Кәсіпорындар өз ақшаларына ғана сенеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2777

Ірі және орта бизнеске инвестиция жетпей жатыр.

Кәсіпорындар өз ақшаларына ғана сенеді

2019 жылдың басынан бері елдегі негізгі капиталға салынған инвестицияның төмендеп кеткені белгілі. Оның себебін көпшілік транзиттік кезеңмен байланыстырып отыр. Ұлттық банк мәліметінше, кәсіпорындардың көпшілігі үшін инвестициялық белсенділікті шектейтін басты себептердің бірі – қаржы ресурстарының жетіспеушілігі. Мұндай қорытындыға бас банк сарапшылары кәсіпорындар арасында жасаған сауалнамадан кейін, осындай қорытындығы келіп отыр. 

Ақша бар, бірақ қолжетімсіз
Салаларға жекелей тоқталар болсақ, саудамен айналысатын ірі және орта кәсіпорындар негізінен бәсекелестіктің тым жоғарылығынан зардап шегіп отырса, өңдеу саласындағы ірі және орта бизнес өз өнімдерін өткізуде қиындық көреді екен. Ал кен өндіретін кәсіпорындар ешқандай шектеулердің жоқтығын айтады.

"Алдағы 12 айда барлық сектор бойынша қаржыландыру өзгеріссіз қалады, сонымен бірге кен өндіру саласында қаржыландырудың ең үлкен өсімі, ал саудада ең төмен өсімі күтілуде. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің айтарлықтай төмендеуі құрылыс саласында күтілуде. Кен өндіру өнеркәсібінен басқа салаларда инвестиция көлемі алдағы уақытта өсе қоятыны күмәнді" деп жазады бас банк сауалнамадан алынған мәліметтерге сүйене отырып.

Осы орайда, кәсіпорындарға салынған инвестицияда банктер мен шетелдік инвесторлардың белсенділіктері әлі де төмен екен. Бас банк мәліметінше, қаржыландырудың негізгі көздері бұрынғысынша кәсіпорындардың меншікті қаражаты.

Өзара саудада теңгенің үлесі тым төмен
Ірі және орта бизнесте, дегенмен шетелдік серіктестермен жұмыс істейтін кәсіпорындардың үлесі 70%-дан астам. Ондай кәсіпорындардың үлесі сауда саласында, өңдеу өнеркәсібінде және кен өндіру өнеркәсібінде шамамен орташа 80%-ды құраса, көлік және қоймалау саласында 67%, құрылыс саласында 59%-ды құрайды.

Шетелдік серіктестермен есепайырысу бойынша кәсіпорындар көбінесе ресей рублін (кәсіпорындардың 53,3%-ы) және АҚШ долларын (кәсіпорындардың 46,7%-ы) пайдаланады. АҚШ доллары негізінен кен өндіру өнеркәсібінде, қалған салаларда ресей рублі көбірек қолданылады. Шетелдік серіктестермен есепайырысуда теңгені 13,5%-ын  кәсіпорын қолданады. Әрине, шетел валютасының өзара саудадағы басымдығы ұлттық валютаның әлсіреуіне тікелей әсер етіп отырғаны анық.

Кредит шарттары жақсарып келед
Бас банктің мәліметінше, 2019 жылдың 1-тоқсанында сауалнамаға қатысқандардың көпшілігінің пікірі бойынша банктердің кредиттеу шарттары өткен тоқсанға қарағанда жақсарған. Теңгемен алынған кредиттер бойынша ең төменгі орташа пайыздық мөлшерлемелер (11,3%) өңдеу өнеркәсібінде болғанына қарамастан, өңдеу өнеркәсібінде кредиттеу шарттарын тиімсіз деп бағалап отырған кәсіпорындардың үлесі басқа салаларға қарағанда жоғары (16,3%). Ондай кәсіпорындардың үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінде ең төмен болып табылады (6,4%) және салада бұл көрсеткіштің төмендеу тенденциясы бар. Сонымен қатар шетел валютасымен берілген кредиттер бойынша ең төменгі орташа мөлшерлеме кен өндіру өнеркәсібінде орын алды.

Ал 2019 жылдың 2-тоқсанында кредит алуға ниетті кәсіпорындардың үлесі ең көп өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында (сәйкесінше 20,9% және 20,4%,), үлесі ең төмен көлік және қойма саласында (6,4%) екен.

Сауалнама мәліметтеріне сүйене отырып, бас банк бәсекелестіктің ең жоғары дәрежесі сауда саласында болса, ең қолайлы кредиттеу шарттары тау-кен өндіру өнеркәсібінде, қолайсыз талаптар өңдеу өнеркәсібінде деген қорытындыға келді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу