Қазақстан экономикасы 10 айда 6,4 пайызға өсті

362

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан экономикасы 10 айда 6,4 пайызға өсті Фото: canva

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға артты. 

Министрліктің мәліметінше, тауар өндірісі 8,2 пайызға, қызмет көрсету секторы 5,3 пайызға өскен. ЖІӨ өсіміне ең үлкен үлесті өнеркәсіп саласы қосты – өсім 7,3 пайыз, оның жалпы үлесі 30 пайызды құрайды. Ал сауда мен көлік салаларын қосқанда бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады.

Өңдеу өнеркәсібінде де оң серпін байқалады – өсім 5,8 пайыз. Бұл көрсеткіш жекелеген бағыттардағы өнім өндірісінің артуымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда:

– машина жасау – 11,5 пайызға (оның ішінде автомобиль құрастыру – 13,3%),
– химия өнеркәсібі – 10,9 пайызға,
– азық-түлік өндірісі – 9,1 пайызға,
– мұнай өнімдері – 6,3 пайызға,
– металл бұйымдары – 14,1 пайызға,
– құрылыс материалдары – 5,3 пайызға өскен.

Құрылыс саласында да өсім сақталып отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі 14,9 пайыздық өсім 15,1 пайызға жетті.

Ауыл шаруашылығы маусымдық жандану кезеңіне кірді – жалпы өнім көлемі 5,4 пайызға артты. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7 пайыз, мал шаруашылығында 3,4 пайыз болды.

Бұл нәтижеге мемлекеттік қолдау, агротехнологияларды сақтау және егін жинау науқаны кезіндегі қолайлы ауа райы әсер етті.

Өнімділік Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%) және Павлодар (+7,4%) облыстарында айтарлықтай артқан. Сүт өндірісі 5,2 пайызға, ет өндірісі 2,8 пайызға, жұмыртқа өндірісі 1,4 пайызға өсті.

Сауда саласында өсім 9 пайызды құрады. Ең жоғары өсім көтерме саудада байқалып отыр – оның үлесі 66,5 пайыз. Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында айналым көлемі артқан.

Көлік саласында да қарқынды даму жалғасуда – барлық көлік түрі бойынша тасымалдың артуына байланысты қызмет көлемі 20,7 пайызға өсті.

– Үкімет басым салаларды қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және инвестициялар тартуға басымдық бере отырып, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үстінде, – делінген министрлік хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу