Қазақстанда ауыл әкімдіктері жаппай жойылатын болды

46344

Кеңес "өкіметі" қайта оралмақ. 

Қазақстанда ауыл әкімдіктері жаппай жойылатын болды

Кеңес Одағы заманында, қалыптасқан тәжірибеге сай, ауылдықтардың бәрі бірінші кезекте "ауылсоветке" тәуелді болды. Тұрғындар барлық шаруа-шағымымен ең алдымен ауылсовет (немесе "селсәбет") төрағасына жүгінуге мәжбүр болатын. Одан жоғарыға арызданған адамның басы бәлеге қалатын, жұмыс орнынан кетіп, қудалауға ұшырайтын.

Ауылсоветтер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да дәурендеді. Тек ХХІ ғасырдың басына қарай президенттік билікті нығайту және орталықтандыру саясаты аясында кеңес одағынан қалған бұл институт жойылып, орнын аудан мен облыстағы әкімдерге қатты тәуелді, қолында салмақты құзыры жоқ ауыл әкімдіктері басты.

Бертіндегі демократиялық процестер аясында билік осы әлжуаз жаңа институтқа қуат-қауқар беруге тырысып бақты. Мысалы, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Оның аясында 2020 жылдан бастап бүкіл жерде, яғни 2 мың 345 ауылдық округте бюджет жүйесінің бұрын болмаған 4-ші деңгейі – ауыл бюджеті енгізілді (І-шісі – республикалық, ІІ – облыс не мегаполис бюджеті, ІІІ – аудандық бюджет). Бұған дейін ауылдың төл бюджеті болмайтын, тек аудандық бюджет аясында қазынашылықта әр ауылға жеке шот ашылатын.

Төртінші бюджет толуы үшін ауылдық округтердің әкімдеріне коммуналдық меншік берілді, сондай-ақ оларға өз бюджетін салықтар, төлемдер, айыппұлдар, ерікті алымдар, коммуналдық мүліктен түсетін кірістер, сондай-ақ жоғары тұрған бюджеттен берілетін субвенциялар есебінен қалыптастыруға мүмкіндік ұсынылды.

Бұл ретте, азаматтар төлейтін бірқатар салық – жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы және басқасы аудан және қала әкімінен тартып алынып, ауылдық округ басшысына табысталды. Мұның бәрі теорияда миллиардер ауылдардың көбеюіне ықпал етуі тиіс еді. Себебі, олар біршама қымбат активтерді иеленді: оның ішінде мәдениет үйлері, мүліктік кешендер, балабақшалар, автомобиль жолдары, елді мекендердің көшелері, саябақтар, скверлер, демалыс орындары, ескерткіштер және басқа да жалпы пайдаланудағы объектілер бар. Дамыған елдерде мэриялар, шерифтер және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару институттары осындай коммуналдық меншік есебінен билігін нығайтып, бюджетін байытып, халқын бақытты етіп отыр. 

Астанадағылардың үміті болса, ақталмады. Бұған үкіметтегілердің талапшылдығы да тосқауыл болса керек. Мысалға, заңнамада "жоғарғы білімі жоқ адамның әкім бола алмайтыны" туралы талап қойылуы кесірінен ғылым қумаған, жоғары білімі жоқ, бірақ шаруақор, еңбексүйгіш, адал, майталман әкімдерге бұл лауазымынан кетуге тура келді. Олар және оларды қолдаушы ауылдықтар елордаға қанша шағымданғанымен, Үкімет өз ұстанымында табандады.

Қалай болғанда, "ауылсоветтер" жаңа мәртебеде қайта оралмақ.

Кеңес кім, құзыры қандай?

Қазақстанда әрбір жаңа министр өз жаңалығын ала келетін дәстүр қалыптасқан. Ол жаңашылдық кейде бұрынғы министрдің енгізгенін түп-тамырымен жұлып алып тастауды қарастырады. Биылғы 18 қаңтарда өңірлердің дамуына жауапты меморганның – Ұлттық экономика министрлігінің тізгінін өз қолына алған Әсет Ерғалиев жергілікті өзін-өзі басқарудың ұзақ мерзімді жаңа тұжырымдамасын ұсынып отыр.

Ол не жаңалық әкелмек? Біріншіден, 2021 жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап, 2025 жылға дейін 2 045 әкім қайта сайланатын болады.

Екіншіден, Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, барлық ауылдық округтерде "Кеңес" атты жаңа өкілетті орган жұмыс істей бастайды.

"Ауылдық округ әкімдерінің заңды-легитимді сайлауын өткізу және оларға дербес бюджетті беру – ауылдың әрбір тұрғынын алаңдататын жергілікті, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын алқалы орган құруды талап етеді. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқарудың алқалы органы – ауылдық округ кеңесі құрылады. Яғни, қазіргі "жергілікті қоғамдастықтың жиналысы" Кеңес ретінде қайта ұйымдастырылады. Оған өкілетті орган (мәслихат) функциялары беріледі", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінде әр ауылда жергілікті қоғамдастықтың жиналысына кіретін ақсақалдар, беделді тұлғалар депутатқа айналады. Кеңестің төл аппараты болмайды, оның қызметін жергілікті әкімшілік өз бюджетінен қамтамасыз етеді.

Ерғалиевтің жобасы бойынша, құпия дауыс беру арқылы сайланатын нағыз депутаттардан айырмашылығы сол, кеңес мүшелері жергілікті тұрғындардың жиналысында қол көтеру арқылы ашық дауыс беру жолымен 3 жылға сайланады. Кеңес мүшесі міндетті түрде сол ауылдық округте тұруға тиіс.

Айтпақшы, ел Президенті Парламентті таратып жібере алатыны мәлім. Ауылдықтардың да ұқсас құзыры болады: егер "депутаттарының" әрекеті ұнамаса, жергілікті қоғамдастық өз жиналысында кеңесті таратып жіберуге құқылы болмақ.

Кеңес мүшелерінің саны елді мекендегі халық санына байланысты болады: округке кіретін әр ауылдың кеңесте өз өкілі болуы шарт.

Сарапшылар шаруа қамындағы ауылдықтар сайлауға баруға уақыт таппай, "келу-явка" тым төмен бола ма деген қауіп білдіреді. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі кеңестер сайлауында электронды пошта, ұялы қосымша және интернет портал арқылы онлайн режимде дауыс беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мұны "сенсация" деуге болады. Өйткені парламенттік және президенттік сайлауды электронды түрде өткізуден (тіпті пандемия кезінде де) билік ат-тонын ала қашқан.

Мәслихат сияқты кеңестер де өз ауылдық округінде күші жүретін шешімдер мен құқықтық актілер қабылдайды.

"Кеңестің өкілеттігіне бюджетті бекіту, жергілікті қоғамдастықтың даму жоспарын бекіту, сондай-ақ оның орындалуын бақылау кіретін болады. Абаттандыру, санитария, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар, конкурстар өткізу сияқты мәселелерді де енді кеңес реттейтін болады. Бұдан басқа, кеңес жер салығының базалық мөлшерлемелерін ұлғайту немесе азайту; мүлік салығы бойынша салық базасын анықтау үшін аймақтарға бөлу коэфициентін белгілеу секілді салықтар мен төлемдер ставкасының көлемін реттеу бойынша құзыретке ие болады", – деп жазылған тұжырымдамада.

"Советтердің" тағы бір қызықты құзыры болады: әкім аппараты қызметкерлерінің жалақысын, сыйақысын да кеңес мүшелері бекітеді. Демек, әр ауылдағы кеңестің әрбір мүшесі – әкім мен оның командасының сүйікті әрі сыйлы адамдарына айналатын түрі бар.

Сондай-ақ кеңестер жергілікті әкім аппараты көрсететін ақылы қызметтердің тарифтерін бекітеді.   

Әкімдіктер тарихқа кетеді

Әсет Ерғалиев мырза әкімдіктерге шүйлігіп отыр. Оған сенсек, ауыл әкімдіктері өздеріне жүктелген тарихи миссияны орындай алмағанға ұқсайды. Жас министр Қазақстанда атқарушы органның жаңа құрылымын ұсынды: ол жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі деп аталмақ.

"Бүгінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратын аудан не облыстық маңыздағы қала әкімдігі құрады, таратады. Ауылдық округ (АО) әкімінің аппараты мүмкіндіктері шектеулі болуына байланысты тұрғындар жайлы тұруы үшін қажетті барлық қызметпен толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Шектеулі қаржыландыру, штат санының лимиттелуі, жоғары тұрған әкімдікке тым тәуелді болу және кадр әлеуетінің төмендігі – АО әкімдіктерінің жаппай проблемасына айналды. Шетелдік тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы "әкім аппаратының" (әкімдіктің) орнына жаңа ұйымдық-құқықтық нысан – "жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі" дайындалатын болады", – деп мәлімдеді ведомство.

Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі (ЖӨБӘ) басшысын бұрынғыша әкім деп атайды және оны жергілікті тұрғындар тікелей сайлайды. Ауылдық округ әкімі болғысы келетін кандидаттардың жасы 25-тен жоғары, білімі де жоғары болуы міндет. Үміткерлерді партиялар ұсынады және олар өзін-өзі ұсына алады. Экономика министрлігі Парламентке енгізетін жаңа заң жобасында өз жұмысын қанағаттанарлық деңгейде орындай алмаған, сондай-ақ бейәдеп мінез-құлқымен көзге түскен әкімнің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тетіктері қарастырылмақ. Мысалы, осы негізде әкімді орнынан кетіруге кеңес мүшелері немесе аудандық мәслихат депутаттары бастамашы бола алады.

Әкім болғысы келетіндер үшін жақсы бір жаңалық бар: Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, алда аудан және облыстық қалалар әкімдерін де тікелей сайлау енгізілген соң, АО әкімдері "сайланатын саяси мемлекеттік қызметші" санатына қосылмақ. Тиісінше, жалақысына қосымша бонустар ала алады. Әзірге олар әкімшілік мемқызметші мәртебесінде болады деп жоспарлануда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу