Елорда әуежайындағы ұжымдық дау немен тынды?

8743

Оған министрдің өзіне араласуға тура келген.  

Елорда әуежайындағы ұжымдық дау немен тынды?

Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының басшылығы ауысқан-тын. "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ атқарушы директоры лауазымына Дәулет Хамзин тағайындалды. Әріптестері оның тәжірибелі, кәсіби маман екенін білдірді. Бұған дейін "Сарыарқа" әуежайы" АҚ президенті, Taraz International Airport басқарма төрағасы, ҚТЖ филиалының директоры және бизнес салаларында ірі қызметтер атқарды. Әдеттегідей жаңа басшылар бұрыннан қалыптасқан ескі команданы жаңарта бастайды, сөйтіп іске тың дем, соны серпін беруге тырысады. Бұл дау-жанжалға соқтырған.

Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайының баспасөз хатшсы Назгүл Талипова әділдік іздеп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа жүгінді. Ол елорданың әуе қақпасының БАҚ-пен, бұқарамен байланыс бөлімінің тізгінін дәл пандемия қарсаңында, биылғы 3 ақпанда алған болатын. Жаңа басшы келгелі өз құқықтары және еңбек шарттары ұдайы бұзыла бастағанына наразы.

"Атқарушы директор ауысқалы мені ашықтан ашық және мақсатты түрде қудалау басталды. Хамзин мырзаның өзі мені қызметімнен қуып тынатынын жұрт көзінше мәлімдеді. Ол тіпті әуежайдың баспасөз хатшысы емес екенімді жеткізді, бірақ менімен арадағы еңбек шарты бұзылмаған. Соған қарамастан, себебін айтпастан мені жұмыс кеңестеріне қатысудан аластап тастады. Қабылдау бөліміндегі хатшыға өз кабинетіндегі кеңеске жібермеу керектігін ескертіп қойыпты. 8 қыркүйек күні еш құлағдар етпестен, сыртымнан тәртіптік жазаға тартты. Оның үстіне кадр қызметі белгісіз бір себеппен тәртіптік кеңес шешімінің көшірмесін беруден бас тартты", – дейді Н.Талипова.

Ол өз жұмысындағы бұзушылықтар бойынша түсініктеме жазуға да мүмкіндік берілмегеніне налиды.

Тағы бір жайт, пандемия жағдайында барлық кеңестер мен отырыстар онлайн режимде өтетініне қарамастан, әуежайда кеңсе қызметкерлері де таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс орнында отыруға міндетті екен. Соның алдында кадрлық қызмет оларға қашықтан жұмыс істеуге көшетіні және жалақысы 15%-ға шегерілетіні көрсетілген келісімге қол қойғызып алыпты. Назгүл Талипова мұны бас санитарлық дәрігердің кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан істеуге көшіру жөніндегі қаулысына қайшы дейді.

Айтқандай, әуежайдың HR-қызметі баспасөз хатшысы лауазымын жойып, оны маманға өзгертіпті.

Н.Талипова баласын бір өзі тәрбиелеп отырған ана. Ол психологиялық қысымнан денсаулығы нашарлағанын, әлденеше рет әуежайдың медициналық мекемесіне жүгінуге мәжбүр болғанын жеткізді. Алайда жұмысынан кеткісі келмейді, себебі бұл жалғыз кіріс көзі екен және кредит төлеп жүр. Ел Президенті биыл және келесі жылы Үкіметке қарасты квазимемлекеттік секторда да 25 пайызға қысқарту жүретінін жариялады. Назгүл сол қысқартуға ілігіп кетемін бе деп қорқады.

Өз кезегінде әуежай басшылығы оған кадрлық қызметтегі лауазымға ауысуды ұсыныпты. Әйткенмен, онда жалақы әлдеқайда төмен көрінеді.

"Осы орайда әуежай жаңа мамандарды жұмысқа қабылдауын жалғастыруда. Бұдан бөлек, азаматтық-құқықтық шартпен 3 PR-шы тартылуда. Басшылық ауысқалы кадрлар да кетті. Авиациядан өз ісінің білгір мамандары босатылды", – деген Н.Талипова министрден шиеленісті жағдайға араласып, әділдікті қалпына келтіруді сұраған.

Министр Бейбіт Атамқұлов араласты: оның айтуынша, әуежайдың ішкі аудит қызметіне Ішкі қауіпсіздік департаментімен тізе қоса отырып, көтерілген мәселелер бойынша қызметтік тергеу жүргізу жүктелді.

Қызметтік тергеу қорытындысында Д.Хамзиннің Н.Талипованы жұмыс кеңестеріне қатысудан шеттетуі фактісі құжат жүзінде расталмапты.

"Тәртіптік жазалауға келсек, 2020 жылғы 22 маусым және 4 қыркүйек аралығында азаматтардан келіп түскен өтініш-шағымдарға жауаптарды "электронды Үкімет" порталында уақытында орналастырмау Н.Талипованы тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болған. Бұл жағдайға байланысты оның түсіндірме хаты қоса тіркелген. Сондай-ақ ол жұмыс берушінің 8 қыркүйектегі тәртіптік жазаға тарту актісімен танысқаны анықталды. Сонымен қатар АҚ-ның штаттық кестесінің өзгеруіне байланысты Н.Тәліпова өз өтініші бойынша баспасөз хатшысы лауазымынан жетекші маман лауазымына ауыстырылды", – деп жауап қатты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Сөз соңында ведомство басшысы Еңбек кодексіне сай, жеке еңбек дауларын алдымен келісім комиссиялары қарайтынын, онда түйіні тарқамаса, болмаса, оның шешімдері орындалмаса, мәселе сотта шешілуге тиістігін еске салды.

Бұл жеке оқиға бүкіл елге тән үлкен мәселені – елімізде жұмыскерлер құқығы лайықты қорғалмайтынын көрсетеді. Дамыған елдерде егер қызметкер жалақысы аз және жаңа жағдайға сәйкес келмейді деп таныса болды, бірден кәсіподаққа жүгінеді. Олар "ақырып теңдік сұрап", наразы топты көшеге алып шығады. Демократиялы елдер үшін бұл қалыпты жағдай. Мысалы, осы аптада ғана Германияның көп қаласында көлік қызметкерлері жаппай ереуілге шықты. Ver.di кәсіподағы көлік еңбеккерлерінің еңбек жағдайын жақсартуды талап етуде.

Ал бізде кәсіподақтар "Nur Otan" праймеризіне қатысып, бірнеше өкіліне Мәжілістен депутаттық орынтақ алып берумен әлек болып жүр. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу