Елбасы әлемді не алаңдатып отырғанын айтты

3316

Әлем елдері парламент мүшелерінің  алдында маңызды міндет тұр. 

Елбасы әлемді не алаңдатып отырғанын айтты

Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мәлімдеме жасады. 

Тұңғыш Президент барлық адамдар қандай мақсатта, не ​күш біріктіруге тиіс екенін айтты. 

"Жаппай қырып-жою қаруын пайдалануға жол берілсе, өркениетке зардабын тигізеді. Осының алдын алу үшін барлық адамдар ядролық қарусыздану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылып, ғаламшардағы тіршілікті қорғауға тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының пікірінше, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке кепіл болу үшін халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау қажет.

"Құқықтық актілерді ізгілендіру бөлігінде біраз шаруа бар. Өйткені терроризмнің жалпы анықтамасын әзірлеу, террористік, экстремистік ұйымдардың, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау маңызды. Әлемдік экономиканы жаңа цифрлық дәуірге, жасанды жадыға көшіру барысындағы құқықтық базаны әзірлеу жұмысы да өзекті", – деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев электронды және крипто-әмиянды пайдалану арқылы интернетпен есірткі сату ісіне заңнамалық тосқауыл қоя мәселесіне де тоқталды. 

"Халқымыздың "Елді талант ұшырар, құсты қанат ұшырар" деген ұлағатты сөзі бар. Бүгінгі басқосу халықаралық диалогты, сенімді серіктестікті нығайтуға зор үлес қосады деп сенемін. Еуразия құрлығы әрдайым әлемдік дамудың алдыңғы сапында болғанын ұмытпағанымыз жөн. Біз үлкен Еуразияның болашағын бірлесе айқындауымыз керек. Сондықтан бүгінгі басқосу осыған көп үлес қосады деп санаймын", – деді кеңесте Елбасы. 

Сөз арасында Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдері парламент мүшелерінің  алдында маңызды міндет тұрғанына назар аударды. 

"Бүгінгі кеңестің тақырыбы өткен жылдарда Қазақстанның халықаралық аренада жүзеге асырып жүрген саясаттың негізгі ұстанымдарымен үндес. Осыған байланысты сенім мен серіктестік диалогы Үлкен Еуразияның ажырамас бөлігі болуы үшін "осы аудиторияның құрметті мүшелері не істей алады" дегенге қатысты өзімнің ой-пікірімді жеткізгім келеді. Парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуы керек", – деді Елбасы.

Тұңғыш Президент әлем келіссөзге зәру, тыныштыққа мұқтаж екенін меңзеп, алпауыт елдер өзара диалогқа мән беруге тиіс екенін айтты. 

"2018 жылдағы "АСЕМ" форумында және биыл өткен Бейжіңдегі "Бір белдеу-бір жол" екінші форумында Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақ арасында диалог бастауды ұсындым. Жердегі бейбітшіліктің сақталуы осы негізгі державаларға байланысты. Үлкен дүниежүзілік соғыстардың өзі келіссөзбен аяқталған. Қазіргі кезде осы елдер арасындағы текетірес пен сенімсіздік барша әлемді алаңдатып отыр", – деді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың түсіндіруінше, аты аталған елдердің басшылары адамзаттың болашағы,  халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін өздерінің ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс. 

"Төрттіктің саяси көшбасшылары ерік-жігер танытып, ғаламшардағы шиеленісті бәсеңдету үшін қажетті жолдарды іздеуі керек. Диалогты ілгерілетуде маңызды қадам ретінде Қазақстан елордасында аталған төрттіктің парламентарийлерінің бейресми кездесуін өткізуді ұсынамын", – деді Тұңғыш Президенті.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу