Қазақстан Қытай жолына түсті

9533

Пандемия кезеңінде елімізде контрафакт цехтары өріс алды.  

Қазақстан Қытай жолына түсті

2020 жылғы 2 маусымда Ресей кеден қызметі Тюмень (Түмен) облысында арнайы операция жүргізу барысында Қазақстаннан келе жатқан ірі жүк көліктерін тексерген, сөйтіп "фуралардың" бірін арнайы қоймаға алып кетеді. Ашқанда, іші Nike кроссовкаларына толы болып шықты: шетелдік атақты компанияның тауарлық белгісі таңбаланған 20 мыңнан астам аяқ киім үлгілері табылды. Оқиғаның ерекшелігі сол, сапасы біршама жақсы жалған өнім Қытайда емес, Қазақстанның өзінде жасалыпты. Алматы қаласынан тиеліп шыққан алып көлік Ресейдің Свердлов облысына бет алған. Сол жақтан қазақстандық контрафакт солтүстік көршінің әр өңіріне тарап, белгілі сауда орындарының сөрелеріне қойылмақ болған. Nike трансұлттық компаниясының ресейлік бөлімшесі тек осы бір "фурадағы" өнімнен келген шығынды 95 миллион рубль (570 млн теңгедей) сомаға бағалады.

Тюмень кеденінің Тауарлардың айналымын бақылау бөлімінің бастығы Роман Шепер Ресей Қазақстаннан келетін контрафакт-өнімдердің жолын кесу жұмысын тұрақты негізге жолға қойып жатқанын хабарлады. Оның мәліметінше, процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция органдарына материалдар жолданған.

Ал еліміздің Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеулер департаментінің қызметкерлері жақында Алматы облысында Adidas, Nike және Reebok аяқкиімдерін қолдан жасаған цехты анықтады. Онда 19 миллион теңгенің 800 жұп аяқ киімі табылды. Атақты спорт аяқкиімдерінің өндірісін 1982 жылы туған қазақ жолға қойыпты.

Германияның "Аdidas AG" және Нидерландының "Аdidas International Marketing BV" компаниялары Қазақстанның бұл тірлігіне наразы.

Жалған өнімдер жасайтын жасырын цехтар қазіргі кезде бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейтінін отандық құзырлы органдар әшкереледі. Алайда оның көбі Алматы мен Шымкентте орналасқаны белгілі болуда. Тергеушілер түсірген видеороликтер "Хабар24" арнасынан көрсетілді. Қазақстанда жаһандық атақты брендтердің сөмкелері, киімдері, тіпті кір жуу ұнтағы және басқасы жасалады екен.

"2020 жылдың бірінші жартыжылдығында осы салада 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 3 мың 500-ден аса контрафакт-өнім тәркіленді. Оның жалпы құны 1,7 миллион теңгеге бағаланды. Көбіне балалар ойыншықтарын, киімді, дәрі-дәрмекті, автокөлік бөлшектерін қолдан жасайды. Бірақ мұндай қызметтің алдын алу күрделі. Себебі, 3 жылға шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған", – дейді Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаментінің төрағасы Мейіржан Төлепов.

Пандемиядан және жұмыссыздықтан шаршаған қазақстандықтар Қытайдағы шеберлердің жалған өнім жасау өнерін жаппай үйреніп, шетелдік брендтер үстінен заңсыз табыс табуға көшкенге ұқсайды.

Әйткенмен, қазақстандық брендтер де өз тауарларын өзге елдердің қолдан жасап жатқанына шағымдануда. "Шымкент сыра қайнату зауыты" ЖШС әділет министрі Марат Бекетаевқа арызбен жүгінді.

"Біз жағымсыз жағдайға жолығып отырмыз: Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында біздің этикеткалар мен тауарлық белгілерді заңсыз пайдаланып жатыр. Тауарлық белгінің иегері ретінде оны қорғау үшін не істеуіміз керек, қандай халықаралық инстанцияларға жүгінгеніміз жөн?", – деп сұрады отандық кәсіпорын.

Сондай-ақ қазақстандық ұн өндірушілер де алаңдаушылық білдіруде. Өйткені жыл өткен сайын қазақстандық астық пен ұнның нарығы тарылып барады. Бүгінде отандық өндірушілер үшін ірі нарықтан тек Орталық Азия мен Ауғанстан қалды. Ал осы аймаққа "қазақстандық маркалардың" терісін жамылып, енді өзбек өндірушілері шығуда.

"Біздің менеджерлер Өзбекстанға өнім жеткізумен шектелмей, оның нарығына тұрақты мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде, біраздан бері өзбек дүкендерінде біздікіне өте ұқсас қаптамадағы ұндар түсіп жатқанын байқап жүрміз. Әлденеше рет өзбек құқық қорғаушыларына шағыммен жүгіндік. Алайда еш нәтиже болмай тұр. Жақында жалған өнім жасаушылардың бірін өзіміз тауып алдық: ол Ташкент облысының Ханабад ауылында орналасқан ұн тарту комбинаты. Ішкі істер органы қызметкерлерін шақырып, қоймаларын тексере келе, Қостанайдан бастап, Шымкентке дейінгі барлық қазақстандық белгілі брендтермен таңбаланған өте көп өнімді әшкереледік. Алайда жергілікті прокуратура істі жылы жаба салды", – дейді "Dani Нан" холдингінің басшысы Ғайбилла Ерметов.

Оның мәліметінше, Өзбекстанда контрафакт ұнның көлемі алапат.  

"Мысалы, Самарқанд күніне 100 тонна ұн тұтынады. Ондағы сөрелер біздің маркадағы тауарға сықаса толып тұр. Шынында, біз Самарқандқа ешқандай тауар жеткізбегенбіз. Ол нарыққа кіре де алмаймыз. Біздің атымыздан қаптаған жасырын цех жұмыс істейді. Адал емес бәсекелестік отандық экспортқа соққы: бұрын бір айда осы нарыққа 8 мың тонна ұн сатсақ, қазір 5 мың тоннаға дейін құлдырады", – дейді компания жетекшісі.

Қазақстан бидай өңдеушілері одағының президенті Евгений Ган Өзбекстан Үкіметі біздің ұнның өз ішкі нарығына келуін шектеп отырғанын айтады: қазақ астығы арзанға түсуі үшін ол бидай импортын салықтан босатты. Оның орнына қазақстандық ұн жеткізушілердің түсімінің 10 пайызын алып қояды. Осылайша, өзбек билігі сапалы бидайдың өз елінде өңделуін ынталандырып, бәсекелесін тұсаулады.

"Қазақстан аумағында тіркелген тауарлық белгі тек Қазақстан аумағында ғана қорғалады. Дегенмен, Қазақстан – Тауарлық белгілерді тіркеудің Мадрид жүйесінің қатысушысы. Мадрид келісіміне сәйкес, ұлттық тіркелім иегері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының халықаралық бюросына өз белгісін халықаралық тіркеу туралы өтініш бере алады. Бұл жүйеге 122 мемлекет кіреді (арасында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан да бар). Осы рәсімнен табысты өтсе, оның күші 122 елдің бәріне жүреді. Тауарлық белгіні қорғау мәселелері бойынша 8 (7172) 62-15-15, 62-16-01 телефондары арқылы білуге болады", – деді министр Марат Бекетаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу