Инженерлік желілерді жүргізуде жүйе жоқ

2084

Бұл мәселе павлодарлықтарды алаңдатып отыр. 

Инженерлік желілерді жүргізуде жүйе жоқ

Қоғам қолдамаған зауытқа инфрақұрылымның тартылуы қалай?

"Павлодар-Сода" ЖШС солтүстік өндірістік аймақта кальциленген сода зауытын салуды көздеп отыр. Бірақ былтыр қаңтар айында өткен алғашқы қоғамдық тыңдау кезінде-ақ бұл жоба экологтардың тарапынан қолдау таппады. Биыл екінші рет ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауда да қоршаған ортаны қорғаушылар бұл өндірісті құптамады.

"Зауытта бір тонна өнімді дайындау үшін 10 тонна жойылмайтын қалдық шығарылады. Оған қоса, 4,5 млн текше метр суды пайдалануды көздеп отыр. Ескі технологияның қолданылатыны тағы бар. Қысқасы, бұл жоба экологияға көп зиянын тигізеді. Мұндай кәсіпорын өндірістік қалдықтар шығару көрсеткіші бойынша елімізде бірінші орында тұрған Павлодар облысына керек емес", – дейді эколог Светлана Могилюк.

Ал "Павлодар-Сода" ЖШС басшылығының айтар өз уәжі бар. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, зауыт жылына 2,232 млн текше метр суды тұтынатынын айтады. Сондай-ақ, ескі технология емес, қауіпсіз деп бағаланатын "Solvay" әдісі қолданылатын көрінеді. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжатқа тағы бірнеше өзгеріс енгізіліп, жобаны үшінші рет қоғамның талқысына салмақ.

Экологтар мен кәсіпорын басшылығы жобаның басым әрі кемшін тұстарын талқылап жатқан тұста әлі іргетасы да қаланбаған бұл зауытқа инженерлік желілер тартылып жатыр. Атап айтқанда, "Павлодар-Сода" зауытын салу көзделген аймаққа мемлекеттік қазынаның есебінен жылу, электр энергиясы, байланыс, техникалық, шаруашылық және таза ауызсу құбырлары салынуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен  414,3 млн теңге, облыстық бюджеттен 46 млн теңге бөлінді.

Жергілікті билік қолға алған бұл жұмыстар қоғамның наразылығын тудырмай қоймады. "Салынар-салынбасы белгісіз зауытқа желі жүргізілгені несі?", "Қоғамдық тыңдаудың көзбояушылық болғаны ғой", "Құбырлардың тартылуы тағы бір зиянды өндірістің түптің түбінде салынатынын білдіреді" деген сипаттағы пікірлер қарша борады.

Павлодар облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мейір Алпысовтың айтуынша, былтыр өңірлік кеңес солтүстік өндірістік аймақта инфрақұрылым тартуға қатысты жобаны мақұлдады. Соның негізінде биыл "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстары басталды.

"Инженерлік-коммуникациялық желілер толығымен тартылып болған соң, олар инвесторға сенімді басқаруға беріледі. Егер "Павлодар-Сода" кәсіпорнының  жобасы қоғамдық тыңдаудың оң бағасын алмаса, бұл желілер осы аумақта өндіріс орнын салатын басқа компанияға тапсырылуы мүмкін", – дейді Мейір Алпысов.

Есесіне үйлерде орталық желілер жоқ

Қаланың бір шетінде он екіде бір нұсқасы жоқ кәсіпорынға желілерді тарту қарқынды жүріп жатса, екінші шетінде – мүлде бөлек жағдай. Достық шағын ауданында жаңадан салынған бес бірдей көпқабатты баспанаға тиісті коммуникациялар тартылмай отыр. Құрылысы қазан айында аяқталған пәтерлерде әлі күнге дейін жылу, су және кәріз жүйесі жоқ. Жылдар бойы жаңа шағын ауданнан үй алу үшін тірнектеп қаржы жинаған тұрғындар баспананың жыл соңына дейін қолданысқа берілеріне күмәнмен қарайды.

"Құрылыс компаниясы қаңтар айында үйдің іргетасын қалап, қазан айында аяқтады. Арада екі айдан астам уақыт өтсе де, жаңа пәтер кілттері қолымызға тиген жоқ. Себебі коммуникацияларды тарту жұмыстары қарашаның ортасында ғана басталды. Жұмысшылар қыста жер қазу ісі тоқтап, келесі жылы көктемде қайта жалғасатынын айтады. Сонда тағы жарты жыл күтуіміз керек пе? Бұл мәселені айтып, қалалық, облыстық әкімдікке хат жаздық. Бірақ жұмыстың қарқын алар түрі жоқ", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Қайрат Жүнісов.

Ескі саяжайлардың орнына тұрғызылған бес көпқабатты баспана "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ салымшылары мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілуге тиіс. Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям олар осы айда қоныс тойын тойлайды деген уәде берді.

"Коммуникация тартуға қатысты мемлекеттік конкурс қараша айында өтіп, мердігер компания анықталды. 25 желтоқсанға дейін тұрғын үйлерге қажетті инженерлік желілердің барлығы тартылады. Жаңа жыл қарсаңында бұл баспаналар қолданысқа тапсырылады", – дейді шаһар басшысы.

Осылайша, болашағы бұлыңғыр жобаға инженерлік желілер тартылып жатқан тұста 500-ге жуық отбасы жаңа үйлеріне қоныстанатын сәтті тағатсыздана күтіп отыр.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу