Қазақстан неге QazVac вакцинасын әлемге мойындата алмады?

2297

Биліктің мақтанышы болған екпені еккізгендер бірқатар шет елдерге шыға алмай қалды.

Қазақстан неге QazVac вакцинасын әлемге мойындата алмады? Фото: inbusiness.kz

Мақтаныштың арғы жағы, бергі жағы

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина биліктің басты бір мақтанышы болатын. Мысалы, Мемлекет басшысы 2021 жылғы жолдауында оған жеке сөз арнады: Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екенін баса айтып, "біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқтығын" нықтады. Сондай-ақ QazVac-қа өзге мемлекеттерден сұранысын түсіп жатқанын мәлімдеді.

Артынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қазақстан көшбасшысы QazVac клиникалық сынақтар барысында тиімділігін дәлелдегенін, сондықтан республика оны көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде тасымалдап жатқанын хабарлады. Ол Қазақстанның Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano жаңа вакциналарын жасап шыққанын, олар да үміткер вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілгенін жария етті.

2021 жылғы 29 қарашада Швейцарияның Женева қаласында өткен ДДСҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысқан Қазақстан Президенті QazVac вакцинасының жаңа "Дельта" штамына қарсы сәтті модификацияланғанын айтты. Қазақстандық вакцина өзінің тиімділігін елімізде ғана емес, Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінде дәлелдегенін жеткізді.

Мұның бәрі құптарлық әрі қуантарлық жаңалықтар. Бірақ мақтаныштың жарқыраған нұры көзді қарықтырып, артында мәселелерді жасырып қалмағаны жөн. Мысалы, АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының мәліметінше, QazVac вакцинасының барлық клиникалық зерттеулері 2021 жылы аяқталғанымен, нәтижелері әзірге толық жарияланбаған. Отандық ҚазВак (QazCovid-in®) вакцинасын әзірлеген және жасап шығарған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының сайтынан да үшінші сатыдағы сынақтардың қорытындыларына қатысты толық есеп табылмады. Бірақ оның табысты өткені, нәтижесінде екпе тиімділігін дәлелдегені көрсетілген.

2021 жылғы желтоқсанда, Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ сол кездегі басшысы Күнсұлу Закарьяға ел Президенті өз қолымен әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты табыстады. Мемлекет басшысы ғылым саласындағы ең жоғарғы награда оған "QazVac" вакцинасын жасаған ғалымдар тобын басқарғаны үшін берілгенін нықтады. Осыдан кейін, 2022 жылғы 18 тамызда биология ғылымдарының докторы, профессор К.Закарьяға "QazBioPharm" ұлттық холдингінің басшылық тізгіні сеніп тапсырылды.

Алайда қазақстандық вакцинаның өзге де проблемалары әлі күнге шешілмегені белгілі болып отыр.

Әлемде  "QazVac" вакцинасын мойындаған мемлекет қанша?

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа таяуда өтініш жазған Әсел Қуандық кезінде "QazVac" вакцинасы екпесін салғызғандардың бірі. Ол бір жағынан, патриот болғандықтан отандық өнімді қолдапты. Екінші жағынан еліміздің биік лауазымды тұлғалары оны насихаттағаны мәлім.

"Ол кезде пандемия ушығып тұрды, ал қазақстандық вакцинаны салғызуға ауқымды агитация жүргізілді. Егер бәрі дұрыс болса, неге соны таңдамасқа? Бірақ содан бері екі жылдай өтті, мен қазақстандық вакцинамен күні бүгінге дейін вакцинация паспортын талап ететін елдерге бара алатын емеспін. Себебі "QazVac" вакцинасын дүниежүзінде санаулы елдер ғана мойындапты! Неге бүкіл жаһан мойындамады? Тіпті халықаралық жұртшылық жақтырмай отырған Ресей өз вакцинасын көп мемлекеттің тануына қол жеткізе алды. Неге Қазақстан осы бағытта жұмыс жүргізбейді? Әлемде жарамайтын болса, онда азаматтарымызды отандық екпені еккізуге үгіттеудің қандай қажеті болды? Оны бәрібір ешкімге мойындата алмайтын болса", – деп кейіді.

Айтпақшы, қазақстандық басты вакцинаны өзге түгіл, одақтас Ресей де мойындамады. Онымен іргедегі Қытайға да бара алмайсыз.

Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің өз дәйектемесі бар:  "QazVac"-пен Түркия, Тайланд, Черногория, Грузия, Мальдив, Индонезия, Үндістан сияқты қазақстандықтар арасында аса танымал бағыттарда еркін ұшуға болады (шын мәнінде, бұлардың көбі вакцинация паспорты мен ПТР-тест талап етуден бас тартқан). Сондай-ақ Ұлыбритания, Жапония, Канада, Бельгия сияқты бірлі-жарым дамыған мемлекеттер де қазақстандық вакцинация паспортын мойындапты.

"Қазіргі уақытта Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 35 мемлекеттің COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау паспорттары, сертификаттары және анықтамалары мойындалды. Олардың қатарында Аргентина, Армения, Белиз, Боливия, Беларусь, Бразилия, Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Грузия, Гонконг, Жапония, Индонезия, Иран, Иордания, Үндістан, Испания, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Тайланд, Түркия, Өзбекстан, Филиппин, Черногория, Чехия, Шри-Ланка, Эквадор және Эстония бар. Вакцинация паспорттары, сертификаттары, анықтамалары мемлекеттер арасында өзара танылса, онда ол елдер азаматтарының қандай вакцина салғызғаны маңызды емес. Бұл жерде азаматтардың КВИге қарсы профилактикалық екпені алу фактісі болса, жеткілікті. Осылайша, қаулыға енген және аталған тізімде бар мемлекеттердің бәрі "QazVac" вакцинасын мойындайды", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Жасыратыны жоқ, бүгінде пандемия тақырыбы жаһандық күн тәртібінен алып тасталды. Соған қарамастан, министрлік отандық вакцинаны мойындату бағытындағы жұмысты жалғастыруға уәде етеді.

"Қосымша хабарлаймыз: бүгінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына қарсы отандық "QazVac" вакцинасын халықаралық деңгейде мойындату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", – деп сендірді ведомство.

Сынақтар не көрсетті?

SARS-CoV-2-ге қарсы алғашқы отандық вакцинаның ресми атауы – QazCovid-in, сауда атауы – QazVac. Оны БҒМ-ның (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі) Ғылым комитетінің "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты" РМК ғалымдары 2020 жылғы сәуір-мамыр аралығында, яғни қысқа уақытта жасап шықты.

Бір топ сарапшы мен қоғам белсенділері отандық екпені жасау барысында формальдегидтің қолданылғанынан шошынған еді. Институт дерегінше, қазақстандық вакцинаның құрамы – "VERO жасуша өсіндісі негізінде алынған (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған), формальдегидпен инактивтелген (өлтірілген), 4-ші дәрежелі тазалаудан өткен, құрамында иммуностимулятор (адъювант) алюминий гидроксиді бар (ДДСҰ рұқсат еткен) тұтас вирионды SARS-CoV-2 вирусынан" тұрады.

"Клиникалық сынақтарға тоқталсақ, QazVac отандық вакцинасына клиникалық зерттеулер жүргізілді. I-фазада – Алматы қаласында 44 еріктіге салынды. II фазасында – Алматы қаласында 200 еріктіні қамтыды. III фазасына – Алматы және Тараз қалаларында 3 000 ерікті қатысты. Клиникалық зерттеулердің I және II фазаларының нәтижелері бойынша отандық инактивтелген QazVac (QazCovid-in) вакцинасы толық қауіпсіздігін дәлелдеді, вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. QazVac вакцинасын клиникалық зерттеудің III фазасын жүргізу нәтижелері Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама бойынша ресми қорытынды әлі алынған жоқ", – деп жазылған институттың ресми сайтындағы вакцина туралы ақпаратта.

"Клиникалық зерттеулердің I, II және III фазаларының нәтижелері QazVac (QazCovid-in) COVID-19-ға қарсы инактивтелген вакцинасының қауіпсіз және жоғары профилактикалық тиімділігі бар, 21 тәулік аралықпен бұлшықет ішіне екі рет енгізу кезінде ДДСҰ ұсынымдарына жауап беретін иммуногенді болып табылатынын куәландырады. Вакцинаның профилактикалық тиімділігі алғашқы вакцинациядан 14 күн өткен соң анықталды. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері вакцинаны пайдаланумен байланысты қауіп/пайда арақатынасын анықтау COVID-19 алдын алу және жою үшін QazVac вакцинасын қолданудың елеулі артықшылықтарын көрсетті", – деп түсіндірді институт.

BioNTech, Pfizer вакциналары 14 жастан асқан жасөспірімдерге де салынатыны мәлім. Ал QazVac тек 18 жастан асқан ересектерге егіледі. "QazVac вакцинасымен 18 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы түрде вакцинациялауды жүргізуге кеңес берілмейді" деп нықтады Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ мамандары.

Сонымен қатар, жүкті және бала емізетін аналарға да салуға болмайды.

"Бұл препарат белсенді емес вакцина. Оның құрамы көптеген басқа вакциналарда кеңінен қолданылатын және жақсы, егжей-тегжейлі құжатталған, соның ішінде жүкті әйелдерге қауіпсіздік профилі бар адъюванттан құралған. Бірақ қазіргі уақытта жүкті әйелдерді вакцинациялау үшін осы вакцинаны пайдалану туралы қолдағы деректер оның тиімділігін және жүктіліктің өтуіне вакцинациямен байланысты қауіптерді бағалау үшін жеткіліксіз. Вакцинаның балаларды емізуші аналар үшін де ықтимал артықшылықтары немесе қауіптері туралы ақпарат жоқ", – делінген вакцинаға қатысты түсіндірме жазбада.

Бұл ретте қазақстандық вакцина қазақстандық қатаң климатқа бейімделмеген сияқты. Ол +2-ден +8 °C-қа дейінгі температурада сақталады. Нұсқаулығында: "Мұздатқышта сақтауға және мұздатуға болмайды" деп қатаң ескерту жазылған. Тек тоңазытқышта сақтауға ғана рұқсат. Демек, үскірік аяз қысқанда оны тасымалдау күрделі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу