Елді қайран қалдырған ауыс-түйістер болды

2304

Қаңтар оқиғалары билікті қалай өзгертті? Ал "постқаңтарлық дәуірдегі" Үкімет қандай болғаны жөн?

Елді қайран қалдырған ауыс-түйістер болды Фото: google.com

Тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл аймағымыздағы жылдың басты бір оқиғасы – "қаралы қаңтар" оқиғалары болды. 2022 жылдың алғашқы күндері көшелерді толтырған ашынған халық басты бір талабының орындалуына қол жеткізді: 2019 жылғы транзитте бұрынғы биліктен мұраға қалған Мамин Үкіметін тақтан тайдырды.

Дегенмен, "билік көп жаңарған жоқ" деген сындар да айтылып қалады. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін бұрынғы және қазіргі Үкімет құрамын салыстырғанды жөн санадық.

Сонымен, өткен жылы, нақтырақ айтқанда, 2021 жылғы 18 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен Үкіметтің құрамын бекітті. Өйткені Конституциямыздың 70-бабына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Ал қазіргі Мәжіліс былтырғы жылдың басында сайланғаны мәлім. Бірақ ол жолы Тоқаев Назарбаевтың командасының өкілі саналатын Асқар Маминді орнынан кетірмеді, Премьер-министр лауазымына қайта сайлады. Жалпы алғанда, 2 министрліктің басшылары ғана ауысты, бұрынғы Үкіметтің басқа мүшелері өз орынтақтарын сақтады. Бұған қоса, Үкіметбасының орынбасарларының саны 4 адамға дейін өсті.

Ел Үкіметі 2022 жылғы "қасіретті қаңтарға" осы құраммен енді. Белгілі бір тұлғалардың креслодан креслоға қарғып, Үкімет құрамының өзгермейтінінен, тек көз қылып, сапырылыстыра беретінінен әбден шаршаған халық көшеде Үкіметтің отставкасын талап етті. Көне сүрлеумен салып ұрып жүре беруге бейімделген, билікте отырып, әбден байыған, ауқаттан ықылық атқан ескі тұлғалар жаңаша ойлай алмайтын, жасампаз тірлік қыла алмайтын. Бұған Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында Президент те кейістік білдірген еді. 

Содан 2022 жылғы 5 қаңтарда Қ.Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" деп аталған №728 жарлығын жариялады.

"Біріншіден, Қазақстан Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын. Екіншіден, Премьер-министр міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелсін", – делінген жарлықта.

Елде қоғамдық тәртіп қалпына келтіріліп, халық бейбіт, қалыпты өмірге оралған соң, 11 қаңтарда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы" №756 жаңа жарлыққа қол қойды. Яғни, осы арқылы жаңа Үкімет қалыптастырылды.

Жаңа Үкімет осы құраммен жыл соңына дейін толық жете алмады. Оның кейбір мүшелері облысқа әкім ретінде жолданды: мысалы, 31 тамызда Е.Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі болды.

Басқалары сенімді ақтамай, не басқа себеппен орындарын босатуға мәжбүрленді. Бақыт Сұлтанов 14 шілдеде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттен сөгіс алды, 15 тамызда лауазымынан кетті. Бірақ 7 қазанда Б.Сұлтанов Еуразиялық одақтағы ЕЭК-тің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі болып тағайындалып, Мәскеуге аттанды.

Ұлтжанды азамат Асқар Омаровтың тағайындалғанына Мәскеу қарсы шықты: ресейлік пропаганда оның ұлттық мүддені қорғап сөйлеген сөздерін теріс айналдырып, ұлтшыл адам деп күстәналады. Ақыры адымын аша алмаған, бастамаларын жүзеге асыра алмаған күйде ол қызметін тәрк етті.

Құқық қорғаушылардың, қоғам белсенділерінің сынына іліккен Ерлан Тұрғымбаев Президент Жарлығымен 2022 жылғы 25 ақпанда Ішкі істер министрі лауазымынан босатылып, Президент кеңесшісі болып тағайындалды. Алайда 17 тамызда ол лауазымынан да айырылды.

Мұрат Бектанов 19 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қорғаныс министрі лауазымынан алып тасталды. Ал қаңтар оқиғаларынан 1,5 ай өткенде тұтқындалды, оның ісі қазан айында әскери сотқа берілді. Ол Қылмыстық кодекстің 451-бабының 3-бөлімі бойынша (ұрыс жағдайында билiктi асыра пайдалану) күдікке ілікті.

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Осымен биыл ауыс-түйістер аяқталса керек. Демек, Қазақстанның Министрлер кабинеті 2023 жылға келесідей құраммен аяқ баспақ.

Смайылов Үкіметі (2022 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай)

Премьер-министр Әлихан Смайылов

Бірінші вице-премьер Роман Скляр

Вице-премьер–Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді

Вице-премьер–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Вице-премьер–Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин

Вице-премьер Алтай Көлгінов

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев

Әділет министрі Қанат Мусин

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев

Энергетика министрі Болат Ақшолақов

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Яғни, Мамин Үкіметінде болғандар арасынан қазіргі Үкіметте тек Ә.Смайылов, Р.Скляр, М.Тілеуберді, А.Аймағамбетов, Е.Жамаубаев, Ю.Ильин және Б.Мусин қалды. Яғни, бір жыл ішінде, былтырдан бері Үкімет шамамен 70% жаңарды.

Салыстырсақ, сарапшылар анықтағандай, аймақ басшылары арасындағы өзгерістер бұдан ауқымдырақ: биыл құрылған 3 өңірді қоса алғанда, өңір басшылары 75% жаңарған. Бұрынғы әкімдерден 5-еуі ғана қалды, бұлар: 2014 жылғы қарашадан бері ШҚО тізгінін ұстап келе жатқан Даниал Ахметов, 2021 жылғы қыркүйектен Маңғыстау облысына жетекшілік ететін Нұрлан Ноғаев, 2019 жылғы наурыздан Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев, СҚО әкімдігінен Қостанай облысына ауысып барған әкім Құмар Ақсақалов және Қарағанды облысының әкімі орынтағынан Астана әкімі креслосына жоғарылаған Жеңіс Қасымбек бар. Басқа 15 өңірдің бәрінде 2022 жылы жаңа әкімдер тағайындалды.

Жаңа 2023 жылы Мәжілістің мерзімінен бұрынғы сайлауы өтпек. Сонда Үкімет Конституциядағы талап бойынша тағы да отставкаға кетеді. Нәтижесінде, Үкімет қайтадан жаңаруы, тіпті Премьердің өзі ауысып кетуі ықтимал.

Қаржыгер Ермек Барлыбаев Қазақстанның барлық үкіметіне тән олқылықты атады.

"Бізде соңғы 10–15 жылда қандай Премьер келсе, ол "кризис менеджер" ретінде ұсынылады. Мәсімов те, Сағынтаев та, Мамин де сол мәртебеде ұсынылды. Смайылов та дағдарыс тұсында келді деп есептеледі. Егер олардың бәрі дағдарыстан шығаратын басқарушылар болса, неге ел кілең дағдарысқа киліге береді? Өйткені барлығы бір-бірінің қателігін қайталайды. Біріншіден, шағын және орта бизнестің үлесін арттырмады, оларды дамытып, экономика тірегіне айналдырмады. Ал орта бизнес әлемдегі кез келген жағдайға оңай бейімделеді. Оның орнынан оларға жаңа жылда салық арттырылмақ. Екіншіден, Қазақстанды мұнай "инесінен" түсіріп, сауықтыра алмады. Соның кесірінен КҚК құбыры жабылып қалғанда, Үкіметтің жаны шыға жаздады. Қазір "Дружба" құбыры жабылу қарсаңында. Үшіншіден, дамыған елдер "білім мен технология қоғамына" көшіп кетті, Қазақстан ескі заман жұртында қалды. Қолымыздағы технологиялардың бәрі дерлік шетелдік. Әлдеқалай санкцияға іліксек, Ираннан жаман боламыз. Технология трансфері де, оны айналма жолдармен алып, жергілікті өнімге айналдыру да жолға қойылмады. Бәрі бос сөзге құмар", – деді қаржыгер.

Ол Қазақстан тығырыққа тіреліп тұрғанын айтады. Бір жағынан, халық аз, тиісінше елде арзан жұмыс күші жоқ. Екінші жағынан, дамыған шағын елдер сияқты инновациялық экономиканы дамытып, постиндустриалдық технологиялық дәуірге көше алмады. Табиғи ресурстарды сатумен ары қарай шектеле берсе, онда әрбір жаңа келген билік сол байлықты қайта бөліске салумен әуестенуі мүмкін. Онда инвесторлар теріс айналып, экономика кері кете бастары сөзсіз. Сондықтан сарапшының пікірінше, Қазақстанға кризис менеджер емес, елді жаңаша даму жолына түсіретін жасампаз Үкімет керек. Смайылов Үкіметі постиндустриалдық толқын түгіл, қарапайым инфляцияны да ауыздықтай алмай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу