banner

Диқандардың иығына тағы бір жүк артылмақ

Жаңа заң 5000 серіктестіктің қалтасына салмақ салуы мүмкін.  

Диқандардың иығына тағы бір жүк артылмақ

Өткен күзде өсімдік шаруашылығында субсидияның жаңа түрі пайда болған. Бірақ оған диқандар аса қуанып отырған жоқ. Өйткені мемлекет өз мойнындағы міндетті шаруаларға ысырып отыр. Бұған дейін аса қауіпті аурулар мен зиянкестерді дәрілеу жұмыстарын мемлекет жүргізетін. Жаңа заң бойынша егінші өз алқабын өз ақшасына дәрілеп отыруы керек. Мемлекет ол шығынның жартысына субсидия төлейді. 

"Қазақстанның астық одағы" бірлестігінің жиынында осы мәселе егжей-тегжей талқыланды. Одақтың төрағасы Нұрлан Оспанов мұндай талап ұсақ фермерлердің тынысын одан әрі тарылтып, қоңыр тұрмысты қожалықтарды тәуекелге итермелейді деген қаупін білдірді.

"Статистика бойынша елдегі дәнді дақылдың 56%-ын, майлы дақылдың 53%-ын ЖШС ретінде тіркелген 5000 ұжым береді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұлар егін шаруашылығының орта табы деуге болады. "Әркім өз алқабын өзі ақшасымен дәрілеу керек" деген талап бәрінен бұрын осы құрылымдарды қиындықпен бетпе-бет қалдырады. Өйткені көбінің қалтасында артық ақша жоқ. Орта тап осындай пұшайман күйде отырғанда, ілдебайлап жүрген ұсақ қожалықтар туралы айтудың өзі артық. Заң қабылдамай тұрып осы топтардың жағдайын ойлау керек еді. Бүкіл ауыртпалық 5000 қожалықтың мойнына түскелі тұр", – дейді  ол.

Астық одағындағылар зиянкестермен күресті егіншілердің еркіне қалдыру ала-құлалыққа әкеледі деп қауіптеніп отыр. Бірі уақтылы дәрілесе, бірі мүлде шара қолданбауы мүмкін. Ала-құла өңделген алқаптың шығынға ұшырауы да оңай. Ал мемлекет өз есебінен дәрілеген кезде бұл жұмыс бір мезгілде әрі тұтас атқарылатын.

Нұрлан Оспанов субсидия саясатындағы тағы бір жаңа талаптың орынсыздығын сынға алды.

"Тыңайтқыштардың 91%-ын, дербицидтердің 80%-ын жаңағы мен айтқан 5000 ЖШС пайдаланады. Ірі холдингтер емес, қарапайым серіктестіктер. Мемлекеттің субсидиясы пестицид бағасының  50%-ын ғана жабады. Оның өзінде отандық өндірушілердің дәрісіне 50%, шетелдік дәрілерге 25-30% болуы керек деген ұсыныс айтылып отыр. Бірақ қазақстандық өндірушілер ұсынатын дәрілердің патент мерзімі бяғыда біткен. Көбі 25-30 жыл бұрын шығарылған. Ол дәрілердің қазіргі зиянкестерге әсері шамалы. Ал шетелдік жаңа дәрілердің патент мерзімі бітпегендіктен, біздікілер технологиясын пайдалана алмайды. Диқандарға сол шетелдік дәрілер қажет. Үкімет ертең ескі дәрілерді көбірек субсидиялау туралы шешім шығарса, зардабын тағы орта деңгейдегі шаруашылықтар тартады", – дейді Одақ төрағасы.

Пестицидтің патент мерзімі біткені қолданыстан шықты деген сөз. Өзгенің қаңсығын өндіріп, онысын диқандарға сатқысы келетіндерді қолдау кімге қажет болғанын диқандар түсінбей отырған көрінеді.
Астық одағындағылардың ойынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз күшімен сапалы дәрі мен тұқым алғысы келетіндердің алдына да кедергі тосып отыр.

"Мемлекет бізден алқапты әртараптандыруды талап етіп отыр. Диқандар ол талапқа құлақ асып, жаңа дақылдар еге бастады. Бірақ жаңа дақыл жерсініп кетуі үшін тұқым базасы болуы керек. Қазір асбұршақ пен зығырдың тұқымын түгелдей сырттан аламыз. Ал сырттан алынған тұқымды тіркеудің өзіне уақыт кетеді. Бізде тіркелген дәрілердің саны да шектеулі. Қалаған дәріні әкеле алмаймыз. Өйткені ол мемлекеттік тізбеде болмағандықтан, әкелуге тыйым салынған. Бір дәріге рұқсат алу үшін 2,5 жыл уақыт кетеді. Сондықтан уақытша тіркеу тәжірибесін енгізуді ұсынып отырмыз. Дамыған елдер мен ТМД аумағында тіркелген дәрі болса, тасымалдаушы өтініш берген болса, неге уақытша тіркеп бермеске", – деді Нұрлан Оспанов.

Егіншілердің базынасын тыңдауға келген министрлік өкілдері аталған шараның бәрі шаруалардың еркін ескеру үшін қабылданды деген уәж айтып бақты. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс бұл жерде бюджет үнемдеу туралы сөз артық деп есептейді.

"Бұл бір жағынан шаруа қожалықтарына еркіндік береді. Әркім алқабын қай уақытта, қандай дәрімен өңдейтінін, қай кәсіпорынмен келісімшарт жасайтынын өзі біледі. Былтыр үкімет тарапынан барлық аса қауіпті зиянды организмдермен күреске 4,5 млрд теңге белгенбіз. Биыл 3,8 млрд теңге бөлінді. 50%-дық субсидияға 2,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Қосымша қажет болып жаста тағы бөлуге дайынбыз. Яғни 50%-дық субсидия арқылы бюджет ақшасын үнемдеу көзделіп отырған жоқ", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу