тимур Сүлейменов.

Ол Қазақстандаңы "рұқсат беру жүйесін" одан әрі оңтайландыру және оңайлату бағытындағы жұмыстар да тереңдетілетінін баяндады.

"Өткен жылы рұқсаттардың 50%-ға дейінгісін қысқарту бойынша реформа жүргізілді, соның нәтижесінде 708 рұқсаттама саны 316-ға дейін қысқартылды. Сондай-ақ, біздің тарапымыздан бірқатар рұқсат беру жүйесі тексерілді және қолданыстағы заңнамамен толық реттелмеген, табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының құзырына басыбайлы тапсырылған 69 рұқсат беру тетігі анықтады. Осының бәрі кәсіпкерлер үшін белгілі бір қиындықтар тудырады және олардан операциялық шығыстарды талап етеді. Осыған байланысты "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады", – деді министр.

Ол бойынша аталған рұқсат құжаттарын енгізу және кейіннен беру процедуралары регламенттеледі. Табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының заңнамаға жеке қосымшасы ретіндегі рұқсаттар тізімі бекітіледі.

Мысал үшін айта кетсек, "Қазавтожол" ұлттық компанниясы тек жолдар салу мәселесімен шектелмейді, ол сондай-ақ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сыртқы, көрнекі жарнамаларын орналастыруға рұқсат береді. Ал энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарын ақылы түрде береді. Магистральдық теміржол желісінің операторы болса, рұқсат беру процедурасы болып табылатын жүк тасымалдау жоспарын ақылы үйлестіреді. Енді жемқорлар қоректенер жемсау қызметін атқаруы мүмкін қосымша рұқсат берулердің қаншалықты орындылығы бағаланбақ.

"Ең бастысы, заң жобасында бизнес шығындарын алдын-ала қысқартуға бағытталған түзетулер блогы – 80 шара бойынша 50-ге жуық түзетулер бар. Осы ұсыныстарды әзірлеу үшін түрлі салалардағы бизнес-өкілдерді тарта отырып, сондай-ақ өңірлерде сауалнама жүргізу арқылы сараптамалық және талдамалық жұмыстар жүргізілді. Ұсынылатын шаралар жалпы және нақты салаларда бизнестің шығындарын қысқартуды көздейді", – деді министр.

Атап айтқанда, заңда табиғи монополиялар субъектілерінің инженерлік желілеріне қосылу үшін қажетті техникалық шарттарды алу секілді бизнестің ең өзекті мәселелерінің бірі шешімін таппақ.

Бұл жерде техникалық шарттарды беру тәртібі, кезеңдері мен мерзімдері заң деңгейінде реттеледі. Сондай-ақ бұл қызметті енді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) немесе "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алу мүмкіндігі кәсіпкерлерді қуантып отыр.

Жаңа заң күшіне енген соң, табиғи монополиялар субъектілері "бос және қолжетімді қуаттардың барлығы туралы", сонымен қатар реттелетін коммуналдық қызметтердің инженерлік коммуникация схемалары туралы ақпаратты өз интернет-ресурсында немесе уәкілетті органның веб-сайтында тоқсан сайын жариялап тұруға міндеттеледі.

Заң жобасының ынталандырушы тетіктері де бар. Мәселен, кейбір салықтар мен алымдар ставкалары төмендетіледі. Нақтырақ айтсақ, отандық көлік құралдарын Қазақстан аумағынан шығару үшін қарастырылған алымдар мөлшерлемесінің 3-тен 1 АЕК-ке дейін азайтылмақ. Бұл шара қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

"Бизнеске салықтық жүктемені төмендететін тағы бір шара жүктің нақты жүктемесінің рұқсат етілген мөлшерден асып кету шкаласының өзгеруі болып табылады, бұл жүк тасымалдаудың өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді. Осы екі шараны ғана жүзеге асырудың өзі бизнес шығындарын 2,7 млрд теңгеге қысқартады", – деді Тимур Сүлейменов.

Бұдан өзге, еліміздегі іскерлік ахуал мен Қазақстанның Дүниежүзілік банктің "Doing business" рейтингісіндегі орнын жақсарту бойынша жүйелік жұмыстарды жалғастыру аясында, Заң жобасы "Doing business" рейтингісінің он индикаторы арасынан жетеуі бойынша бірқатар реформаларды қарастырады. Олардың ішінде: "Кәсіпорындар ашу", "Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету", "Құрылыс салуға рұқсат алу", "Миноритарлық инвесторларды қорғау", "Өтеу қабілетсіздігіне рұқсат", "Несиелер алу", "Меншікті тіркеу" бар.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, осы мыңға жуық түзетулердің бір бөлігі "жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясын әділет органдарынан ХҚКО-ларды басқаратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына беруді" көздейді.

"Әділет органдарында осы саланы нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету, бақылау және мемлекеттік саясатты жүргізу функциясы сақталатын болады. Біздің байламымызша, жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша функцияны мемкорпорацияға беру біріншіден, арыздарды қабылдау, қойылған қолдарының растығын тексеру, тіркеу үшін төлем мен меншік құқығын тіркеу рәсімдерін біріктіру жолымен олардың жалпы санын қысқартуға, екіншіден,  тіркеуге кететін уақытты қысқартуға, үшіншіден, азаматтар мен бизнес – құрылымдардың жылжымайтын мүлікті тіркеу мен рәсімдеу кезіндегі шығыстарын қысқартуға, төртіншіден, жылжымайтын мүлік саласында барлық қолданыстағы кадастрлары орталықтандырылған ақпараттық жүйені құруға, ал бесіншіден, жылжымайтын мүлік электрондық мұрағатын құруға мүмкіндік береді", – деді Марат Бекетаев.

Сонымен бірге, оның айтуынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін мемлекеттік алымды жою ұсынылып отыр.

"Мемлекеттік алым өз кезегінде мемкорпорацияның есебіне түсетін төлемге ауыстырылады, бұл ақпараттық жүйелерді дамытуға, жақсартуға, электрондық мұрағатты жасауға және әкімшілік тұтынуға бағытталады. Бұл ретте жергілікті бюджеттің шығынын жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша әділет органдарына көзделген республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен толықтыру жоспарлануда", – деді әділет министрі.

Ал "Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бұл түзетулерді бизнес пен билік органдарының бірлескен жұмысының "үлкен нәтижесі" деп бағалады.

"Ең бастысы, меморгандар кәсіпкерлерді жазалаушы шаралардан сол жазаны болдырмауға көшеді. Яғни, барлық кәсіпкерлерге адал болуға шақыратын жақсы үндеу тасталып отыр. Енді қадағалаушы-бақылаушы органдар бас прокуратурамен бірлесіп, осы үндеуді орнықты "ойын ережесіне" айналдыруы керек. Бізде тексерістер бойынша "көшбасшылар" соңғы бес жылда өзгерген жоқ, олар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өртке қарсы қызмет, салықшылар. Енді осылардың бақылау-қадағалау функциялары бойынша ең үлкен – 70-80 пайыздан астам қысқартулар жүреді. Ендеше, бұл бизнеске түсетін қысымның азаюына ықпал етеді", – деді Абылай Мырзахметов.

Өз кезегінде үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне премьер-министр кеңсесімен бірлесіп, президент әкімшілігімен заң жобасын бекітіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін оны парламентке өткізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Осыған орай, ол өз орынбасары Асқар Жұмағалиевке, ұлттық экономика министрлігіне және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, қараша айының соңына дейін "бір терезе" режимінде шағын және орта бизнеске арналған цифрлық платформа жұмысын бастауды тапсырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу