Ертіске 23 тонна бактицид төгілді

2337

Шыбын-шіркейдің дернәсілін улау осылай басталды.

Ертіске 23 тонна бактицид төгілді

Былтыр аталмыш препарат тікұшақтан, биыл баржадан төгілді. Ертіске құйылған биологиялық дәрі үш тәуліктен соң нәтиже береді. Яғни осы уақытта бактицид шыбын-шіркейдің дернәсілін улап, оны үшті-күйлі жоқ қылып жібереді.

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Ерлан Тұргелдиновтың мәлімдеуінше, қазір шыбын-шіркейдің дернәсілі дамудың үшінші сатысында. Күн жылығанда дернәсіл жәндікке айналып, қалаға лап қояды. Дәрілеу шарасы осының алдын алу үшін дер кезінде жүзеге асырылған.

"Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы 199,6 мың тонна бактицид препараты сатып алынды. Бұл үшін бюджеттен 498,6 млн теңге бөлінді", – деді Ерлан Тұргелдинов. 

Бас маманның сөзінше, бактицид қоршаған ортаға да, адамға да кері әсерін тигізбейді. Препарат дернәсілдердің ішек жолдарына түсіп, оларды улап тастайды.

"Дәрілеу жұмысы өзен бойының 800 шақырымын қамтиды. Жұмысты "ВЕТДЕЗ-ПВ" мердігерлік ұйымы атқарады. Оларды "Барракуда-Павлодар" ЖШС ғылыми тобы мен қоғамдық кеңес өкілдері, депутаттар мен журналистер бақылайды", – деді Ерлан Тұргелдинов.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр шыбын-шіркей облыс аумағын тұтас жаулап алды. Салдарынан адамдар саябаққа, жағажайға барудан қалса, балабақшалардағы бүлдіршіндер далаға шықпайтын болды. Ал шыбын-шіркей қазан айына дейін қала тұрғындарының құтын қашырды.

Өткен жылы шыбын-шіркеймен күресуге қазынадан 595 млн теңге бөлінді. Бірақ нәтижесі жоғарыдағыдай болды. Себебі алдын алу шаралары тым кеш басталды.

Ақсу қалалық мәслихатының депутаты Андрей Гороховтың айтуынша, баржаға жиналған халық қалаулылары биологиялық улағыш зат бар ыдыстарды тексеріп, канистрлардың барлығы зауыттан шыққан пломбамен бекітілгеніне және сақтау мерзімі бұзылмағанына көз жеткізген.

"Шыбын-шіркейдің дернәсіліне қарсы бактицид 2002 жылдан бері қолданып келеді. Биыл облыс тұрғындары өткен жылғыдай жәндіктерден зардап шекпейді деп үміттенеміз", – деді қалалық мәслихаттың депутаты.

Ертіс – Қазақстандағы арнасы ең үлкен өзен. Бұл жерде шыбын-шіркейге қарсы күрес жылда ұйымдастырылады. Айта кету керек, күрес нәтижелі болып жатыр. Бұған осыған дейін болған 6 түрлі шіркейдің үш-ақ түрі қалғаны дәлел.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу