banner

Қазақстандағы лизинг нарығы өсімнің зор әлеуетіне ие

3291

Бірақ оның дамуын реттеуші мен психологиялық кедергілер тежеп отыр.

Қазақстандағы лизинг нарығы өсімнің зор әлеуетіне ие

"Forte Leasing" АҚ басқарма төрағасы Талап Рахманов Алматыда журналистермен кездескен кезде Қазақстанда лизинг компаниялары қауымдастығы құру қажеттігін тілге тиек етті.

Оның пайымдауынша, бұл сала – күрделі. Оның проблемасын жекелеген компаниялардың жеке-дара шешуі мүмкін емес.

"Қауымдастық лизинг нарығын реттеуге және қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуге ұсыныс әзірлеумен айналысуға тиіс", – деп атап өтті Талап Рахманов.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 21 лизинг компаниясы бары белгілі болды. Оның үшеуі – квазисекторға тиесілі болса, қалғандары жекеменшік компаниялар.

"Бұл статистикадағы көрсеткіш. 21 компанияның тек 7-8-і ғана жұмыс істейді", – деді Талап Рахманов.

Басқарма төрағасы сөз арасында лизинг саласына мемлекет тарапынан бөлінген негізгі инвестиция квазисектордағы компанияларға ғана берілетінін жасырмады. Мәселен, 2018 жылдың өзінде 200 млрд теңге бөлінсе, оның 150 млрд теңгесі квазисектордағы үш компанияға, қалған 50 млрд теңге ішкі нарықта жұмыс істеп жатқан 10-15 компанияға берілген.

"Квазисектордағы компаниялар мен жекеменшік компаниялардың мемлекет алдындағы құқықтық мәртебесі теңестіріліп, иемлекет тарапынан бөлінген инвестиция оларға бірдей үлестірілуі керек", – деп атады Талап Рахманов.

Басқарма төрағасы, сондай-ақ ішкі жалпы өнімдегі лизингтік келісімшарттардың үлесі 1 пайыз екенін тілге тиек етті. Салыстыра кету үшін айтсақ, Ресейде бұл 4,7 пайыз. Ал Беларусьте лизингтік сектор Ұлттық банк тарапынан реттеліп отырады екен.

"ЕАЭО-да бізбен одақтас екі елде лизингтік сектор мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмыс істейді. Ондағы дамудың әсері бізге қалай сезіледі" деген журналистер сұрағына "Біздегі лизингтік техникалардың 90 пайызы сол екі елден келеді", – деп жауап қайырдыТалап Рахманов.

Басқарма төрағасының пайымдауынша, лизинг секторы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдау саланың өрісін жайып, тынысын ашады.

"Бұл жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да лизингтің мүмкіндігін кең пайдалануына жол ашар еді", – деп атап өтті басқарма төрағасы.

Қазір Қазақстандағы жеке сектордағы компаниялар үшін басты проблема – қаржыландыру көзінің шектеулігі. Себебі лизинг нарығын Ұлттық банк емес, лизинг туралы заң реттейді.

Басқарма төрағасының пайымдауынша, лизинг нарығының дамуын бірнеше фактор тежеп отыр. Біріншіден, бұл жеке лизингтік компанияларға арзан қаржыландырудың жоқтығы және жеңілдікпен қаржыландыруға қатысты нормативтік шектеулер.

Екіншіден, жеке лизингтік компаниялар арқылы лизингтік қаржыландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жоқтығы және осы лизингтік жобалар мемлекеттік бағдарламалар аясында квазимемлекеттік компаниялар арқылы қаржыландырылады. Үшіншіден, бизнес-қауымдастықтың, атап айтқанда, ШОБ өкілдерінің негізгі қорларды сатып алу кезінде басқаларға қарағанда, лизингтік құралдардың артықшылықтары туралы хабардар болмауы.

"Лизинг нарығын қаржылық реттеуші тарапынан жағымды саясат жүргізілетін болса, Қазақстандағы өсімнің жоғары болатынына сенімдіміз. Бұл ірі кәсіпорындардың негізгі қорларын жаңартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер беріп, тауар өндіруші және сервистік компанияларға жаңа перспективалар ашады. Ал біз өз тарапымыздан нарықтағы өз сегментімізді дамытуға барлық күш-жігерімізді жұмсауды және лизингтік портфельді арттырып, жеке компаниялар арасында нарықтың 15%-нан кем емес үлесіне қол жеткізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Талап Рахманов.

Лизингтік техникалардың келісімшарты екі тарап үшін де тәуекелі жоғары екенін сарапшылардың бәрі айтады. Мысалы, техника алушы жақ банкрот деп танылса, оның зардабын лизинг беруші тарап тартады. Шығынды қалыпқа келтіру ұзақ уақытты алады.

Мамандардың пайымдауынша, Қазақстанда нақты ауыл шаруашылығы техникасын жасау және оны сату жүйесі қалыптаспаған. Тұтынушылар өзімізде дайындалған техника және қосалқы бөлшектермен бар-жоғы 1 пайызға қамтамасыз етілген.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу