Даудың басы – қара жер

3752

Қолданыстағы Жер кодексі бүкіл бір облыстың жерін жекеменшікке алуға да мүмкіндік береді, дейді заңгерлер.

Даудың басы – қара жер

Жер кодексінің кейбір ережесі заңгерлер үшін де түсініксіз. Бүгінгі күннің шынайы болмасына жанаспайды. Тіпті, кейбір бабы еріксіз жемқорлыққа итермелейді. Бірнеше жыл қатарынан Парламентте және осы жазда қалың жұртшылықтың толқуынан кейін құрылған Жер комиссиясында сарапшылық қызмет атқарған заңгер Бақытжан Базарбек осылай деп мәлімдейді.

Бұл пікірін ол Алматы кәсіпкерлер палатасында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру үшін шағын бизнес өкілдерімен өткен семинар барысында естіртті.

Жер кодексі жерге, оны жалға алу, пайдалануға қатысты көптеген мәселені шешіп бере алмай отыр. Мысалы, заңның 43-бабы 6-тармағы бойынша жер теліміне ие болу үшін жер комиссиясының шешімі шығарылуы қажет. Осындай шешіммен әкімге барған кәсіпкер тауы шағылып, қайтып жатады.

Өйткені, заңда Жер комиссиясының мәртебесі, құзыры жан-жақты айқындалып бекітілмеген. Ал, кәсіпкер атқарушы билікті сотқа берген жағдайда, сот осы заңның 21-бабына сүйенеді. Онда жер телімін алу үшін мемлекеттік орган қабылдаған акт, яғни әкімнің шешімі қажет деп анық жазылған.

Міне, екі ұдай түсінік беретін, қарама-қайшылықтарға толы заң кәсіпкерлердің аяғына оралып, шенділердің "бармақ басты, көз қыстысына" жол ашып отыр. Ал, аукцион арқылы жер теліміне қолы жеткендер тағы да құралақан қалып, қаржысы "далаға" кетіп жатады.

Кодексте бөлінетін жер теліміне инженерлік желілердің тартылуы туралы міндеттелген. Алайда, егер ондай желілер тартылмаған болса, оған қосылатын орынды көрсетіп беруі керек деген "бұлғақ жолы" тағы бар. Жергілікті билік көбіне осылай бұра тартып жатады да, бұл мәселе айдан айға созыла береді. Ал, жалға алу уақыты барған сайын қысқара түсетін кәсіпкер шарасыз.

Электр желісін тарту үшін кәсіпкердің өз қалтасынан қаражат шығарып бірнеше шақырымға бағаналар орнатуға мүмкіндігі шамалы. Айына бірнеше миллион теңге жер теліміне төлейтін жал ақысы тағы бар. Әкімдік болса, оның жалдау мерзімі аяқталып келе жатқанын ескертіп қояды. Өйткені, заңда жер телімін мақсатсыз пайдаланса, тіпті болмаса пайдаланбай бос қалдырса, әкімнің оны қайтарып алу тетігі қарастырылған. Ал, кәсіпкерді қорғайтын баптар жоқ. Сонымен, үмітін үкілеп, пайда тапсам ба деген іскер жанның бар күш-жігері бекерге жұмсалады.

Орман өсірсем деген кәсіпкерді де тұтқиылдан тосып алатын қауіп-қатер де жетерлік. Мұнда да сол – заң шаруашылық қарым-қатынастарды тіршілікке сай жүретіндей реттеп бере алмай отыр. Орман отырғызған адам пайда табу үшін 10 жыл уақытын бағын баптаумен өткізеді.

Сол кезде Кәсіпкерлік кодексімен "қаруланған" әкімнің ол өсірген орманды оп-оңай тартып алар құзыры асып-артылатын болып шығады. "Жеріңнен қоқыс табылды" деген тәрізді "тырнақ астынан кір тапқан" сылтаулар бар, әкімшілік бұғауын сала отырып, бір тиын шығынының орнын толтырып берместен, кәсіпкерді "түксіз" қалдыруы әбден мүмкін.  

Қарапайым қазақ үй салу үшін, кәсіпкер бизнес жобасын іске асыруы үшін қол жеткізе алмай жүрген жердің мыңдаған гектары әкімдердің қолына оп-оңай өте береді. Заңгер Бақытжан Базарбек Жер кодексін қолдана отырып, бүкіл бір облыстың жерін жекеменшікке шығарып алуға да болады дейді. Оның бар тетігі жергілікті биліктің қолында. Заңгер бұл мәселені Парламент қабырғасында да ашық айтқан екен.

Бірақ, депутаттар ол "жабулы қазанның жабуын" ашпауды өтініпті. Сонда не болғаны? Ел үшін шешілмейтін "негесі?" көп жердің егесі кім? Ал, заңда кімнің кіммен "жең ұшынан" қалайша жалғасып жатқанын анықтап, оған жол бермейтін баптар қарастырылмаған. Соның салдарынан, күмәнді әдістермен ірі жер иеленуші болып шыға келетіндер бар.

"Бұл бір алынбас қамал іспетті. Ешкімге бой бермейтін бір батпан күштер бар", дейді Бақытжан Базарбек. Бұлайша кереғар түсінік тудырып отырған заңның 50-бабы 4-тармағын ел болып жабыла өзгертуге күш салу керегін жасырмады.

Жерді пайдалану құқы заңда анық жазылмаған. Мұндай олқылықтар атқарушы биліктің "игілігіне" асып жатыр. Жер телімін алуға тұрған кезектің жылжуын да, кімге қандай жер беретінін де әкімнің жеке өзі шешеді.  Нәтижесінде, жеке жерге ие болған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер тіптен аз. Алматы маңындағы ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тек 1%-ы ғана жеке қолда көрінеді. Қолданыстағы шаруашылық алқаптарының 91%-ы уақытша жалға берілген.

Жыл сайын ұрандата көтеріліп, нәтижесіз аяқталып жататын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес таза науқанға айналған. Жалпы жұрт күле қарап, кәсіпкер жүре тыңдайтын жағдайға жеткен. Ал, бүгін ашық айтылғаны – "балық басынан шіриді". Яғни, заңдардың қайшылығы. Ел тіршілігін анықтап береді деген маңызды заңдық құжаттардың аз ғана топтың мүддесін қорғап кеткені туралы.

Заңгер Бақытжан Базарбек осында айтылған ұсыныстарды жинақтап, Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасының көмегімен Парламентке тапсыру керек дейді. Оны семинарға қатысушылар қолдап, жақын күндері ол ұсыныстар дайындалатын болды.  

Асхат Асан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу