Ердоғанның ескертуі

4903

Түркия экономикасы рецессияға ұшырап, лира тағы да күрт құлдырады.

Ердоғанның ескертуі

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған жексенбі күні мыңдаған адамның алдында сөз сөйлеп, қаржы секторында жұртты шетел валютасын көптеп сатып алуға үгіттегендердің "өте ауыр құн" төлейтінін ескертті. Оның мәлімдеуінше, қазір елдің қаржы министрлігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Наурыздың 31-не белгіленген жергілікті сайлау қарсаңындағы митинг Ыстанбұлда өтті.

Мұның алдында, яғни, жұма күні лира доллардың қасында бірден 4 пайызға құлдырап кетті. Түрік ақшасы былтыр тамыздан бері бір күнде мұнша төмендеген емес. Елдің валюталық нарығында мұндай жағдай Анкараның Вашингтонмен қатынасы шиеленіскен шақта қалыптасып отыр. Сонымен қатар  наурыздың 22-де Түркияның басты индексі BIST100  3,45 пайызға, банктік индексі 6,64 пайызға дейін әлсіреген.

Бейсенбі күні Түркия орталық банкі таратқан мәліметке қарағанда, наурыздың екінші аптасында жергілікті тұрғындардың депозитте ұстаған шетел валютасы мен құнды металдар қоры рекордтық деңгейге өсіп, 105,74 млрд долларға жетті. Экономистердің ойынша, бұл ахуал лираға деген сенімнің сетінегенінен белгі береді.  

Ердоған айтқандай, "кейбіреулер" Түркияны арандатуға кірісіп, жергілікті "сыбайластарының" көмегімен лираның нарқын әдейі түсіріп жатыр. "Осындай әрекеттермен сайлау қарсаңында айналысып жүргендерге айтарым мынау: бізге сендердің кім екендерің мәлім. Не істеп жүргендеріңді де білеміз. Біліп қойыңдар, сайлаудан кейін "ауыр құн" төлейсіңдер", – деді Түрік Республикасының басшысы.

Президент бұл сөздердің нақты кімдерге бағытталғанын атаған жоқ. Бірақ сенбі күні Түркияның банк пен нарықты реттеу органы JP Morgan компаниясын тергей бастағанын жариялады. Алайда америкалық инвестициялық банктің аймақтық өкілі бұл мәселе жайында түсініктеме берген жоқ.

Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігі (BDDK) мәлімдегендей, жұма күні JPMorgan компаниясының екі сарапшысы сайлаудан кейін лираның әлсірейтіні жайлы болжам айтып, клиенттерге доллар сатып алуға кеңес берген. Содан кейін түрік ақшасы күрт әлсіреген. Дегенмен "Рейтердің" хабарлауынша, мұндай кеңес беру тәжірибесі бүкіл әлем банктерінде қолданылады.

BDDK агенттігі JPMorgan-ның баяндамасына сүйеніп, халықты шетел ақшасын сатып алуға үгіттеген қандай қаржы ұйымының әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатынын айтқан жоқ, тек "кейбір банктер" деумен шектелді.

Ердоғанның ойынша, "лира әлсірейді, сондықтан шетел ақшасын сатып алыңдар" деп, халықты "адастыратын" ақпарат тарату – "арандату актісіне" жатады. Айта кетсек, Түркия президенті кейінгі кездері ел экономикасы бастан кешіп жатқан қиындықтар үшін сырттағы астыртын күштерді кінәлап келеді. Ал қаржы министрі Берат Албайрактың сөзінше, әлеуметтік желілерде түрік экономикасының құлдырауы жайлы "спекуляциялар" тура 2013 жылғы үкіметке қарсы шерулер кезіндегіндей орын алып отыр.

BlueBay Asset Management компаниясының сарапшысы Тим Эш болса, түрік үкіметі JPMorgan-ды тергей отырып, "өз аяғына өзі оқ атты" деген пікірде. Өйткені осы тергеудің кесірінен Түркияда экономикаға аса қажетті шетел капиталының қашу қаупі туындап отыр.

"Өмір шындығы сол, инвестициялық банктер Түркия бойынша зерттеуді тоқтатады. Ал, мұндай зерттеу жоқ жерде, адамдардың ақша салуға ниеті де  жоғалады. Егер ақпарат болмаса, қандайда бір экономиканы инвестициялау жөнінде шешім қабылдау қиын ғой", – дейді Тим Эш.

Наурыздың 11-де Financial Times газеті хабарлағандай, түрік экономикасы 2018 жылдың соңғы үш айында қысқарып, рецессияға кірді. Жалпы ішкі өнім былтыр төртінші тоқсанда  2,4,  ал үшінші тоқсанда 1,6 пайызға кеміген. Сондықтан 2017 жылды 7,4 пайыз өсіммен аяқтаған Түркия экономикасы 2018 жылы небары 2,6 пайызға ғана дамыған. Бұл – 2009 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

АҚШ-пен жүргізілген сауда соғысы былтыр түрік лирасын 30 пайызға әлсіретіп, импорттық тауарларды қымбаттатты және елден миллиардтаған доллар капитал қашты. Осыған байланысты орталық банк есептік ставканы 24 пайызға дейін көтеріп, несиенің құнын өсіруге мәжбүр болды. Бұдан көлік пен үй саудасы ғана емес, өнеркәсіптік өнімдер нарығы да зардап шекті, сонымен қатар, азық-түлік бағасы шарықтап, жұмыссыздық деңгейі жоғарылады.

Түркия мен АҚШ-ты тайталастырған проблемалар қатарында Сирияда "Даишпен" қалай күресу, Анкараның Америкадан емес, Ресейден зымырандық қорғаныс жүйесін сатып алуы, 2016 жылы Түркияда жүзеге аспай қалған әскери төңкеріске қатысты күдіктілерді жазалау тәсілдері, Гүленді экстрадициялау, америкалық пастордың Түркияда тұтқындалуы сияқты мәселелер бар. 

Дегенмен Албайракқа сенсек, Түркия үшін экономикалық қиындықтар артта қалды, ал өндіріс жыл соңында өсімге қайта оралады. Алдағы муниципиалдық сайлауда Ыстанбұл, Анкара тәрізді ірі қалаларды өз партиясының бақылауында ұстап қалуға үміттенген Ердоған үгіт-насихат науқандарында қымбатшылықпен, жұмыссыздықпен күресті басты тақырып етіп таңдап отыр.

Ердоғанның әділет және даму партиясы (АКР) 2001 жылы Түркия банктік дағдарысқа терең батып, халықаралық валюта қорының көмегіне жүгінгенде билікке келді. Содан бері бұл партия 16 жыл бойы сәтті экомикалық өсімді ту етіп, әр сайлауда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Ыстанбұлдың Білгі университетінің саяси ғылымдар профессоры Эмре Ердоғанның болжамынша, инфляцияның шарықтауы, жұмыссыздық пен жалпы экономикалық құлдырау осы жолы биліктегі партияның халық алдындағы беделін біршама төмендетуі мүмкін.

"Бүгінгі экономикалық ахуал АК партиясын қолдауды белгілі бір дәрежеде төмендететініне күмәнім жоқ. Алайда мұның нәтижесінде оппозиция алдағы сайлауда АКР-ны Ыстанбұл мен Анкарада жеңе ала ма? Ол жағы әзірге белгісіз", – дейді ғалым Ердоған Британияның Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу