Елбасы Трампты таңғалтты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4170

Елбасының Атлант мұхитының арғы бетіндегі алпауыт елге сапарының алдын ала қорытындылары шығарылуда.

Елбасы Трампты таңғалтты Фото: akorda.kz

Сонымен, Америка құрама штаттары Қазақстанның мектептерінде үштілділікті дамытуға, соның ішінде ағылшын тілін кеңінен енгізуге қатыспақ.

Енді Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың қазақ еліне кесірі тиіп кетпеуі және Қазақстан экономикасы үшін қандайда бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатында Вашингтон "санкциялар мәселелері бойынша" Астанамен кеңесіп отыратын болады.

Сондай-ақ Қазақстан және құрама штаттар біздің еліміздегі қоршаған ортаға төнетін қауіптерді бағалап, халыққа төнер табиғи апаттар қатерін азайту үшін ғарыштық технологияларды бірлесе пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

АҚШ-тың қаржы және даму институттары Қазақстанның инновациялық экономикасын құруға инвестиция құяды. 

Екі ел бұдан былай цифрлық экономика, денсаулық сақтау, коммерциялық авиация, қаржы, банк ісі, ауыл шаруашылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға кіріседі.

Қарап тұрсақ, Қазақстан көшбасшысының Америкаға сапарының нәтижелері салмақты, жетістіктері толайым болып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары аясында америкалық ірі бизнес өкілдерімен арада жалпы құны 7,5 миллиард доллардан асатын 20-дан астам келісімшарт жасалды. Бұл біле білсек, жыл сайын елімізге құйылатын барлық инвестициялардың жартысына тең.

Бір айта кетерлігі сол, Астана мен Вашингтон арасында 11 сағат айырмашылығы бар. Тиісінше, АҚШ-та 16 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп арасында кездесу басталғанда, Қазақстанда таң атып жатқан еді. Президенттер келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.

Дональд Трамп ілтипат танытып, ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді және Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді. Бұған халықаралық сарапшылар да үлкен мән беріп жатыр.    

"Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт сізге зор құрметпен қарайды! Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз", – деді Трамп мырза.

Нұрсұлтан Назарбаев та ресми сапармен келуге шақырғаны үшін оған алғыс айтып, оны АҚШ президенті лауазымына сайланғанына бір жыл толуымен құттықтады. 

"Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады", – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Трампты тоғызыншы немересінің дүниеге келуімен де құттықтап, қуанышына ортақтасты. "Айтпақшы, менде былтыр оныншы немерем өмір есігін ашты!", – деп күлімсіреді елбасы. 

Бір қызығы, Трамп мырза тағы бір мәселеде де Қазақстан лидерінен "арттап" қалыпты. Оны да Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "нұсқады". Атап айтқанда, сайлауалды уәделерін жүзеге асырып жатқан Америка басшысы былтыр өз елінің салық жүйесін реформалауға кіріскені мәлім.

"Президент мырза, экономика саласындағы сіздің еліңіздің зор жетістіктерімен де құттықтамай кете алмаймын. Біз оның барлығын көріп отырмыз. Сіз таңқаларлық салық реформасын жүргіздіңіз. Мен оны қолдаймын! Өйткені мен оны Қазақстанда бес жыл бұрын жасағанмын. Бізде қазір корпоративтік салық небары 20 пайыз, ал табыс салығы барлығы үшін он пайыз", – деді Ақ үйде америкалық әріптесіне қайырылған Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бұған қоса, мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша әлемдік ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте бұдан былай Қазақстан мен Америка серіктестіктің кеңейтілген форматына көшетінін мәлімдеді. 

"Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық", – деді ол.

Түсіндіре кетер жайт, кеңес кезінен бері "Орталық Азия" құрамына тек Кеңес одағына кірген, атауында "стан" жалғауы бар елдер ғана жатқызылатын. Ал Америка болса, "Үлкен Орталық Азия" геосаяси терминіне Ауғанстанды да кіргізеді. Тиісінше, енді ұзақ жылдардағы соғыстан қансыраған бұл елді бейбіт өмірге және қалыпты тіршілікке оралту ісінде Ақ үй Ақордамен кеңесіп, іс қылуға бет бұрып отыр. 

Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен "5+1" форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін айтты. Бұл ретте еліміз Ауғанстан әйелдерінің жағдайын жақсартуға үлес қосады. Және осы бағытта қазақстандық жоғарғы оқу орындарында азаматтық және құқық қорғау мамандықтары бойынша ауғандықтарды даярлау бағдарламасын кеңейтеді. Қазіргі кезге дейін Қазақстанда мыңға жуық ауғандық жоғарғы білім алған. Америка Ауғанстанның көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға Қазақстанның қатысуын да құптады.

Қазақстан басшысы халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-сынақтары мен қауіп-қатерлерін бірлесе еңсеру ісінде де Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоятынына назар аудартты.   

"Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады, қазір де Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі", – деді елбасы. Ол Ауғанстанға Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанына екпін түсіре кетті.

Ал Сирияға қатысты екі ел лидері зорлық-зомбылық шиеленісінің оң шешім табуына қол жеткізуге және БҰҰ қолдауымен Женева бейбіт процесі аясында қақтығысты саяси жолмен реттеу негізін нығайтуға бағытталған дипломатиялық бастамаларды құптады.

Бұдан бөлек, Қазақстан көшбасшысы келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуіне байланысты мәселелер талқыланғанын хабарлады:

"Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы қазір де жақсы, бірақ келешегі одан да зор үміт күттіреді. Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылған. Және инвестиция ағыны алда тек арындап арта беруге тиіс.

Мемлекет басшысы АҚШ президентімен жүздесуде қазақстандықтар үшін бұл елге еш шектеусіз емін-еркін барыс-келісіне жол ашу мәселесін көтергенін жеткізді.

"Қазақстанда АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес Америкадан соған лайықты жауап болады деп үміттенеміз", – деді ол.

Дональд Трампт Қазақстан мен оның лидеріне дәріптеу сөздер арнауын БАҚ-қа арналған брифингте жалғастырды.

"Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды мықты, егемен әрі тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы маңызды дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келеді. АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс жүргізді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік! Бүгін Қазақстан президенті екеуміз біздің қарым-қатынастарымыз халықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін атом қаруынан арылту үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан біздің сенімді серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апат қаупімен сес көрсетуін тойтаруға бел буып отырмыз", – деп жоспарымен бөлісті АҚШ басшысы.

Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін елбасыға алғыс айтты. Оның мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаев "ДАИШ-пен және "Талибанмен" соғыс жүргізіп жатқан америкалық қарулы күштерге Қазақстан мейлінше қолдау көрсете беретінін нықтапты.

АҚШ басшылығы қазақ елінің Мәңгілік елге айналуына жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын білдірді. Өйткені бұл еліміздегі америкалық бизнес үшін пайдалы екен.

"Көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын өзі бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта береді. Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған елдердің алғашқы отыздығына кіруді жоспарлап отырғанын білемін және ризамын. Назарбаев мырза Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін жұмыс істеуде. Бұл арқылы Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туып, жаңа жұмыс орындары ашылады", – деген Дональд Трамп елбасыға бұрылды:

"Мен сіздің мықты басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістіктерді өз көзіммен көру мүмкіндігі туарына сенімдімін. Біз Қазақстанның болашағы жарқын болғанын және оның егеменді елді өркендетуге бағытталғанын қалаймыз. Осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз!" – деп түйді ол.

Осы сөзіне қарағанда, болашақта АҚШ тарихында тұңғыш рет осы ел президентінің қазақ еліне сапарын күтуге де болатындай. Немесе, Трамп мырза президент орынтағынан кеткен соң, бизнесмен ретінде сапар жасап, Қазақстан жетістіктеріне өзі куә болуы ықтимал.

Бүгін сондай-ақ елбасы Вашингтонда америкалық іскерлік орта өкілдерімен жеке кездесті.

"Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар", – деді кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев.   

Ол америкалық бизнесмендерге Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.   

Сонымен қатар, Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу қолға алынып жатқанын айтып, соған қатысуға шақырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу