Қазақстанда әкімдерге екі жыл сынақ мерзімін белгілеу ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жуырда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек облыстар мен республикалық қалалардың әкімдерін тағайындалған күннен бастап екі жыл сынауды ұсынды. Осы аралықта шенділер жергілікті атқару билігінде өз жұмысын барынша көрсетуі тиіс, – дейді ол.
"Нәтиже болмаса – әкімдер жұмысының тиімсіздігі үшін қызметінен кетуі тиіс. Меніңше, біздің халық осындай тәсілді күтіп отыр", – деді мәжілісмен.
Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтен депутаттың ұсынысына қатысты ойын сұрадық.
"Нақты осындай критерий енгізілген жағдайда бұл бір жағынан әкімдердің жауапкершілігін арттырып, тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді деген сенім бар. Яғни, белгілі бір уақыт ішінде нәтиже көрсету талабын қою әкімдерді салғырттықтан арылтып, жұмысты ширата түседі деп күтуге болады. Мысал келтіретін болсақ, Қызылорда, Ақмола облысы әкімдерінің жұмыстары көрініп жатыр деп әлеуметтік желіде көп талқылануда. Жол салынып жатыр, Көкшетаудың жағалауына соңғы жылдары бірінші рет құрылыс жұмыстары жүргізілді деп айтылуда. Ал енді Ұлытау облысын алсақ, жергілікті халық ешқандай өзгеріс көрмей жатыр. Су, жол, экология мәселесі шешілмей келеді. Сондықтан да облыс әкімдерінің, республикалық деңгейдегі маңызды қала әкімдері арасындағы алшақтықты арылту үшін бәлкім осындай талап қойған жөн", – деді саясаттанушы.
Сарапшы бұл мәселеде ескеретін нәрсе бар екенін жасырмады. Айтуынша, сынақ мерзімі барысында басты макроэкономикалық көрсеткіштерге талап жеке-жеке қойылу керек.
"Яғни, өңірдің инвестиция көлемі қандай, жұмыс орындары қалай ашылды дегендей. Тек қана сан жүзінде емес, нақты осындай шкаламен есептелетін болса, онда бұл белгілі бір нәтиже беруі мүмкін. Ресми осындай әкімдердің мониторингін жасап, өңірлердің даму деңгейін есептейтін көрсеткіштер жоқ. Меніңше, мұндай талаптың қойылуы халық алдында, орталық билікке өз жұмысының қаншалықты тиімді екенін көрсетуге ұмтылуына мүмкіндік беруі мүмкін. Егер де осындай ашық бағалау жүйесі қалыптасатын болса, нәтижесіз жұмыс істейтін басшыларды дер кезінде ауыстыруға мүмкіндік туатын сияқты. Мұндай ұсыныс түптеп келгенде есептілік пен нәтижеге бағытталатын мәдениет қалыптастырады", – деп есептейді саясаттанушы.
Әкімдер сынақ мерзімінде ұзақмерзімді жобаларды бастауға тәуекел етпеуі мүмкін деген сөздер де айтылып жатады. Қазбек Майгелдинов бұл пікір орынды деп отыр.
"Белгіленген уақыт ішінде нәтиже көрсету талабы әкімдерді жедел табыс әкелетін, бірақ қысқа мерзімді жобаларға көңіл бөлуге итермелейді. Халықаралық тәжірибені қарасақ, саясаткерлер қысқа циклдар кесірінен инфрақұрылым сияқты ұзақмерзімді бастамаларды кейінге ысыруы жиі байқалады. Яғни, ауқымды жобалар шетке ысырылып, оның орнына жақын арада нәтиже беретін басымдықтар таңдалып жатады. Қысқа мерзімді жоспарланған көрсеткіштерге жету мәліметті жасанды көбейтуге әкелуі мүмкін.
Мысал келтіретін болсам, Қытайда жергілікті басшылардың мансабы көбінесе жалпы ішкі өнім сияқты көрсеткіштерге тәуелді болғандықтан, кейбір басшылары статистиканы қолдан көтермелейтіні байқалған. Қытайдың саяси жүйесі бізге жақын. Кезінде Кеңес үкіметі кезінде де жоспарлы экономика болған. Біз оның жағымсыз салдарын көрдік. Сондықтан екі жылдық сынақ мерзімі осы тәуекелдерді ескеруі керек. Ұзақмерзімді стратегиялық жобалар жоспардан шықпауы тиіс. Бағалау критерийлеріне осыны енгізуге болады", – деді ол.
Сарапшы көптеген дамыған елдерде жергілікті басшыларға тікелей сынақ мерзімі қойылмағанын айтады. Бірақ, мерзімінен бұрын қызметтен кету тетіктері қарастырылған көрінеді. Яғни, жергілікті сайлаушылардың халық сенімінен айырылған немесе тиімді жұмыс істемеген мэрді, губернаторды лауазымынан босатуға мүмкіндіктері бар.
Осы тұста "Облыс, қала және аудан әкімдеріне бірдей талап қою әділетті ме, әлде әр деңгейге жеке шарттар қажет пе?" деген сұрақ туындайды.
"Бірдей талаптар қоюға келсек, барлығына ортақ жауапкершілік енгізу әділетті. Өйткені, қала, ауыл әкім болсын, бәрі де – саяси қызметкерлер. Сондықтан ортақ қағида жүйенің тұтастығын қамтамасыз етеді. "Жұмыс істей алмасаң, орныңды босат" деген пайда болады", – деді Қазбек Майгелдинов.
Сынақ мерзімінде әкімдер популистік шешімге баруы мүмкін бе?
"Мұндай талап қою орталық билікке тәуелділікті арттырады. Оны жоққа шығара алмаймыз, өйткені әкімдер өз қызметінде биліктің көңілінен шығуды көздеуі ықтимал. Қазірдің өзінде республикалық бюджет трансферттеріне иек артатындар көп. Сынақ мерзімінде қызметтен айырылмау басты мақсатқа айналатын болса, әкімдер жаңашыл идея немесе тәуекелді қадамдар жасаудан гөрі, жоғарыдан берілген нақты жоспарды мүлтіксіз орындауға тырысатын болады. Яғни, орталықтың нұсқауларына қарсы өз бетінше бастама көтеру төмендейді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мәні әлсіреп кетуі мүмкін. Сондықтан мұны да ескерген жөн", – деді саясаттанушы.
Сарапшы популизм қаупі қазіргі таңда үлкен дерт екенін баса айтты.
"Орнын сақтап қалу үшін тырысатын әкімдер қысқа мерзімде популистік шешімдерге баруы мүмкін. Халықтың көңілінен шығатын, қолдауға ие болатын, адамдарды разы қылатын жобаларға баруы мүмкін. Бұл популистік сипаттағы қауіптерді ескеру керек. Өйткені оның алдын алу үшін бағалау критерийлерін барынша қамтамасыз ету керек. Түптеп келгенде сынақ мерзімі жүйесін енгізу – екіжақты жауапкершілік. Бұл бастама әкімдердің жұмысын жандандырады деп күтуге болады. Бірақ халықаралық тәжірибе көрсеткендей, есептілік пен ашықтық механизмі дұрыс қойылуы керек. Бағалау жүйесі де ашық болуы тиіс", – деп түйіндеді сала маманы.
Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, елімізде 17 облыс, 195 аудан, 90 қала, оның ішінде 3 республикалық маңызы бар қала, 29 кент бар. Сондай-ақ, ауылдық округтердің саны – 2 160, ал ауылдар – 6 179. Бұл аталған елдімекендердің әрқайсысында әкімдер бар деген сөз.
Республика бойынша ең көп аудандар саны - Ақмола облысында, ал облыстық маңызы бар қалалар мен кенттік әкім аппараттары Қарағанды облысында орналасқан.
Ақмола және Қостанай облыстарында ауылдық әкім аппараттары көп болса, ал Түркістан облысы ауылдық елді мекендердің саны жөнінен көш бастап тұр.