Түркия мен Грекия неге бір-біріне қылышын жалаңдатып жатыр?

7258

Екі ел соғысқа бара қоймаса да, шегініс жасауды осалдық деп біледі.    

 Түркия мен Грекия неге бір-біріне қылышын жалаңдатып жатыр?

Түркия мен Грекияның соғыс кемелері теңізде бір-бірінің шеберлігі мен батылдығын сынап жатқанда, Афины мен Анкарада саяси лидерлер Жерорта теңізінің шығысында көмірсутегін игерудің жолдарын қарастырып жатыр. Екеуі де су астындағы орасан байлықты өзінікі деп есептейді.

Таяуда Грекия мен Мысыр Жерорта теңізінің шығысындағы энергетикалық ресурстарды игеру туралы келісімді ратификациялады. Ал, Түркия мұндай пәтуаны Ливиямен жыл басында жасасқан. Сондықтан, бірнеше апта бұрын Крит аралының маңына түріктің cу астындағы мұнай мен газды барлайтын Oruc Reis сейсмикалық кемесі аттанды. Ал, оның соңына түскен  гректің фрегаты түріктің әскери кемесімен соқтығысты. Содан кейін Түркияның F-16 ұшақтары сол ауданға гректің алты  F-16 ұшағын кіргізбеді деген хабар тарады.

Тараптар бір-біріне қылышын жалаңдатып отырса да, соғысқа жете қойған жоқ. Дегенмен, жауласушы жақтар осынау дауда шегініс жасауды осалдық деп біледі.

Жерорта теңізінде гректің де, түріктің де әуе және теңіз күштері шоғырланған. Және де Түркия қыркүйектің басында Кипр жағалауында "оқ атып" әскери жаттығу өткізетінін жариялап отыр. Жақында бұл аймақта осындай соғыс ойындарын АҚШ, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері де өткізді. Оқыс оқиға бола қалса, үлкен жанжал оты тұтанады деген де қауіп те жоқ емес.

Екі жақты не қақтығыстыруы мүмкін?

ГРЕКИЯ МЕН КИПРДІҢ УӘЖІ

Бір қарағанда, бұл дауға Жерорта теңізінің шығысында су түбінде жатқан мол көмірсутегін иемденуге кім құқылы деген мәселе себепші тәрізді.

Грекияның сөзіне сенсек, Түркия оның экономикалық аймағында, яғни, Крит аралы жағалауында мұнай мен газға барлау жасауға әрекет қылып, Афинының суверендік құқықтары мен халықаралық заңдарды бұзайын деп отыр.

Сонымен қатар, этникалық тұрғыдан екіге жарылған, шағын ғана аралдық мемлекет – Кипр да өз жағалауына әскери кемелерді аттандырды деп, Түркияны "пираттық мінез" бен "қарулы қайық дипломатиясы" үшін айыптады. Айта кетсек, бұл ауданда француздың Total тәрізді ірі энергетикалық компаниялары барлау жүргізуге баяғыда-ақ лицензия алып қойған.

ТҮРКИЯНЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ

Түркияның мәлімдеуінше, ол энергетикалық резервке құқықтарын қорғауға міндетті. Анкараны ашындырған тағы бір жайт – Грекияның жағалаудағы аумағын алты теңіз мильіне кеңейту жоспары.

"Сіздер бұған біз келіседі деп ойлайсыздар ма?", - деді сенбі күні Түркия вице-президенті Фуат Октай.

Грекия болса, өз шешімін халықаралық құқық нормаларына сай деп есептейді.

Алайда, мәселенің мәнісі бұдан да тереңде жатуы мүмкін.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Түркияның бүгінгі адуыны оның ғаламдық ойыншы болу стратегиясына, тіпті Осман империясын қайта жандандыру мақсатына сәйкес келеді. Және де Түркия ислам әлеміне жетекшілік етіп, осы аймақты өз ойынан шығатындай етіп өзгертуді қалайды деген болжам бар.

"Мәселе энергетика да емес. Әңгіме Түркияның бұдан да кеңірек аймақтық мүддесі жайында", - дейді америкалық German Marshall Fund аналитикалық орталығының саяси сарапшысы Иен О. Лессер. 

 "ҰЛЫ ТҮРКИЯ"

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Түркияның Жерорта теңізінің шығысындағы әскери маневлары аймақты тұрақсыздандырып, Анкараға дос жинауға көмектеспейді.

Еуропа одағының мүшелері -  Грекия мен Кипр Түркияны энергетикалық серіктестік туралы келісімге талай рет шақырғандарын айтады. Бірақ, түрік үкіметі аймақтағы кеңірек мүддесінің шектелуінен қауіптеніп, бұл пәтуаға кіруден бас тартқан. Сонда ол қандай мүдде?

Жақында Түркияның биліктегі АК партиясының бұрынғы мүшесі Метин Күлүнк "Твиттердегі" парақшасында карта жариялады. Ол Селджук империясы мен сол патшалықтың 1047 жылы Манзикерт шайқасында Византия империясына тойтарыс берген заманнан бастау алады. Президент Реджеп Тайып Ердоғанның жақын сыбайласы көрсеткен карта "Ұлы Түркия" деп аталып, оған Грекияның солтүстігінен бастап, Эгей теңізіндегі аралдардың шығысына дейін созылып жатқан территориялар, Болгарияның жартысы, Кипр, Арменияның басым бөлігі, Грузияның, Ирактың, Сирияның айтарлықтай аумақтары енген.

Айта кетсек, бұған дейін Түркия Ирактың да, Сирияның да теріскейіне және Ливияға әскер кіргізіп, соңғысымен теңіздегі шекара туралы келісімге қол қойды. Ал, Грекиямен, Кипрмен арадағы дау Ердоғанға ел ішінде бедел жинауға да көмектесуі мүмкін деген болжам бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу