Депозит пен несие нарығы жеке тұлғалар есебінен өсуде

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3684

2018 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша, банктерге салынған депозит те, алынған қарыз да көбейгенімен, заңды тұлғалардың көрсеткіші төмендеп кеткен.

Депозит пен несие нарығы жеке тұлғалар есебінен өсуде

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" Заң жобасын ҚР парламентінің сенатында қарау кезінде жасаған баяндамасында мемлекеттің ақша-кредит және фискалды саясатын үйлестіру экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін айтты.

Бас банкир заң жобасының негізінде жатқан ел экономикасы дамуының нақтыланған болжамдарын Ұлттық банк пен үкімет бірлесіп келістіп, Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының ағымдағы өзекті аспектілері туралы айтты. "Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жалғастыруда және теңгенің айырбастау бағамының еркін режимін ұстауда. Ұлттық банктің негізгі басымдығы – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Ұлттық банктің шаралары жылдық инфляцияны белгіленген дәлізде ұстап тұруға бағытталған", – деді Ақышев.

Ақыштың айтуынша, биылғы жылғы наурызда жылдық көрсеткіш бойынша инфляция 6,6% болды. Бұл көрсеткіш белгіленген жылдық 5-7% дәлізіне сәйкес. Бірінші тоқсанда аталған көрсеткіш 1,8% болды. Былтыр инфляция қазіргіден әлдеқайда жоғары болған еді.

"Халықтың инфляциялық күтуі төмендеуде. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша бір жыл алға күтілетін инфляция 2017 жылғы желтоқсандағы 7,1%-дан 2018 жылғы наурызда 5,8%-ға дейін азайды. Орта мерзімді перспективадағы қолайлы үрдістер мен болжамдар ақша-кредит саясатын жеңілдетуге ықпал етті", – деді Ұлттық банк басшысы.

Заңды тұлғалар несие алуды азайтты
"Бірінші тоқсанда несие және депозит нарықтары бойынша деректер оң үрдістерін сақтап қалды. 2018 жылғы қаңтар-наурызда банктер экономиканы несиелендіруді өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 23%-ға, яғни 2,7 трлн теңгеге көбейді. 2018 жылғы наурыздың соңында экономикадағы несиенің көлемі 12,6 трлн теңге болған еді", – деді Данияр Ақышев.

Бас банкирдің айтуынша, 2018 жылғы наурызда заңды тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 0,2%-ға, 7 991,8 млрд теңгеге дейін, жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі 0,8%-ға, 4 574,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық валютамен берілген қарыз көлемі бір айда 0,7%-ға, 9 409,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген несие 0,4%-ға, ал жеке тұлғаларға берілген несие 1,1%-ға ұлғайды.

Шетел валютасымен берілген несие көлемі 1,4%-ға, 3 156,8 млрд теңгеге дейін азайды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие 1,1%-ға, жеке тұлғаларға берілген қарыз 4,2%-ға азайды.

Ұзақ мерзімді қарыздар көлемі бір айда 0,1%-ға, 10 671,1 млрд тенгеге дейін азайды, ал қысқа мерзімді несиелер көлемі 1,8%-ға, 1 895,2 млрд теңге дейін өсті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру 0,1%-ға, 2 716,8 млрд теңгеге дейін (экономикаға берілген несиенің жалпы көлемінен 21,6%) азайды.

Салалар бойынша банктердің экономикаға берген қарызының ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 15,5%), өнеркәсіп (15,1%), құрылыс (7,2%), ауыл шаруашылығы (5,2%) және көлік (4,5%) сияқты салаларға тиесілі.

2018 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі – 12,8% (2017 жылғы желтоқсанда – 13,2%), жеке тұлғаларға  19,6% (19,2%) болды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 16 сәуірде базалық мөлшерлеме 9,25% біржақты мәнге дейін төмендетілген еді. Бұл биыл базалық мөлшерлеменің үшінші рет төмендетілуі.  

Бизнес те ақшаны теңгемен жинайтын болыпты
Ұлттық банк басшысы депозит нарығында долларсыздану процестерінің жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2018 жылғы наурыздың соңында 16 820,8 млрд теңге (бір айда қысқару 0,5%) болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 8 824,2 млрд теңгеге дейін 0,5%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 7 996,6 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға қысқарды.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 9 426,3 млрд теңгеге дейін 1,8%- ға ұлғайды, шетел валютасымен 7 394,5 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға қысқарды. Долларландыру деңгейі наурыздың соңында 44,0% (ақпанда – 45,2%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2018 жылғы наурызда 2,1%-ға, 5 361,0 млрд теңгеге дейін өсті, шетел валютасымен 4,3%-ға, 3 463,1 млрд теңгеге дейін (заңды тұлғалардың депозиттерінен 39,2%) қысқарды.

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 1,2%-ға, 4 065,2 млрд теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасымен 2,1%-ға, 3 931,4 млрд теңгеге дейін (жеке тұлғалардың депозиттерінен 49,2%) қысқарды.

Мерзімді депозиттер көлемі бір айда 0,5%-ға ұлғайып, 11 708,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 6 429,1 млрд теңге, шетел валютасымен 5 279,6 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,4% (2017 жылғы желтоқсанда – 8%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,6% (11,7%) болды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу