2024-2025 жылдары Кеден одағының барлық аумағында жанар-жағармайға бірыңғай баға белгіленеді

5210

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) аясында 2024-2025 жылдары Кеден одағының барлық аумағында жанар-жағармайға бірыңғай баға белгіленеді. Бұл – Қазақстанда сатылатын бензин бағасы Ресейде сатылатын бензин бағасымен теңеседі деген сөз, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2024-2025 жылдары Кеден одағының барлық аумағында жанар-жағармайға бірыңғай баға белгіленеді

Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовтың мәлімдеуінше, бұдан былай елімізде жанар-жағармай бағасы арзандамайды, керісінше, қымбаттай береді. Бұған ішкі және сыртқы фактор әсер етеді. Ішкі факторда бағаның қымбаттауына – алыпсатарлар, сыртқы факторда – көрші мемлекеттер үлес қосады. 

"Мысалы, Ресейде бензиннің литрі шамамен 300 теңге. Қазақстанмен шекаралас аймақта тұратын Ресей азаматтары ақшасын үнемдеу үшін автокөліктеріне арзан бензин құюға талпынады. Шекара ашық, біз оны жаба алмаймыз. Олар біздің елге өтіп, бензин құйып отырады. Салдарынан өзімізде бензин қоры азаяды. Түрлі мәлімдемелерді тыңдасаң, бензин экспортына тыйым салынғанын естисің, іс жүзінде бензин сыртқа кетіп жатыр. Энергетика министрлігі жанар-жағармайға қатысты мәселені жеке-дара шеше алмайды. Бұл іске басқа бақылау органдары қосылуға тиіс", – деді Рашид Жақсылықов.

Оның айтуынша, жанар-жағармай тапшылығын түбегейлі жою үшін мұнай өңдеу зауыттарына шикізатты өндіруші компаниялардан тікелей сатып алу мүмкіндігін берген абзал.    

"Шикі мұнай жеткізетіндерді, яғни делдалдарды, алыпсатарларды нарықтан шығару қажет. Мұнай өңдеу зауыттарына дайын өнімді 100-ден астам жанармай құю станциясы бар ұйымдарға ғана сатуға рұқсат беру керек. Осылай болған жағдайда Монополияға қарсы комитет мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын батыл тексере алады. Қазір оларда мұндай құқық жоқ, – деді Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы.

Рашид Жақсылықов министрлердің "Ең арзан бензин Қазақстанда" деген сөзіне сенбейді. 

"Мысалы, Канадада бензиннің бір литрі шамамен 550 теңге тұрады делік. Оларға мұнай барреліне 150 доллардан шығады. Бізде мұнай барреліне 25 доллардан келеді. Қазақстанда мұнайдың 2 бағасы бар. Барреліне 70 доллардан асатын әлемдік нарық орнатқан және ішкі нарықтағы 18-25 доллар аралығындағы баға", – деді Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы. 

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, министрліктің "бензин бағасының өсуіне мұнай өңдеу компаниялары кінәлі" деген уәжі ақылға сыймайды. 

"Канадада мұнай өңдеу зауыты барлық шығын мен кірісті шегеріп, шикізатты сатып алады, өңдейді және сатады. Ірі трейдерлер жанармай құю станциялары осылай істейді. Барлығы анық әрі ашық. Канаданың есебіне жүгінсек, бізде бензиннің литрі қазіргідей 200 теңгеге жуық емес, 90 теңге болуы керек. Бізде мұнай өңдеу зауыттары шикізатты трейдерден алып, өңдегеннен кейін трейдерге өткізеді. Трейдер дайын өнімді нарыққа шығарады. Бензин тұтынушыға жеткенше 10-ға жуық делдалдың қолынан өтеді. Салдарынан бағасы шақыртап кетеді", – деді Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу