banner

Екі министрліктің салғырттығы аналарға сор болды

4041

Жас босанған аналар төлемақысын ала алмай жатыр.

Екі министрліктің салғырттығы аналарға сор болды

Қазақстанда бірқатар жүкті аналар "декреттік төлемдерін" алуда әртүрлі мәселеге жолыққаны мәлім болды.

Солардың бірі түркістандық Баян Рахманқұл жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемінен қағылғанына шағымданады. Оның айтуынша, Түркістан облысының "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ы (МӘСҚ) оған төлем төлеуден 2 рет бас тартып, шешім шығарыпты. Бұл ретте бас тарту негіздемесі таңғаларлық! 

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы №217 бұйрығымен бекітілген "МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларына" сәйкес, қор филиалы әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажет құжаттардың дұрыстығын тексереді. Осы мақсатта қор филиалы меморгандарға сұрау бағыттайды. Егер 30 жұмыс күні ішінде талап етілген құжаттар ұсынылмаса, қор филиалы әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады", – делінген жауапта.

Биылғы 9 шілдеде Түркістан облысындағы қор бөлімшесі Қаржы министрлігінің аумақтық бөлімшесіне – Мемлекеттік кірістер басқармасына сұрау жолдағанын Баян Асылханқызына хабарлапты. Содан кейін 19 тамызда МӘСҚ филиалы "Қазығұрт ауданы бойынша Мемкірістер басқармасынан сұратқан құжаттар белгіленген мерзімде келмеді" деген сылтаумен жас босанған анаға төлем төлемеуге шешім қабылдайды.

Бұл не? "Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің" кері ме?

"Екі мемлекеттік орган мен туралы бір-бірінен құжат сұратады. Шенеуніктердің салғырттығы кесірінен біреуі екіншісіне дер кезінде ол құжатты жібермейді. Сол үшін мені жазалайды. Менің кінәм не?! Құжатымды тегіс ұсындым. Айыпты болса, Қазығұрт ауданы бойынша мемкірістер органынан сұрау болуы керек қой. Мұндай әділетсіздікке шыдамай, МӘСҚ-ке өтініш жіберсем, ондағылар оны зейін қойып оқымаған сияқты: маған неге екені белгісіз, 42 500 теңге төлемақы туралы жауап жіберіпті. Егер меморгандар бір-бірінен жауап алмаса, онда аналарға жәрдемақы бермеңдер деген не қағида?" – дейді ана.

Мұндай сорақылық барлық өңірде кездеседі.

Алматы облысының Іле ауданының Өтеген батыр кентінің тұрғыны Людмила Большаковаға жаңа ғана нәрестелі болған қызының тұнжырауы қабырғасына батуда.

"Қызым Кристина Арент биылғы шілде айының басында декреттік демалысына шықты. Оның кәсіпорны 2020 жылғы наурыздан 3 тамызға дейін жабық тұрды. Компания осы кезеңде жұмыскерлерінің жалақысын төмендетуге ұйғарған. Бірақ министрдің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 және 17 сәуірдегі №139 бұйрықтарына сәйкес, әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін табысты есептеу кезінде ТЖ кезеңі қабылданбайды, оның орнына өтініш иесінің қалауы бойынша басқа айлардағы табыс алынуы керек. Біз кентіміздегі МӘСҚ бөліміне жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді есептеу үшін құжаттарды табыстадық. Оған ТЖ-ға дейінгі кезеңдегі табыстар туралы анықтаманы қоса тіркедік. Бала туу бойынша әлгі жәрдемақыны қызыма төледі. Алайда ТЖ-ға дейінгі табысты назарға алмапты. Оның орнына карантинге орай жабық тұрған кездегі төмен табысты есепке алған. Кенттегі МӘСҚ бөлімінің бастығы түсініктеме бермек түгіл бізді тыңдағысы да келмеді", – дейді Людмила Большакова.

Ол қызының үздіксіз жұмыс өтілі 16 жылдан асатынын, осы уақытта барлық әлеуметтік аударымдарды мемлекетке уақытылы төлеп тұрғанын айтады. Ол енді Алматы облысындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясына өтініш жолдаған екен. Бірақ ондағылар да өтінішті қабылдамай тастады. "Электронды цифрлық қолтаңбаңыз тексеруден өтпеді" деп негіздепті.

"Бұл қалай сонда? Мен өтінішті ЭЦҚ-мен жібердім емес пе?" деп қайран қалады ана.

Кәсіпкерлер де проблемаға кезікті. Бизнесмен Айжан Зияшованың қызметкері декретке шығуда. Жеке кәсіпкер бүгінде "0" коэффициентін қолданады, яғни пандемия және шектеу шараларына байланысты салықтарды төлеуден, МӘСҚ-ке – аударымдарды, ал БЖЗҚ-ға – зейнетақы жарналарын аударудан босатылған.

"Тиісінше, қызметкерімнің міндетті төлемдерін аударған жоқпын, дегенмен, жалақысын ешқандай ақша ұстаусыз толық көлемде беріп отырдым. Мұндай жағдайда декреттік жәрдемақы жалақысы туралы анықтама негізінде төленеді ме?" – деп сұрайды кәсіпкер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мұны растады.

"Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес, "0" коэффициентін қолданатын жұмыс берушілерде қызметкерлердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысы жұмыс берушінің табыс туралы анықтамасы негізінде есептеледі. Мына жағдайда кәсіпкерге жұмыс істейтін жұмыскер әйел ТЖ және шектеу шаралары кезеңінде жалақы алған, бірақ жеке кәсіпкерлік әлеуметтік төлемдер төлеуден босатылған. Сондықтан әлеуметтік төлем тағайындау үшін ол әйел осы кезеңдегі табысы туралы анықтамасын ұсынуы қажет", – деді өз блогында министр Б.Нұрымбетов.  

Әйткенмен, еңбек министрлігінің бұл шешімін өзге меморгандар мойындамайтынға ұқсайды.

"Ондай анықтаманы бердім. Алайда менің қызметкерімнің табыс туралы анықтамасын Тараз қаласындағы ХҚКО қабылдамай жатыр. Олар анықтама міндетті құжаттар тізіміне кірмейтініне және бала туу бойынша әлеуметтік төлемді есептеуде есепке алынбайтынына сілтеме жасады. Неге олай екенін ХҚКО-дағылар нақты түсіндірмейді", – дейді кәсіпкер.

Пандемия шынында Үкіметтің өз ішінде үйлесімділіктің жоқтығын әр қырынан паш етіп жатқандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу