Қазақстан "заңсыз баю үшін жауапкершілік" енгізеді

6571

Алда министрлер мен әкімдерді жазаның жаңа түрі күтеді. 

Қазақстан "заңсыз баю үшін жауапкершілік" енгізеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың мәліметінше, ұсынылып отырған бастамалар мүдделі барлық мемлекеттік органның келісімінен өткен.

"Заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу – БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының тұғырлы талабы. Қазақстан оны 2008 жылы ратификациялаған. Бұл институт АҚШ, Австралия, Сингапур, Гонконг, Қырғызстан, Армения және басқа елдерде енгізілді. Заңсыз баю үшін жауапкершілік жалпыға бірдей декларациялау рәсімінің ажырамас бөлігі, оны біз 2021 жылдан бастап енгізе бастаймыз", – дейді агенттік басшысы.

Шенеуніктің заңсыз байығаны оның өзінің және туыстарының "тапқан табыстары мен жұмсаған шығындары арасында үлкен алшақтық пайда болғанда" анықталады. Басқаша айтқанда, егер лауазымды тұлға немесе оның отбасы мүшелері және жақындары ресми табыстарының соған жетпейтініне қарамастан, шалқып өмір сүрсе, кең сарайдай пәтер, аса қымбат көлік және өзге сән-салтанат заттарын сатып алса, олардың өміріне салықшылар ғана емес, енді коррупциямен күрес органы қызығушылық таныта бастайды.

Бұл күреске қоғам кеңінен тартылмақ. Осы орайда ақпарат құралдары, қоғам белсенділері және блогерлер көптеген тың әрі қызықты деректерге қол жеткізеді. Алик Жатқамбайұлының түсіндіруінше, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, саяси мемқызметшілер, министрлер мен әкімдер, "А" копусының мемлекеттік қызметкерлері және басқа да бірқатар тұлғалар өздерінің табыс және шығыс декларацияларын жыл сайын жариялап тұруға міндеттеледі.

Бұған қоса, 2014 жылғы 26 желтоқсанда Елбасы қабылдаған №986 жарлығына түзету енгізетін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жарлығының жобасы әзірленіп отыр. Ол Қазақстанның 2025 жылға дейінгі "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына" өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Ол шенеуніктер декларациясын, дүние-мүлкі тізімін қазақстандықтардың талқыға салуына жол ашады. Бұл биліктегілердің әл-ауқатының жыл сайын қалай өзгергеніне қоғамдық бақылау жасау үшін керек екен.

"Мемлекеттік қызметшілердің тек кірістерін ғана емес, сондай-ақ шығыстарын да декларациялауы маңызды шара. Ол декларацияларды ашық дереккөздерде жариялау азаматтарға лауазымды тұлғалардың материалдық әл-ауқатының өзгеруіне мониторинг жүргізуге және олардағы алшақтықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға мүмкіндік береді", – делінген құжатта.

Жаңаратын антикоррупциялық стратегия жобасында айтылғандай, заңсыз баю үшін жазамен қатар, шенділердің байлығын қоғамдық талқылау "мемлекеттік қызметшілердің парасаттылығын қамтамасыз етудің пәрменді құралына" айналуға тиіс.

Жақында, 2019 жылғы 26 қарашада қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы бойынша бағыныштылары жемқорлық қылмыс жасаса, оның басшысы, соның ішінде министр не әкім отставкаға кетуі қажет. Агенттіктің байламынша, бұл басшыларды "кандидаттардың моральдық-этикалық қасиеттеріне баса назар аудара отырып, мұқият іріктеу өткізуге" итермелеуге тиіс.

Бұдан бөлек, жаңа стратегия бойынша "меморган қызметінің тиімділігінің көрсеткіші ретінде сыбайлас жемқорлық динамикасы анықталады". Яғни, ведомствосы мен оның бөлімшелерінде жыл сайын жемқорлық деректері көп анықталып, осы көрсеткіші нашар болса, бірінші басшының қызметі "тиімсіз" деп танылады.

Демек, шенеуніктерді енді тыныш жатқызбайды. Жаңа стратегиялық құжатқа сәйкес, коррупциямен күресушілер мемқызметшілерді "жемқорлыққа арандатумен" де шұғылданбақ. Мысалға, қоғам өкілі немесе бизнесмен бейнесінде пара ұсынуы мүмкін.

"Мемлекеттік қызметшілердің сатылмауы және олардың қызметінің ашықтығы жемқорлыққа қарсы саясаттың табыстылығының негізі. Бұл тұрғыда жемқорлыққа бейім тұлғаларды анықтау құралдары әзірленеді, өзіндік "диагностика" енгізіледі. Қылмыстық жауапкершілікке тартусыз тексерулер жемқорлық деңгейін төмендетудің тиімді құралына айнала алады. Аталған институт АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Чехия, Венгрия, Грузия, Румыния және басқа да елдерде енгізілді", – делінген құжат жобасында.

Бұл ретте тексеру кезінде жоқ параға келісіп қойып, абыройы аймандай болған шенеунік парақор ретінде темір торға қамалмайды, тек жұмысынан қуылуы ықтимал. Халықаралық тәжірибе сондай екен.

Алда ұлттық компаниялар мен холдингтердегі жемқорларды әшкерелеу шаралары да жаңаша қарқын алмақ. Күреске мемлекетке қарасты компанияларда құрылатын жеке қызметтер тартылады. Стратегияда "бюджеті мемлекеттік сатып алу көлемінен асып түсетін" квазимемлекеттік секторда жариялылықтың жоқтығы атап өтіледі. 

"Осы секторда шешімдер қабылдау рәсімдерінің ашықтығын, бақылануын және есептілігін қамтамасыз ететін ұйымдық, құқықтық тетіктер қажет. Квазимемлекеттік секторда парасаттылықты нығайтуға комплаенс-қызметтер ықпал етеді. Олар қызметі жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылауға, тәуекелдерді бағалауға, билікті теріс пайдаланушылықты болдырмауға, мүдделер қақтығысын анықтауға шоғырланады", – делінген жаңа стратегия жобасында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, жыл сайын квазимемлекеттік сектордың жүздеген қызметкері жемқорлық қылмысымен қолға түседі. Оларға қатысты 2017 жылы – 189, ал 2018 жылы – 133 іс қозғалған. Тек соңғы екі жылда мұндай қылмыстардан келген шығын 2,6 млрд теңгені құрады.

Жалпы, елімізде жемқорлықпен күреске Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және басқа да құрылымдар жұмылдырылуда.

Соның ішінде мысалы, агенттік жыл басынан бері 2 мың 121 жемқорды әшкерелеген. Оның 75%-ы немесе 1590 іс – сыбайлас жемқорлық деректері. Соның ішінде жартысынан көбі парақорлық (850 немесе 40%) және қаржы жымқыру (714 немесе 34%) фактілері.

Осы коррупционерлер мемлекетке 23,1 миллиард теңге залал келтірген. Оның 21,7 млрд теңгесі немесе 94%-ы өндіріп алынды.

Алайда сотқа тек 1 мың 923 қылмыстық іс немесе 47,3%-ы ғана жіберіліпті. Өйткені агенттік қазір "қылмыстық сот ісін жүргізуде репрессивтілікті төмендетуге ерекше көңіл бөлуде". Сол себепті тергеу барысында қоғамнан оқшаулауға байланысты емес балама бұлтартпау шараларын қолдануға басымдық беретін көрінеді. Мысалы, дүниеқоңыз шендіден ешқайда кетпейтіні және тиісті мінез-құлық танытатыны туралы қолхат алады, жеке кепілгерлік тетігі қолданылады, кепіл алынады. Не үй қамағында ұсталады.

Сөйтіп, былтырмен салыстырғанда, ұсталғандарының саны 164-тен 118-ге дейін, ал қамауға алынғандары  122-ден 88-ге дейін, яғни үштен бірге азайды.

2019 жылы жемқорлығымен қолға түскендер арасында 23 республикалық дәрежедегі басшы, 86 облыстық деңгейдегі, 97 қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу