Қазақстанда тағы бір салалық мемлекеттік банк құру ұсынылды

2581

Энергетиктер мен қоғам белсенділері елді жаппай жайлайтын "блэкауттан" құтқарудың жолын көрсетті.

Қазақстанда тағы бір салалық мемлекеттік банк құру ұсынылды

Inbusiness.kz энергетика саласында қалыптасқан ауыр ахуал туралы бірнеше рет жазды. Осыдан біраз жыл бұрын артылып қалған электр қуатын ортақ желілер арқылы көрші елдерге экспорттап келген Қазақстан қазіргі кезде энергия тапшылығына тап болды. Содан амалсыз, елдің үрейін ұшыратын жобаны – атом электр станциясының құрылысын қолға алуға мәжбүр.

Сала сарапшыларының байламынша, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртса, әзірге соның өзі артығымен жетер еді. Алайда банктер бұл саланы несиелендіруге құлықсыз. Себебі әлдеқалай жағдай бола қалса, банк алып станцияларды, трансформаторларды өз активіне алғысы келмейді. Оны тез өткізе алмас еді. 

Осы орайда энергетик, техника ғылымдарының кандидаты, "Атамекен" ұлттық палатасы төралқасының Энергетика комитетінің мүшесі, "Айқын тариф" қауымдастығының төралқа төрағасы Петр Своик пен "Қазақстан инженер-энергетиктері одағының" бас директоры, Қазақстан мен ТМД еңбек сіңірген энергетигі Марат Дұлқайыров Үкіметке осы салаға арналған жеке банк құру ұсынысымен шықты. Оны олар "ЭнергоСтройБанк" (ҚуатҚұрылыс Банкі) деп атауды ұсынады. Олардың пікірінше, мемлекет осы салалық банк арқылы электр энергетикасы саласын жобалық қаржыландыруға көшуі қажет. Бұл үшін әрине, дайындық кезеңі керек.

Идея авторларының тұжырымдауынша, аталған банкті нысаналы кредиттік желі бойынша Ұлттық банк капиталдандыруы шарт.

Қос энергетик ғалым сондай-ақ "2035 жылға дейінгі Қазақстанның электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасы" жобасына төл түзетулерін әзірледі. Бұл құжатты қазір Энергетика министрі жасап жатыр. Негізгі ұсынысы үшеу. Республикада электр қуатын сатып алып, әр облысқа тарататын Бірыңғай оператор болуға тиіс. Әйтпесе, салада делдалдар көп. Қазақстанда ортақ, жалпыұлттық бір тариф енгізу керек. Бір өңір жұртшылығы аздау, енді бірі көбірек төлейді, бірақ тарифтер арасындағы айырмашылық неден құралатыны түсініксіз. Ағымдағы ахуалды тұрақтандырып, электр энергетикасын өркендету үшін қуаттылық және баланстық нарық құрылуға тиіс. 

"Қызығы сол, Қазақ КСР-інің тіршілік еткен соңғы жылдарында тұтынған және өндірген электр энергетикасы көлеміне біз қазір ғана жеттік. Яғни сала тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақытында жыл сайын әрі тұрақты түрде қарқынды дамығанда, өндірген қуатымыз өзіміз тұтынғаннан еселеп асып кететін еді. Өткен онжылдықтарда сала кері кеткендіктен, енді міне, қуат дағдарысының тұйығына тіреліп тұр. Қолданыстағы экономикалық моделде қуат өндірісін өрістету мүмкін болмай тұр. Соның кесірінен өзге елдерге тәуелдіміз", – деді Марат Дұлқайыров.

Бұған биылғы 25 қаңтардағы оқиға дәлел бола алады екен: өзбекстандық Сырдария ГРЭС-те апат болып, 1200 МВт қуаттың жоғалуы Өзбекстан мен Қырғызстанда ғана емес, Қазақстанның оңтүстігінде де блэкаут болып, облыстарымыздың қараңғылық құшағына енуіне соқтырды. Содан соң Қазақстанның Солтүстік аймағын Оңтүстік аймақпен байланыстыратын барлық 3 жоғары вольтты желілер (ВЛ-500) бірден ағытылды. Нәтижесінде, Қазақстанның ортақ энергиялық жүйесінен бөліктер ыдырап, оқшауланып қалды.  

Сол оқиғаны зерделей келе, энергетиктер көңілсіз қорытындыға келді. Біріншіден, блэкаут ештеңемен ерекшеленбейтін, қатардағы күнде болды. 25 қаңтар күні әлдебір мейрам күні емес еді, қуат тұтыну да шырқау шегіне жеткен жоқ. Ол күні іс жүзіндегі жүктеме 16 ГВт-тан аспаған. Екіншіден, жарықтың жалп етіп сөнуі Қазақстанның энергиялық жүйесінде шамамен 2 ГВт қор болғанына қарамастан, орын алды. 

Бірақ ауыртпалық артпаса да, отандық энергиялық жүйе өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеді. Себебі қуат өндіруші кәсіпорындардың жабдықтары, жоғары вольтты желілер, трансформаторлық станциялар, елдімекендер ішіндегі қуат тарату желілері тозған. Әрі қарай тек орта ғасырларға оралу, далада пеш жағып, ас дайындау қалады.  

Энергетик ғалымдар саланың болашағы бұлыңғыр деп отыр. Алдағы қыс маусымында қолданыстағы энергожүйе максимум дегенде 17 629 Мвт жүктемені көтере алады. Әрине, қазір барлық өңірде қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жүргізіліп жатыр. Олар кестеге сай аяқталып, іске қосылып үлгерсе, қуаттылық 19 526 МВт-қа дейін артады. Соның өзінде Энергетика министрлігі 1 645 МВт тапшылық болатынын ресми ескертті. Оның үстіне біраз өңірде жөндеу жұмыстары кестеден кешігуде. 

Болжам бойынша жүктеме 2035 жылға қарай 22 714 МВт-қа дейін ұлғаяды. Сонымен бірге қуаттылық 8,3 ГВт-ға өседі. Алайда қуат тапшылығы жойылмайды, 730 МВт көлемінде сақталады. Одан әрі дефицит тек арта бермек.

Үкімет бұл тұйықтан үш тәсілдің көмегімен шығуға ниетті. Біріншіден, Президенттің саяси тапсырмасын орындап, жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 30%-ға жеткізбек. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылы ЖЭК үлесі 4,24%-ға әзер жетті. Екіншіден, облыстарды газдандырады. Үшіншіден, тұңғыш атом станциясын салады.

"Үкіметтің жоспарына жүгінсек, 2035 жылға қарай Балқаш АЭС-інің 2 блогы іске қосылуға тиіс. Әрқайсысының қуаты 1200 МВт болады. Бұл сонша көп емес. Бұған қоса, жел станцияларының жалпы қуатын 6 084 МВт-қа, шағын су электр станцияларының жалпы қуатын 2 165 МВт-қа, ал күн электр станцияларының жалпы қуатын 1 932 МВт-қа дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұдан бөлек, биогаз қуаты 117 Мвт-қа дейін ұлғаюы қажет. Сондай-ақ газды турбиналы қондырғылар 3361 МВт, булы-газды турбиналы қондырғылар 1850 МВт қуат өндіруге тиіс. Енді қараңыз, Энергетика министрлігі мамандарының өзі саналылық танытып, жел қондырғыларының жалпы қуатының тек 20%-ы, шағын ГЭС-тердің – небәрі 30%-ы тұрақты жұмыс істейді деп күтеді. Ал күн станцияларының қайтарымы әзірге нөл деп көрсетілген. Басқаша айтқанда, тұрғызылған қуат көздерінің үлкен бөлігі Қазақстанда қуат тұтыну шырқау шегіне жеткенде қаңтарылып, босқа тұрады!", – деді Петр Своик.

Энергетиктер Энергетика министрлігіне жолдаған өз ұсыныстарында тиісті есептемелерді ұсына келе, халық пен бизнес үшін тарфтер екі есе өсетініне назар аудартады. Яғни елде АЭС салынғанымен, Қазақстан тегін тұратын жел қуатын арттырғанымен, электр бағасы арзандамайды, тек қымбаттайды.

П.Своиктің пайымдауынша, бұл әлеуметтік кернеудің ушығуына да, саяси ахуалға да ықпал етуі мүмкін. 

Тариф тым көп қымбаттамауы үшін Үкімет қазірден электр қуатының көтерме және бөлшек сауда нарығын қайта ұйымдастыруға кірісуі қажет. 

"Әйтпесе, Қазақстанның бұл жүйесі басты энергиялық қуаттылықтарды жекешелендіріп алған энергетикалық және тау-кен металлургиялық олигархияның мүддесіне сай құрылған. Мысалы, көтерме сауда нарығында электрдің орташа құны бір кВт-сағаты үшін шамамен 9 теңгені құрайды. Бірақ бірқатар "таңдаулы" тұтынушылар, соның ішінде төл электр станциялары бар олигархтар электрді бар-жоғы 5-7 теңгеден, кейбірі одан да арзанға пайдаланады. Қаншалықты арзанға алатынын дөп басып айту қиын, себебі көтерме нарықтағы тарифтер бекітілген контрактілер құпияландырылған. Бір анығы Қазақстанда өндірілетін бүкіл электр энергиясының төрттен бірі жабық түрде және өте арзан бағамен бөлінеді", – деді П.Своик.

Қуат өндірушілер тек тарифті тоқтаусыз өсіре беруге әуестеніп алды. Олар осы арқылы олигархтардың, жабық контрактілермен қуат сатып алатындардың шығынын өтеуі мүмкін. Сонымен қатар олар станцияларды жаңғыртуға инвестиция құюға құлықсыз. 

Сондықтан энергетик ғалымдар Үкіметке мұндай тарифтік эскалацияға жол бермеуді ұсынып, соның жолдарын ұсынды. 

Марат Дұлқайыровтың айтуынша, электр өндірісінің, тарифтердің арзандығы – Қазақстанның өзге елдермен бәсекедегі маңызды артықшылығы болып табылады. Ендеше оны сақтап қалу салалық жаңа тұжырымдаманың негізіне айналуға тиіс.

Бұл үшін жаңғыратын қуат көздерінің үлесін 30%-ға дейін арттыру жоспарынан бас тартқан жөн: олардан келетін пайда шамалы, ал оларды субсидиялауға шығын көп шығады. Қазақстанда үнемі дүлей жел соғып немесе жыл бойы күн шақырайып тұратын жер аз. ЖЭК саласы бәсекелі ортаға берілуі керек. Сондай-ақ электр энергетикасын тек қана тариф есебінен дамыту моделінен бас тарту қажет. Орнына мемлекеттік инвестицияларды арттыру ұсынылды.

Сала ғалымдары әр облыс, қала, ауыл үшін электрге жеке тариф бекітуді доғарып, Бірыңғай жалпыұлттық тарифке көшуді ұсынды. Оны жыл сайын Парламент бекітуі керек. Заң бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, стратегиялық нысандарға, әлеуметтік маңызды өнімдер өндірісіне, шағын бизнеске субсидиямен қолдау көрсетуге болады немесе керісінше, жекелеген тұтынушы компанияларға Парламент тариф арттырушы коэффициенттер қолдана алады. 

Ал ҚуатҚұрылыс Банкін қаржыландыруға Ұлттық қордан мақсатты трансферт аудару, даму институттарының инвестицияларын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басыартық қаражаттарын пайдалану ұсынылып отыр. Сонда БЖЗҚ қуаттылық нарығы тарифтері арқылы кепілдендірілген түрде табыстылыққа қол жеткізеді. 

Сала ардагері, инженер-энергетик Жақып Хайрушев Своик ілгерілетіп отырған 2035 жылға дейінгі Тұжырымдамаға түзетулерге сенімсіздік білдірді.

"Ол біріншіден, зауыт, кәсіпорындары жабылып қалып жатқандықтан энергия жүйесі профицитті саналатын көрші Ресейден молынан қуат сатып алуды ұсынады. Қазір көршіден электр тасымалдау қуаттылықтарының өткізу қабілеттілігі шектеулі, соны арттыруды ұсынады. Бұл елімізді қауіпті, сенімсіз серіктеске тәуелді ету деген сөз. Оның орнына біз ұлттық энергетикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға тиіспіз. Бұл үшін еліміздің батысын орталық қуат жүйесіне қосып тұйықтауымыз керек. Екіншіден, олар құруды ұсынған "ЭнергоСтройБанкке" Ұлттық қор қаржысын шығындауды ұсынады. Үшіншіден, саланың ауыртпалығын мемлекетке арта салуды ұсынып отыр. Яғни мемлекет барлық қуат өндірушілерге салынатын инвестициялардың кем дегенде жартысын қайтарымсыз, коммерциялық емес негізде берсін деп табандайды. Бұл да елдің қаржысы, оны олигархтарға қайтарымсыз берген дұрыс емес", – деді сарапшы.

Оған Петр Своиктің Балқаш АЭС-інің техникалық-экономикалық негіздемесін "Росатоммен" бірге әзірлеуді ұсынып, ілгерілетуі де ұнамады. Әрине, Росатом станцияларды барынша арзан салады. Бірақ Ресей санкция қыспағында қалғанда, Ресейдің технологиялары тез ескіріп қалады, олар жабдықтар бойынша импорталмастыруды жүргізе алмайды деген қауіп бар. Бұл елді бір тұйықтан екіншісіне тіреу деген сөз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу