Қашағандағы алып газ өңдеу зауыты қашан іске қосылады?

4283

Мемлекет басшысы өз жолдауларында ірі жобаларды да жариялайды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында елдегі экология мәселесі басты назарда болуға тиістігін нықтаған. Сондықтан мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға көшірген жөн екенін айтты. 

Қашағандағы алып газ өңдеу зауыты қашан іске қосылады?

Осы орайда оның тапсырмасымен былтыр батыс өңірлерді газбен қамту ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңгеден асатын үш жоба қолға алынды. Соның бірі – Қашағандағы газ өңдеу зауытының жобасы. Алайда артынша, биылғы қаңтарда газ бағасы "қаралы қаңтар" оқиғаларына түрткі болды, осы жоба да дағдарды. Оның үстіне сарапшылар бұл жобаның тізгіні бұрынғы билікке жақын тұлғалардың қолында болғанына назар аудартады. Жаңа Қазақстанда олардан арылу бұл жобаның да тоқырауына соқтырды.

Нәтижесінде, 2022 жылғы 29 маусымда ел Үкіметі Қашағандағы газ өңдеу зауытын салып жатқан компания мемлекет меншігіне өтетінін жариялады. Үкімет тиісті қаулыны да жедел қабылдады. Бұған дейін алып кәсіпорын "GPC Investment" ЖШС-ның иелігінде еді.

"GPC Investment" ЖШС жарғылық капиталына қатысу үлестерінің 100 пайызын сыйға тарту шарты арқылы республикалық меншікке беру туралы "Tau Bereke Group" ЖШС-ның ұсынысы қабылдансын", – делінген қаулы мәтінінде.

"Айта кету керек, "GPC Investment" компаниясы – "Қашаған кен орны шикізатының базасында қуаты 1,15 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу" жобасының операторы. Жеке инвестордың жобаны іске асыруды жалғастырудан бас тартуына байланысты "GPC Investment" компаниясы "QazaqGaz" ҰК" АҚ балансына беріледі. Өз кезегінде, бұл ішкі нарықты бағасы қолжетімді тауарлық және сұйытылған газбен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ зауыт құрылысының жобасын уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Зауыт құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бірақ жеке инвестор 2021 жылғы маусымнан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп келген маңызды жобаны ары қарай жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп зауытты Үкіметке тегін тастап кетті. 14 маусымда Энергетика министрлігі "GPC Investement"-тің зауыт құрылысымен бірге мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады және Үкімет қаулысының жобасын ұсынды.

Нәтижесінде, аталған кәсіпорын алып газ зауытының құрылысын енді мемлекеттің қаражатына аяқтайтын болады.

КазТАГ дерегінше, Қашаған кенорнындағы ГӨЗ құрылысына "ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болған Қайрат Шәріпбаев бас-көз болған. Тіпті бюджеттік арзан кредит берілуіне қол жеткізіпті. Қаңтар оқиғаларынан кейін ол басшылықтан аластатылды, ал ұлттық компания QazaqGaz деген жаңа атау алды.

Оның хабарлауынша, "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін бұрынғы биліктің адамдары саналған бірқатар биік мәртебелі тұлға жоғарғы лауазымдарынан айырылды. Қос "күйеу бала" ұлттық компаниялар басшылығындағы орынтақтарынан ауып қалды. Қайрат Шәріпбаев – QazaqGaz, Димаш Досанов – "ҚазТрансОйл" басқарма төрағасы қызметтерінен кетті. Маусым айында QazaqGaz жаңа басшылығы ұлттық компанияда жалпы сомасы 937 миллиард теңгенің бұзушылықтары әшкереленгенін мәлімдеді. Қайрат Шәріпбаев бұл компанияны 2014 жылдан бері басқарып келген еді.

Мұнай саласына маманданған Petrocouncil басылымының мәліметінше, Шәріпбаев "NCOC-тан – ілеспе газды жеткізу келісіміне, ал Қазақстанның даму банкі мемлекеттік банкінен – ГӨЗ құрылысына кредиттің берілуіне қол жеткізді". Сарапшылар бұл жобаның белгісіз бір компаниядан мемлекеттің меншігіне көшуін дұрыс санайды. Өйткені алып зауыт іске қосылмай қалса, ол Қашаған кенорнын игеруді әрі қарай кеңейту жобасын кейінге ысыруға тура келмек.

Petrocouncil сарапшылары бұл жобаны жүзеге асыру әу бастан мөлдір болмағанын қаперге салды. Оператор саналған GPC Investment компаниясы 2019 жылғы 23 ақпанда шағын бизнес нысаны ретінде құрылыпты. Ашық дереккөздерде бұл ЖШС құрылтайшылары қатарында "Tau Bereke Group" ЖШС және Григорий Огай деген жеке тұлға көрсетілген. Өз кезегінде "Tau Bereke Group" ЖШС құрылтайшылары болып, Danko Investment Group FZE, Григорий Огай және Юлия Баландина тіркелген. Petrocouncil біріншіден, таяуда ғана құрылған шағын бизнестің миллиард долларлық жобаны қанжығалағаны, екіншіден, сол кездегі Мамин Үкіметі неге халықаралық тендер өткізіп, жұмыс тәжірибесі, қаржылық тарихы, технологиясы және басқасы бар инвесторды таңдап алмағаны түсініксіз екеніне назар аудартады.

Қалай болғанда, қаңтар оқиғалары және содан кейін Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдер бұл олқылықты да түзеткенге ұқсайды. Жоспар бойынша алып газ өңдеу зауыты іске қосылған соң, ол Қашағанның мұнайға ілесе шығатын күкіртті газын шикізат ретінде пайдаланады. Жаһандық супергигант саналатын Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company мен QazaqGaz ұлттық компаниясы арасындағы мәміле шарттарына сәйкес, NCOC жыл сайын ұлттық газ компаниясына 1 млрд текше метрден астам шикі газ беріп отырады. Әрі қарай QazaqGaz процессинг шартымен шикізатты ГӨЗ-де өңдейді. Одан алынған, күкіртті сутектен арылған тауарлық көгілдір отынды ұлттық компания қалаған мақсатына, яғни Үкімет тапсырмасымен пайдаланады.

Мемлекеттің оператордан газды қандай бағамен сатып алатыны және қалай есептесетіні белгісіз. Бір анығы, бұл келісім қос тарап үшін де пайдалы. Мемлекет сол арқылы отандық газ өндірісін күрт арттырып, елдегі газ тапшылығын жоя алады. Бұл жаңа қалалар мен елдімекендерді газдандыруға жол ашады. Ал NCOC ілеспе газды кәдеге жарату мүмкіндігіне ие болады. Құрамында күкірті (14-16%) тым көп газ Қашаған мұнайын өндіруді еселеп арттыру ісін тежеп келген факторлардың бірі. Ілеспе газды алауларда көп өртеуге болмайды, ол үшін айыппұл, тіпті қылмыстық жаза қарастырылған. Оның бәрін жер астындағы қабаттарға кері айдау қосымша шығынды талап етеді. Қазақ газын өңдейтін Ресейдегі ГӨЗ-дердің де әлеуеті шектеулі. 

Атырау облысындағы алып газ өңдеу зауытының жалпы қуаты жылына 1,150 миллиард текше метр шикі газды өңдеуге жетеді деп күтілуде. Ресми мәлімет бойынша онда бетонмен байланысты жұмыстар жүргізілуде. Жасалуы ұзақ уақыт алатын негізгі техникалық жабдықтарына былтыр тапсырыс беріліп қойыпты. Құрылыс алаңында 686 жұмысшы мен 236 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

Жобаны барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бірнеше нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, зауытқа Ескене кентінен 8,2 шақырым автожол төселеді, одан Ескене станциясындағы теміржолға қарай 7,23 шақырым өтпе теміржол жабдықталады. Бұл құрылыстар 2022-2023 жылдарды қамтиды.

Бұдан бөлек, зауыттан "Макат-Солтүстік Кавказ" магистралді газ құбырына дейін жаңа газ құбыры тартылады. Оған мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл 8,5 млрд теңгеге түседі. Магистралді газ құбырына қосылу торабын монтаждау ақталған. Ұзындығы 17 шақырым, өткізу қабілеті жылына 1 млрд текше метр болатын газ құбырын төсеу жұмыстары басталды. Зауытқа шикізат сол құбырдан келеді.

Сонымен қатар өрт сөндіру депосы, компрессорлық станция, электр қуатын жеткізу желілері мен инженерлік желілер тұрғызылуда. Алпауыт зауыттың өндірісіне қажетті техникалық су "Астрахан (РФ) – Маңғышлақ (ҚР)" су құбыры арқылы беріледі. Кәсіпорын жылына 0,9 миллион текше метр су тұтынбақ. Ауыз су "Атырау-Мақат" магистралді су құбырынан жеткізіледі. Зауытқа және оның персоналына тәулігіне 440 текше метр таза су қажет болатын көрінеді.

Біраз нысанның қолданысқа берілу мерзімі 2022 жылдың IV тоқсанына қалдырылған. Содан сарапшылар газ өңдеу зауыты алдағы жылдың басында ел игілігіне айналуы мүмкін деп болжады. Іске қосу-жөндеу жұмыстары зауыттың төл құрылысы аяқталғанда және барлық қажетті инфрақұрылым объектілері қолданысқа берілген соң ғана жүргізіледі.

Жобаны жүзеге асыру жылына 800 млн текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ (автогаз), 35 мың тонна конденсат, 212 мың тонна күкірт алуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында газ тақырыбына жеке тоқталып, мән-маңыз берді. Оның байламынша, көгілдір отынға қатысты қордаланған әрі ушыққан түйткілдерді шешу үшін жеңіл-желпі емес, жүйелі шаралар қажет. Бұл газдың ресурстық базасын ұлғайтуды және газ өңдеуді арттыруды көздейді. Тек өндірісті және өңдеуді арттыру арқылы ғана мемлекет экспорттан табыс тауып, ішкі қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ете алады. Ендеше қаңтардан бері біраз дағдарған алып ГӨЗ жобасына Жаңа Қазақстанда тың серпін беріледі деген үміт бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу