Бозшакөл мен Ақтоғай жоспарды орындады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5715

KAZ Minerals үш айда 67,3 мың тонна мыс өндірді.

Бозшакөл мен Ақтоғай жоспарды орындады

KAZ Minerals тобы 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 67,3 мың тонна мыс өндірген екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда 3%-ға артық. 2017 жылдың IV-тоқсанында компания 65,2 мың тонна мыс өндірген болатын. Сондай-ақ, осы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 29%-ға көп. 2017 жылдың алғашқы үш айында KAZ Minerals тобы өндірген мыс көлемі 52,1 мың тоннаға тең болған еді.

Бірінші тоқсандағы оң тенденцияға Бозшакөл және Ақтоғай кен байыту комбинаттарындағы өндіріс көлемінің артуы әсер еткен. Мәселен, Павлодар облысының аумағында орналасқан Бозшакөл кен байыту комбинаты І-тоқсанда 26,9 мың тонна мыс өндірген. Комбинаттағы мыс өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға артқан. Жалпы, 2018 жылы мыс өндірісі 270-300 мың тонна көлемінде болады деп көзделген.

Мұндағы алтын өндірісі де (29%-ға) артып отыр. Алғашқы тоқсанда комбинаттан 36 мың унция алтын алынған. Ал өткен жылдың IV-тоқсанында өндірілген алтын көлемі – 27,9 мың унция. Жалпы, биыл алтын өндірісінің көлемі 115-125 мың унция көлемінде болады деп жоспарланып отыр.  

Бозшакөлдегі кен қазу көлемі 37%-ға ұлғайып, 8,136 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі тоқсанда 5,952 млн тоннаға тең болған еді. Қазылған кенді кен байыту фабрикаларында өңдеу көлемі 10% өсіп, 6,674 млн тоннаға жетті. Өткен жылдың IV-тоқсанында 6,06 млн тонна кен өнделіпті.

Осы жылдың екінші және төртінші тоқсандарында Бозшакөлдегі диірмендердің қаптамасын ауыстыру жоспарда тұр.  

Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан Ақтоғай кен байыту комбинатында бірінші тоқсанда сульфидті және оксидті кендерден 26,4 мың тонна мыс өндірілді. Аталған көрсеткіш 2017 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда 2%-ға, ал бірінші тоқсанымен салыстырғанда 122%-ға артық.

"Сульфидті кеннен мыс өндіру бірінші тоқсанда 21,1 мың тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың IV-тоқсанында өндірілген 19,3 мың тоннадан 9%-ға артық. Өндірістің өсіміне кендегі мыс мөлшерінің жоғарылығы оң әсер етті. Осы жылы сульфидті кеннен 90-105 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр", – делінген KAZ Minerals тобының 2018 жылдың І-тоқсанындағы ресми есебінде.   

Ал қаңтар-наурыз аралығында оксидті кенен 5,3 мың тонна катодты мыс өндірілген. Аталған көрсеткіш 2017 жылдың соңғы тоқсанындағы деңгейден (6,7 мың тонна) төмендеу. Компанияның хабарлауынша, өндіріс көлемінің төмендеуі маусымдық сипатқа ие. Атап айтқанда, алғашқы тоқсанда қысқы ауа температурасы ең төменгі деңгейге жеткен. Бұл өз кезегінде өндіріске кері әсер еткен. Десе де, қаңтар-наурыздағы көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық. Биыл оксидті кеннен 20-25 мың тонна катодты мыс алынады деп күтілуде.

Шығыс Қазақстан облысындағы "Шығыс түсті метал" ЖШС-ге қарасты кәсіпорындарда және Қырғызстандағы Бозымшақ кенішіндегі мыс өндірісі азайған. Нақтырақ айтсақ, өндіріс 16%-ға төмендеп, 14 мың тоннаны құрады. Николаев кен байыту фабрикасы жоспарлы түрде 50 күнге тоқтатылған. Өз кезегінде бұл жағдай өндіріс көлемінің төмендеуіне алып келді. Аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін 65 мың тонна мыс өндіруі қажет.    

"Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті фабрикалардың арқасында алғашқы тоқсандағы өндірістік өсім ойдағыдай болды. Біз биылғы жоспарды орындау үшін барымызды саламыз", – дейді KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу