Израиль АҚШ-тың көмегін алса да, талаптарын орындағысы келмейді

1740

Өз армиясына төнуі мүмкін қауіпті ойлап, америкалық конгресмендер Израильді күштеп, бітімге иліктіруді ұсынды.

Израиль АҚШ-тың көмегін алса да, талаптарын орындағысы келмейді Фото: wctechblog.com

2022 жылғы 14 сәуірде теңіз флоты жоқ Украина ресейлік "Мәскеу" гвардиялық зымыранды крейсерін шабуылдап, теңіз түбіне батырып жібергенде, әлем аһ ұрды. Себебі, бұл крейсер Ресей Қара теңіз флотының флагманы, "1164 Атлант" жобасы аясында арнайы жасалған бас әскери кеме болатын. "Мәскеу" крейсері – Украинамен соғысындағы Ресейдің ең қымбат әскери шығынына айналды: шамамен 2 млрд доллар тұрады. Троллинг жасап, келеке еткен Украина батып кеткен ресейлік крейсерге №2064 нөмірмен "суасты мәдени мұрасының объектісі" мәртебесін берді.  

Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс өршісе, ұқсас жағдайға АҚШ тап болуы мүмкін. Сонау 2003 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс заманынан, яғни 20 жылдан бері алғаш рет бірден 2 америкалық авиатасығыш (авианосец) Таяу Шығыстан табылды.

Кек алу мақсатында Газа секторына басып кірген одақтасы Израильді қорғау үшін Құрама Штаттар Жерорта теңізіндегі оның жағалауына "Джеральд Р. Форд" (Gerald R. Ford) және "Дуайт Эйзенхауэр" (Dwight Eisenhower) бас әскери кемелерін қатар аттандырды. Бүгінде олар Йеменнен және басқа көршілерінен Израильдің бағытына қарай ұшқан зымырандарды қағып түсіруде.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, сонау 1930 жылдардан бері "авианосецтер" Америка армиясының бүкіл әлемдегі қуатын, тегеурінін паш ететін "шоқпардың" рөлін ойнады. Ұзындығы ат шаптырым бұл кемелер үстіне әскери кемелерді қаптатып қондырып, теңіз-мұхиттармен ғаламшардың кез келген аймағына жете алады. Онымен бұл салада тең бәсекелесе алмасын нық түсінген Кеңес одағы басқа жолды таңдады: су асты қайықтарын жасауға екпін түсірді.

Жерорта теңізінің шығыс жағалауына Америка бір емес, екі ұшақтасығышын бағыттағанын білгенде, әскери сарапшылар шалқасынан түсе жаздады. Оның әрқайсысында шамамен 90 әскери жойғыш ұшақтар қонған. Бұл қадам – Израильдің жауларына, бірінші кезекте Иран мен Йеменге: "бомбалаудан бас көтере алмай жатқан Газа секторына көмекке келуді тіпті ойламаңдар, әйтпесе сендерді жермен-жексен етеміз" деген сұрапыл сигнал, түйілген сом жұдырыққа тең болатын. Содан олар әзірге палестиналық радикалды қозғалысқа көмекке келмеді.

Әйтсе де, енді америкалық және израильдік сарапшылар Құрама Штаттардың қос авиатасығышынан да айрылып қалуы мүмкін екенін ескерте бастады.   

Israel Defense талдауында көрсетілгендей, қанша жерден алып, қуатты болғанымен, америкалық "авианосецтердің" осал тұсы, талмау жері жетерлік. Оның бәрін қарсыластар біліп, тіпті көздеп отыр.  

"Ұшақ тасымалдаушы алып кемелер тым ірі, жеңіл  идентификацияланатын нысана. Операциялық доктринаның нұсқауынша, авиатасығыштарды өзін қоршап жүретін операциялық топ – крейсер, фрегаттар, эсминецтер, суасты қайықтары, сондай-ақ оның өз бортындағы ұшақтар қалқалайды. Олар 75 миль (120 шақырым) радиустағы "теңіз-теңіз" немесе "ауа-теңіз" сыныбындағы зымырандардан төнетін кез келген қауіп-қатерді жоя алады. Мұның бәрі теңізде немесе аспанда қарсы кезігетін дұшпанмен күреске бағдарланған. Сондай-ақ суасты қайықтарынан қорғаныс та нығайтылған", – деп жазады Israel Defense.

АҚШ авиатасығыштары Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Вьетнам, Ирак сияқты елдермен арадағы соғысқа жұмылдырылды. Ал бұл елдерде оған жауап соққы беретін қарулары болмады.

"Теңіз аренасындағы шайқастар сипаты өзгерді. Көптеген елдің арсеналында алысқа ұшатын беспилотниктер, зымырандар, жағалаулық қорғаныс жүйелері, кемеге қарсы баллистикалық зымырандар, оптикалық бақылаудың жетілдірілген аспаптары пайда болды. Қытайлар DF-21D және DF-26 баллистикалық зымырандарын жасап шықты, олар авиатасығыштарды жоюға арналған. Ресей "Яхонт" типті кемеге қарсы қанатты зымырандарды иеленді. Зымырандар жағалаудан ұшырылып, жүздеген шақырымдағы кемелерге соққы бере алады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары кемелерден немесе ұшақтардан ұшырылатын, авианосецтерді жарып жіберу үшін жасалған гипердыбысты зымырандар қолданысқа берілді", – деп талдады Israel Defense порталы.

Оның сарапшылары Украинаның ресейлік ірі әскери кемелерін камикадзе дрондармен, суүсті және суасты дрондарымен шабуылдап жатқанын қаперге салды. Мұндай құралдар ірі кемені толық жарып, су түбіне батыра алмайды, бірақ салмақты зақым келтіреді. Бірнеше айға созылатын ұзақ жөндеуге қаңтарылып тұруға мәжбүр етеді.

Израильдік әскери сарапшы Йотам Гутманның түсіндіруінше, мәселен, Иран америкалық авиатасығышты жойып жіберісі келсе, бұл оның қолынан келуі мүмкін.

"Иран теңіздегі авианосецке жағалаудан және кемелерден бір мезгілде зымырандар жаудырады. Сондай-ақ әуеден шабуылдап, беспилотниктермен соққылауы ықтимал. Америкалық ұшақ тасымалдағыштарға нұқсан келтіру әлеуеті Иранда бар. Әзірше Иранның әскери әуе күштері аса қуатты емес, оның әскери кемелері де авиатасығыштарға тікелей қатер төндіре алмайды. Соған қарамастан Тегеран "асимметриялық соғыс" жүргізу әдістерін әзірлеуде. Оған әр жақтан бір мезгілде көптеген зымыран ұшыра алатын, соққылаушы дрондарды, камикадзе катерлерді қашықтан басқаратын шағын ұрыс кемелері тартылады", – деді Йотам Гутман.

2020 жылы Иран "Ұлы пайғамбар" аталған әскери жаттығулар барысында төл соғыс катерлерінен зымыран ұшырып, қарсыластың авиатасығышын үстемелете соққылап, артынша сол "авианосец" макетіне десант түсіру тәсілдеріне жаттықты.

Мұның бәрі америкалық сарапшыларды алаңдатып отыр. Қазіргі кезде "Эйзенхауэр" авиатасығышы Оман шығанағында тұр. Парсы шығанағына кіруге, Иран жағалауына жақындауға әзір батпады. Бұрын сол жерде, Парсы шығанағында америкалық авианосец болған, геосаяси ахуалды ушықтырмау үшін 3 жыл бұрын шығып кеткен еді. 

Халықаралық сарапшылар Хезболланың бас хатшысы Хасан Насралла өз сөзінде радикалды топтың иелігінде "Яхонт" зымырандары да барын және оларды америкалық кемелерге қарсы қолдана алатындарын меңзеп қалғанына назар аудартты.

Америкалық басылымдардың хабарлауынша, америкалық әкімшіліктің биік лауазымды өкілдері израильдік шенеуніктермен әңгімесінде алда Израильге қарсы тағы бір майданның ашылу қаупі барын ескерткен.

Осы орайда Газада соғыс басталғалы алғаш рет АҚШ Демократиялық партиясының конгресмендері Израилге қару сатуды бұғаттауға кірісті.

Депутаттар Ильхан Омар, Рашида Тлаиб, Кори Буш, Делия Рамирес, Ли Саммер Парламентке арнайы қарар енгізді. Ол Израильдің үкіметіне қорғаныс қызметтерін көрсетуге, қару экспортына лицензия беруге тыйым салуды қарастырады. Сонымен қатар Хамаспен соғыс ұзап кеткендіктен, Израильге өз бетінше жоғары дәлдікті бомбалар жасауға мүмкіндік беретін, 320 млн доллар тұратын жабдықты жеткізудің жолын кесуге бағытталған.

"Биньямин Нетаньяху мен оның ультраоңшыл, ұлтшыл үкіметі Газа секторында блокада ұйымдастырып, адамгершілікке қарсы қылмыстар жасауын жалғастыруда. АҚШ одан бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды барынша азайтуды, жерүсті операциясын жүргізбеуді, Газа секторын тағы да оккупацияламауды, атысты доғаруды сұрады. Нетаньяху Американың бірде бір сұрауын орындамады және біздің саясатымызды елейтін емес", – деп дәйектеді америкалық демократ конгресмендер.

Сарапшылар бұл қарарды төменгі Өкілдер палатасы тіпті қарауға да алмайтынын еске салды. Өйткені палата қарауына шығарылуы үшін құжатты алдымен Сыртқы істер комитеті мақұлдауы шарт. Ал оны Израильдің берік жақтасы республикашыл Майкл Маккол басқарады. Алайда егер қарарды бірден Сенат құптаса, онда ол автоматты түрде қос палатаның дауыс беруіне қойылады. Бұл рәсім қару экспортын бақылау заңында көзделген.

Бүгінде Құрама Штаттар Израильге түрлі қару, снарядтар, техника жеткізуін жалғастыруда. Бірақ Вашингтонның Газа соғысына қарсылығы артып келеді.

Кеше АҚШ Президенті Джо Байден израильдік Премьер-Министр Биньямин Нетаньяхуға мұны анық ұғындырғанын жеткізді. Оның байламынша, "Израильдің Газаны оккупациялауы қателік болды". Байден Нетаньяхуға: "Палестинаның тәуелсіз, жеке мемлекетін құру – қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы" екенін мәлімдепті. Бұл – бүкіл араб және түркі елдерінің ортақ ұстанымы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу