Елдегі 102 мың адам ғана зейнетақы салымын пайдалана алады

Қазақстандағы зейнеткерлік ғұмыр – 19-25 жыл.

Елдегі 102 мың адам ғана зейнетақы салымын пайдалана алады

Зейнетақы шотындағы салымды табысы жоғары 102 мың қазақстандық қана уақытынан бұрын пайдалана алады. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Үкіметтің есебі бойынша қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін 19-25 жыл өмір сүреді. Осы аралықты қамсыз өткізу үшін әр зейнеткердің шотында кемінде 10 млн теңге болуға тиіс. Қазір зейнетақы салымшыларының тең жартысының шотындағы қаражат 1 млн теңгеге де жетпейді. Сондықтан, Президент әкімшілігі Үкіметтің ұсынысын мақұлдаған күннің өзінде оның жалпы көпшілікке пайдасы шамалы болмақ.

"Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Президент әкімшілігіне зейнетақы салымын пайдалануға қатысты ұсыныс енгіздік. Зейнетақы салымын пайдалану  жиналған зейнетақы сомасына байланысты. Біз барша қазақстандықтың қамсыз кәрілігін қамтамасыз етуіміз керек. Адам зейнкетке шыққанда жинақтаған шотында қамсыз өмір сүруге жететіндей сома болуы қажет.  Қазір елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жас. Біз есептеп көрдік. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Әрбір қазақстандықтың зейнетақы салымы осы жылдарға жете ме, жоқ па? Соның есептеуіміз қажет. Зейнетақы қоры ұсынған дерек бойынша салымшылардың тең жартысының салымы 1 млн теңгеден аспайды. Ал қамсыз кәрілік үшін шамамен 10-12 млн теңге шотта жатуы қажет. Ондай адамдардың саны 102 мың. Президент тапсырғандай, бірінші ұсынысымыз бұл қаржыны баспана алуға пайдалану туралы болды. Келесі ұсынысымыз бұл ақшаны емделу үшін пайдалануға қатысты. Бұл жерде міндетті кепілдендірілген медициналық қызмет пен МӘМС тізіміне кірмейтін қызметтер туралы айтылып отыр. Бұл ұсыныстар әзірге Президент әкімшілігінде жатыр. Шешім қабылданған жоқ", – деген Бердібек Сапарбаев Сингапур моделін ұсынушыларға өз жауабын айтты.

"Зейнетақы салымын пайдалану жинақталған қаржы сомасына тікелей байланысты болады. Бұл – Халықаралық еңбек ұйымының талабы. Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін солай. Шотта кемінде 40% қаражат қалуы керек. Біз Сингапур сияқты елдердің тәжірибесін зерттедік. Бізде зейнетақы жинақтау жүйесі 21 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ал Сингапур мен Еуропа елдерінде мұндай жүйе жұмыс істегелі 60 жыл болған. Сондықтан олардың табысы әлдеқайда жоғары", – деді ол. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу