banner

Елде қант тапшылығы мәселесіне пияз бағасының өсуі қосылды

1635

"Қантқа қатысты жағдайдың объективті сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай – жүргізілген жұмыстың шалалығының нәтижесі".

Елде қант тапшылығы мәселесіне пияз бағасының өсуі қосылды Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді. Ең көп өскені басты пияз, қант және күріш бағасы болса, қырыққабат, сәбіз және картоп бағасы төмендеген", – деп мәлімдейді үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мәселен, кейінгі айда пияз бағасы орта есеппен 11,9%-ға өсті. Бір айда Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында бағаның ең жоғары өсуі тіркелген.

"Әріптестер, қантқа қатысты жағдайдың объективті сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай – жүргізілген жұмыстың шалалығының нәтижесі. Әкімдіктердің барлық мүмкіндіктері болды, олардың қатарында астықты жеткізу бойынша уақытылы келісім-шарттар жасасу тетігі бар. Өңірлер әкімдеріне оны тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін белсенді түрде пайдалануды тапсырамын. Осы мәселеде әр жұмысты уақытылы орындау маңызды екенін атап өткім келеді", – деді Әлихан Смайылов.

Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мәселелері басым мәнге ие екенін тағы да атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауарлары бар. Ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады", – деді Әлихан Смайылов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу