ЕАЭО балыққа қатысты сертификат пен сараптаманы бекітті

2638

Қыркүйек айында Қазақстанда балық өнімдерін сақтау, оны өндіру және өткізуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.

ЕАЭО балыққа қатысты сертификат пен сараптаманы бекітті

Бұл талаптар 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бәрінде қатаң сақталуға тиіс. Талапқа сай келмейтін өнімдер нарыққа жіберілмейді. Естеріңізде болса, Қазақстан – аталған ұйымның мүшесі.

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Александр Раззаренов атап өткендей, жаңа техникалық тәртіпті әзірлеудегі мақсат – ЕАЭО аумағының айналымында жүретін балық өнімдерінің қауіпсіздік талаптарын анықтап, күшейту.

"Бұл құжат тек қана балық өнімдерін сақтау, өндіру және өткізу процестерін қамтиды. Аталған талаптың балық өсіру, балық өнімдерінің балаларға арналған және белсенді биологиялық қосынды қосылған түрлеріне еш қатысы жоқ", – деп түсіндірді Александр Раззаренов.

Оның айтуынша, бір және үш жас аралығындағы балаларға арналған балық тағамдары Еуразиялық одақ көлемінде тек арнайы цехтарда ғана өндірілуі керек.

"Кішкентай балаларға арналған балық тағамын өндірудің жекелеген артықшылықтары болуы қажет. Балалар тағамын дайындауға қойылатын талап пен жалпы талап әртүрлі болуы шарт", – деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Ал ересектерге арналған балық өнімдері ЕАЭО құрамына енбейтін елдерден тасымалданған жағдайда оған арнайы ветеринарлық сертификат беріліп, тиісті сараптамадан өтуге тиіс.

"Одаққа мүше елдер аталған өнімді бір-бірінен тасымалдаған жағдайда, ветеринарлық сертификат міндетті түрде болу керек. Ал ветеринарлық-санитарлық сараптаманың қажеті жоқ. Өңделмеген, яғни ешқандай техникалық өңдеуден өтпеген балық өнімдеріне де ветеринарлық сертификат берілуі шарт. Өсімдік түріндегі су өнімдері үшін тек қана тауар жөнелтуге арналған құжаттар болса жеткілікті. Яғни, ЕАЭО аумағында балықтан қарағанда, су өсімдіктерінің таралуына мүмкіндік мол", – дейді Александр Раззаренов.

Гормональды препараттар, синтетикалық заттар, сондай-ақ ГМО қосылған балық өнімдері үшін ЕАЭО нарығында орын жоқ. Бұдан бөлек, бұл құжат ЕАЭО қатысушыларының нарығындағы сақталған уақытында бұзылып, адамның денсаулығына қауіп-қатер төндіретін мұздатылған және улы балықтардың кең таралмауын реттейді. Мұздатылған балықтағы мұздың салмағы жалпы өнімнің 5%-ынан артық болмауы керек. Балық өнімінің қаптамасы берік әрі онда өнімге қатысты ақпараттар толық қамтылуы шарт. Бұл талаптың консервіленген балық өнімдеріне қатысы жоқ. Сонымен қатар, әзірленген құжатта кемелердегі балық өндірісін реттейін арнайы бөлім қарастырылған.

"Егер балық кемелерде сегіз сағаттан артық сақталатын болса, онда міндетті түрде тоңазытқышпен қамтылуы керек. Себебі, олардың дені ауланған балықтар. Демек, мұнда да кемелерге және оны өндіретін ұйымдарға қатысты талап болуға тиіс", – дейді Александр Раззаренов.

Егер аталған регламентке сай келмейтін (мәселен, таңбалау бойынша) бірақ, ЕАЭО аумағына құжат қабылданбай тұрып жеткізілген өнімдер 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін сол елдің нарығында өткізілуі керек. Стандарт жобалары бойынша жұмыс істеген сарапшылардың айтуынша, екі жыл уақыт бизнес үшін ескі қорларды және басқа елдерден жеткізілген балық өнімдерін саудалауға жеткілікті уақыт.

Еркебұлан Қыздарбек, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу