Google журналистерге тақырыптар мен жаңалықтар жазуға көмектесетін құрал әзірлеуге кірісті

1248

Алайда мұндай технологияның сенімді ақпарат тарата алатынына әзірге күмән бар.   

Google журналистерге тақырыптар мен жаңалықтар жазуға көмектесетін құрал әзірлеуге кірісті Фото: google.com

Google журналистерге мақалалар мен тақырыптар жазуға көмектесетін жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын әзірлей бастағанын және өз идеяларын жаңалықтар индустриясының жетекшілерімен талқылағанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қарқынды дамып келе жатқан бұл технологияның дәл ақпарат бере алатынына сенуге бола ма және ол журналистерді жұмыссыз қалдыра ма деген алаңдаушылықта жоқ емес.

Times басылымының  хабарлауынша, The New York Times, The Washington Post және News Corp, The Wall Street Journal жетекшілері Google-дің бұл бағытта қалай жұмыс істеп жатқанынан хабардар.

Google-дің мәлімдемесінде жасанды интеллектпен жақсартылған құралдардың журналистерге тақырыптар мен түрлі жазу стильдерін таңдауға көмектесетіні айтылған.  Журналистикадағы жаңа технология  жұмыс пен өнімділікті арттыру тәсілі ретінде сипатталып отыр.

"Дегенмен, бұл құралдар журналистердің мақалаларды жазу және фактілерді тексерудегі маңызды рөлін алмастыруға арналмаған және оларды алмастыра алмайды да", – дейді Google.

Associated Press өзінің кейбір жұмыстарында жасанды интеллектің қарапайым түрлерін шамамен он жыл бойы пайдаланып келеді. Мысалы, бұл агенттік кәдімгі спорттық ойындар нәтижелері мен корпоративтік табыстар туралы материалдарды әзірлеуге автоматтандырылған жүйені пайдаланады.

Адамға ұқсас жазба жұмыстарын жасай алатын ЖИ жүйелерін құру үшін технологиялық компаниялар жаңалықтар мақалалары мен цифрландырылған кітаптар сияқты үлкен қорды қолданады. Алайда сол компаниялардың барлығы осы материалдарды нақты қайдан алғанын айтпайды немесе олардың кейбіреулерін интернеттен жинақтайды.

Өткен аптада Associated Press пен OpenAI компаниясы (ChatGPT-ді жасаған) Associated Press-тің 1985 жылдан бергі жаңалықтар мұрағатын лицензиялау туралы мәміле жасасқандарын хабарлады. Бірақ бұл келісімге қатысты қаржылық шарттар жарияланбай отыр.

"Біз тілшілеріміз бен редакторларымызға жұмыстарын орындауға көмектесетін технологиялық жетістіктерді жақтаймыз.  Біз үшін ең бастысы – жұмысымызды қорғау және журналистік стандарттарды сақтау. Алайда ЖИ-дің бұл салада тек өз ісін ғана атқарғанын қаламас едік", – дейді News Media Guild компаниясының президенті Вин Черву АР агенттігіне берген сұхбатында.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, жаңалықтар ұйымдары жаңа технологияның өздеріне беретін мүмкіндіктерінен бас тартпауы керек.

"Бұл 1990 жылдардағыдай редакция интернетті пайдалануы керек пе" деген сұраққа ұқсайды. Жауап - иә, бірақ оны ақылмен қолдана білуіміз керек", - дейді  Нью-Йорктегі ProPublica онлайн жаңалықтар порталының бұрынғы жетекшісі Дик Тофель.

Өзге бір зерттеушілердің ойынша, журналистік ұйымдар мұндай технологияның, әсіресе, алғашқы кезде, қателер жіберуі мүмкін екенін ескеруі керек және одан беделге келген нұқсан қаржылық пайдадан асып түсуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу