Экономиканы кредиттеу көрсеткіші көбейді

3323

Теңгемен берілетін кредиттің пайызы төмендеді.

Экономиканы кредиттеу көрсеткіші көбейді

"Ақша-кредит және бюджет саясатын үйлестіру Қазақстан экономикасын орнықты дамытудың қажетті талабы болып табылады. 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер биылғы жылы жеке макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға негізделген. Ұлттық банк бұл өзгерістерді қолдайды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында сөз сөйлеген кезде айтып берді", – деп хабарлайды Ұлттық банктің ресми сайты.  

Ол сондай-ақ Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының ағымдағы өзекті мәселелері туралы хабарлады. 

"Ұлттық банктің 2019-2021 жылдарға арналған негізгі мақсаты инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру болып табылады. Маусымда жылдық инфляция 5,4% деңгейде қалыптасты. Ұлттық банктің бағалауынша, инфляция биыл және келесі жылы әлеуметтік салаға бюджет шығыстарының ұлғаюын ескере отырып, нысаналы дәлізде сақталады", – деді Ұлттық банк басшысы. 

Биыл 3 маусымда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені  9% деңгейде сақтағаны белгілі. "Базалық мөлшерлемеге  қатысты кейінгі саясат инфляция бойынша нысаналы бағдарға қол жеткізу және экономиканың өсу қарқынын сақтау арасындағы балансты сақтауға бағытталады", – деп хабарлады Ұлттық банк басшысы. 

Ағымдағы жылғы 1 шілдеде алдын ала деректер бойынша Ұлттық банктің жалпы алтынвалюта резервтері маусымда 0,5%-ға ұлғайып, 28,2 млрд АҚШ доллары болды. Олар қажетті минимум 3 ай болғанда тауарлар мен қызметтер импортының 7,5 айын өтейді. 

Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде жалпы халықаралық резервтер алдын ала деректер бойынша 86,4 млрд АҚШ доллары болды. 

"Елдің төлем балансымен ахуал жақсарды. Ағымдағы шот 2 тоқсан бойы профицитпен қалыптасуда. Мәселен, 2019 жылғы 1-тоқсанда ағымдағы операциялар шотының профициті 0,4 млрд АҚШ долларын құрады. Оған сауда балансының 6,7 млрд АҚШ долларына дейін кеңеюі себеп болды. Тауарлар экспорты 13,9 млрд АҚШ долларын, тауарлар импорты 7,2 млрд АҚШ долларын құрады", – деп түсініктеме берді Ерболат  Досаев. 

Ұлттық банк басшысының айтуынша, 2019 жылғы I тоқсанда ағымдағы шоттың жақсаруына негізгі экспорт тауарларының тұрақты бағасы, мұнай өндіру көлемінің және сауда әріптес елдері тарапынан сұраныстың өсуі ықпал етті. 

"Банктердің кредиттік белсенділігі кеңеюде. Жаңа кредиттер беру ағымдағы жылғы 5 айда өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға ұлғайды. Мамырда бизнеске теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме  өткен жылғы мамырдағы 12,5%- бен салыстырғанда 11,9%-ға дейін төмендеді", – деп айтты Ерболат Досаев. 
Ұлттық банк басшысы хабарлағандай, экономиканы ұзақмерзімді ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында Басым жобаларды кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарламаны іске асыруға 10 банк қатысады. 28 маусымда 130,1 млрд теңгеге 146 өтінім қабылданды, оның ішінде 33,8 млрд теңгеге 69 жоба мақұлданды және 18,5 млрд теңгеге 38 қарыз берілді. 

"Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Ол басталған сәттен бастап жеңілдік талаптармен 7 645 отбасы 89,0 млрд теңге сомаға ипотекалық қарыз алды. Таяу уақытта тағы бір мыңнан астам отбасына қарыз беріледі. Нәтижесінде, тұтастай алғанда ипотекалық кредиттеу қарқынды дамуда. "7-20-25" бағдарламасы басталғаннан бері 12 айда банктердің ипотекалық портфелі 1,4 трлн теңгеге дейін 24,8%- ға өсті", - деп хабарлады Ерболат  Досаев. 

Сөзін қорытындылай келе,  Ұлттық банк төрағасы кредиттеудің өсуіне қорландыру базасын сапалы жақсарту да ықпал ететінін атап өтті. "Шетел валютасындағы салымдарды теңгедегі салымдарға ауыстыру үрдісі жалғасуда. Депозиттердің жалпы көлемі 17,9 трлн теңгеге жетті. Ал депозиттерді долларландыру деңгейі 2019 жылғы мамырдағы қорытынды бойынша 39,1%-ға дейін төмендеді", – деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасы.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу