COVID-19-бен өткен бір жыл

9879

Коронавирус эпидемиясы былтыр басталса да, оның ғылымға беймәлім тұстары әлі де жеткілікті. 

COVID-19-бен өткен бір жыл

Қытай коронавирустың тарап жатқанын алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 2019 жылы желтоқсанның 31-інде хабарлады. Сол кезде қауіпті инфекция пневмонияның жаңа штаммы деп сипатталды және оның атауы да жоқ еді.

Арада екі апта өткенде Қытай ғалымдары вирустың геномын анықтаса, 11 айдан соң, оған қарсы вакцина адамдарға салына бастады. Бұған дейін бірде-бір екпе мұнша жедел жасалмаған екен.

Зерттеушілердің сөзінеше, біз коронавирус жайлы көп нәрсеге қанықпыз. Бірақ бір жылда 81 млн-нан астам адамға жұғып, 1,7 миллионның өмірін жалмаған COVID-19 турасында білмейтініміз де көп екен.

Коронавирус қайда пайда болды?

Қазір әлем елдері тиімді вакцина жасау жолында жанталасып жатқанда, бір мәселе қоғам назарынан мүлде тыс қалды: бұл вирус қайдан пайда болды?

COVID-19 шығу тегі шым-шытырық және түрлі астыртын теорияларға толы. Алғашында оның тарауын Уханның жабайы аңдар базарымен байланыстырғандар кездесті.  Алайда әйгілі Lancet журналының қаңтарда жарияланған мақаласына жүгінсек, бірінші пациенттердің үштен бірінің аталған сауда орнына ешқандай қатысы болмаған.

Кейбіреулер, солардың ішінде АҚШ президенті Дональд, коронавирус Уханның зертханасынан қашып кетті-ау деген болжам айтқанды. Бірақ ғалымдар оның жабайы табиғатта өрши бастағанына бұлжымас дәлел бар деп отыр.

Өзге бір зерттеулер бұл вирустың 2019 жылдың желтоқсанында-ақ Құрама Штаттар мен Еуропаға тарап кеткенін алға тартса, Қытай ақпарат құралдары бірде коронавирус Қытайдан тысқары жерде пайда болса керек деп хабарлады.

Осы тақылеттес теориялар көп болғанымен, ғалымдар келісетін бірнеше жайт бар. COVID-19 – тұмаудан бастап, атиптік пневмонияға дейінгі талай ауруды туындататын коронавирустың бір түрі. Оны жарқанаттар таратуы мүмкін және де зерттеушілердің көбі жаңа инфекция алғаш рет Қытайда адамға жұқты деп есептейді. Себебі дәл осы мемлекетте  коронавирусқа шалдыққан бірінші науқастар анықталды.

"Дегенмен әлі күнге дейін бұл вирустың қай жерде алғаш рет адамға жұққанын және ол панголин тәрізді жануарлар арқылы тарады ма деген сауалға нақты жауап тапқан жоқпыз", – дейді Роучестер технологиялық инситутының биолог-ғалымы Маурин Ферран "Си-эн-эн" телекомпаниясына берген сұхбатында.

Неліктен бұл вирус кейбір адамдарға көбірек әсер етеді?

COVID-19 алғашында респираторлық ауру ретінде айқындалды. Алайда бірнеше айдан кейін оның өзге де симптомдары көріне бастады. Кейбіреулер лоқсыса, ендігі бірінің іші өтіп, тырақтарының түсі өзгеріп, миы зақымданған. British Medical Journal басылымының тамызда жарияланған зерттеуіне жүгінсек, коронавирус жұқтырған пациенттердің 10 пайызға жуығы 12 аптадан астам уақыт бойы науқастанып жатқан.

Ғалымдар  коронавирустың әсері қанша сақталатынын әлі толық білмейді. Сонымен қатар, олар кейбір адамдардың өзгелермен салыстырғанда неліктен көбірек зардап шегетінін түсіндіре алмай отыр. Медцина мамандарының ойынша, кейбірлердің басқаларға қарағанда бұл дерттен тез айығуына адамдар генетикасының алуандығы себепші болуы мүмкін.

Коронавирус қалай тарайды?

Қаңтарда Қытай коронавирустың адамнан-адамға тарайтынын растаған еді. Бірақ арада жыл өтсе де, бұл процестің нақты қалай жүзеге асатыны беймәлім.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, вирус жөтелгенде, түшкіргенде бір-екі метрге шашылатын тамшылар арқылы тарайды. Сондықтан оны өзгелерге жұқтырмау үшін маска таққан жөн. Дегенмен, өзге бір ғалымдардың сөзінше, коронавирус ауада бірнеше сағат бойы қалықтап жүріп, үлкен кеңістікке жылжитын аэрозольдармен да тарайды.  Сол үшін маскаға қарағанда, жабық кеңістіктегі ауаның тазалығына көбірек мән берген дұрыс.

Тағы бір белгісіз жайт: балалар пандемияға қаншалықты шалдығып жатыр? Егер олар инфекция жұқтырмайтын болса, мектептерді жапқаннан қандай пайда деген сауал туындайды.

Иммунитет қаншаға жетеді?

Биыл тамызда Гонконг университетінің ғалымдары 4 жарым ай бұрын коронавирустан емделген 33 жастағы азаматтың осы инфекцияны қайта жұқтырғанын хабарлады. Дегенмен, зерттеулерге қарағанда, бұл - өте сирек кездесетін оқиға, ал бір мәрте ауырғандардың 99 пайызы жарты жылға дейін коронавирусты екінші рет жұқтырмауы мүмкін. Сонда иммунитет қаншаға жетеді? Жауапсыз сауал. Себебі коронавирус адамзатпен бір жыл ғана бірге.

Пандемия қашан аяқталады?

Бүгінгі ең өзекті мәселелердің бірі: пандемия қашан аяқталады? Әлем жұртшылығы қазір вакциналарға зор үміт артып отыр. Бірақ сол екпелер проблеманы тез шешеді дегенге күмән бар. Өйткені  планета тұрғындарының басым бөлігін вакциналау үшін жылдар кетуі мүмкін. Бұған қоса, кейінгі кездері дүниежүзінде жүргізілген сауалнама қорытындыларына қарағанда, адамзат түгелдей екпе салдыруға келіспеуі мүмкін және де вакцина коронавирустан 100 пайыз қорғайды дегенге кепілдік жоқ.

Бүкіл әлем иммундалғанымен вируспен бәрібір бірге өмір сүруге тура келуі мүмкін. Себебі адамзат тарихында бір індет қана екпенің екпінімен толық жойылды. Ол – оспа немесе шешек ауруы.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу