Есеп комитеті 3 жылдық бюджеттің шығысынан 1,1 трлн теңгені қысқартуды ұсынды

3195

2022-2024 жылдарға арналған бюджет Ұлттық қордың сарқылуына жол ашуы мүмкін. 

Есеп комитеті 3 жылдық бюджеттің шығысынан 1,1 трлн теңгені қысқартуды ұсынды

"2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасындағы шығыстарға ішінара талдау жүргізген Есеп комитеті құжат жаңа бюджет саясатына қайшы екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасындағы шығыстардың негізгі бағыттары бойынша бағалау қорытындысын жариялаған болатын.

Кірісі жоқ, шығысы көп бюджет

Комитет сарапшылары бюджеттік жоспар мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына негізделмей жасалмағанына алаңдаулы.

Мысалы, 2022 жылы республикалық бюджет шығыстарының 37%-ын Ұлттық қордың трансферттері және бюджет тапшылығын ұлғайту есебінен қамтамасыз ету болжанып отыр. Қарапайымдап айтсақ, келер жылы кіріс пен шығыстың арасындағы айырмашылық 37% болады деген сөз. Осы айырмашылықты жабу үшін Ұлттық қорға қол салып, қосымша қарыз алуға тура келмек.  2023 жылы бюджеттің кірісі мен шығысындағы айырмашылық – 34%, 2024 жылы – 31% болмақ.

"Есеп комитетінің бағалауы бойынша аталған болжамдар оптимисті. Іс жүзінде алдағы кезеңнің бюджетін атқару процесінде мұндай шығыстардың көлемі орта есеппен 45%-ға дейін ұлғаяды", - деп пайымдайды комитет мамандары.

Демек, іс жүзіндегі бюджет тапшылығы 37% емес,  45% болуы мүмкін. Өйткені, 2020 жылы шығыс көлемі кірістен 34% артық болады деп бекітілгенімен іс жүзінде 51%-ға жеткен. 2021 жылы бастапқы 45%-дан  іс жүзінде 48%-ға артқан.

Бюджет жобасы бойынша 2024 жылы мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы 31,9% болатыны айтылған. Бұл жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасында белгіленген шектеулерден жоғары.

Есеп комитетінің өкілдері Қазақстан дамуының ұлттық жоспары мен үшжылдық бюджет жобасының арасынан да қайшылық тапқан. Ұлттық жоспарда азаматтардың әл-ауқаты артатындығы айтылса, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жоспарында халықтың кедейлік деңгейі 2022 жылы 5,4%-ға өсетіні болжанған (2020 жылы 5,3%).

Ұлттық қорды пайдаланудың 2022-2024 жылдарға арналған болжамды параметрлері де жаңа бюджет саясатының белгіленген қағидаттарына сәйкес келмейді. Салдарынан Ұлттық қорға қаражат жинақталудың орнына сарқылу қаупі төнуі ықтимал.  Олай дейтіні, жаңа бюджет саясатында 2022 жылы Ұлттық қор жинақтарының жалпы ішкі өнімге қатысы 30%-дан төмендемеу керек деген талап бар. Ал үш жылдық бюджет жобасында  2023-2024 жылдары бұл шама 29,7% және 28,9% болатыны айтылған.

"Бұған жол беруге болмайды және түзетуді қажет етеді", - делінген комитеттің қорытындысында.

Үш жылдық бюджетте жүздеген миллиард теңге бөлу жоспарланып отырған 27 түрлі субсидияның тек 10-ы бойынша 5 млрд теңге салық алу, 200 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Қалған 17 субсидияға 505 млрд теңге қарастырылғанымен, оның экономикалық әсері қандай болатыны туралы бір ауыз сөз жазылмағанын айтады сарапшылар.

Жоба бойынша 2021 жылы мемлекеттік борыштарға қызмет көрсетуге 958,3 млрд теңге, ал 2024 жылы 1,5 трлн теңге жұсау жоспарланған.

"2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 31%-ы мемлекеттік борыш міндеттемелерін өтеуге және оларға қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс", - деп жазылған қорытындыда.

Сұрауы жоқ 6 трлн теңге

Есеп комитетінің бағалауынша, соңғы кезде өңірлердің де республикалық трансферттерге деген араны ашылып алған. Жергілікті маңызы бар бюджеттік инвестициялар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болған.

"Үшжылдық кезеңде бөлінетін трансферттердің 6 трлн теңгеден астамына мониторинг және бағалау жүргізілмейді. Бұл мемлекеттің қаржылық ресурстарының жұмсалуының тұтастығы мен объективтілігін бағалауды жүргізуге мүмкіндік бермейді. Тұтас алғанда, жалпы сипаттағы ресми трансферттердің көлемі бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде жергілікті бюджеттер базасына берілетін шығыстарды бағалаудың орындылығы байқалады", - деген комитет мамандары бюджет шығыстарының нәтижелілігін арттыру үшін мынадай шаралар қабылдау керектігін айтқан:

1. Барлық сала үшін бюджеттік инвестициялар мен субсидияларға мәлімделген шығыстардың экономикалық әсерін есептеудің бір стандартқа негізделген әдіснамалық нұсқаулғын әзірлеу;

2. Бюджет жобалары мен бағыттарын қаржыландырудың басымдығын айқындаудың әдіснамалық негізін (тетігін) қалыптастыру;

3. Республикалық бюджет комиссиясының шұғыл шығындарға арналған Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын міндетті түрде қарауын регламенттеу;

4. Қаражат пен қолданылатын құралдарды шоғырландыру үшін реттеу мен мемлекеттік қолдаудың біртекті және ұқсас бағыттарын оңтайландыру бөлігінде мемлекеттік жоспарлау құжаттарына тексеру жүргізу.

5. Жергілікті бюджеттерге берілген және нысаналы трансферттер арқылы жоспарланатын ағымдағы және инвестициялық шығыстар бойынша қалыптасқан базаға түгендеу жүргізу.

6. Тексеру комиссияларына жалпы сипаттағы трансферттер түрінде орталық деңгейден берілетін қаржыландыру көлемі ескеріле отырып қалыптастырылатын жергілікті бюджеттердің жобаларына алдын ала бағалау жүргізу жөнінде өкілеттіктер беру.

7. Ұлттық қор қаражатының сарқылуына жол бермеу үшін 166,2 млрд теңге көлемінде жоспарланған базалық шығыстарды қысқарту.

"Есеп комитеті үш жылдық бюджеттің 3,2 трлн теңгелік шығыстарына 9 басым бағыт бойынша бағалау жүргізді. Бұл даму бюджетінің 71%-ын құрайды. Бағалау қорытындысы бойынша шығыстардың неғұрлым тиімді және басым бағыттарына 1 164 млрд теңгені оңтайландыру ұсынылды", - деп түйіндейді Есеп комитетіндегілер.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу