banner

Қазақстандық компаниялар бекіткен сапа стандартын ЕО елдері мойындамайды

3288

Отандық өндірушілер органикалық өнім экспортынан жылына 200 млн еуро таба алады.   

Қазақстандық компаниялар бекіткен сапа стандартын ЕО елдері мойындамайды

"Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда литвалық "Ekoagros" cертификаттау компаниясының өкілі Виргиния Лукшене орга­ни­ка­­лық өнім өндіруге, оның экспорты мен импортына ерекше талап қойылатынын айтты. Оның түсіндіруінше, орга­ни­ка­­лық өнім химиялық, синтетикалық қоспасыз, табиғи жолмен өндірілуге тиіс.

"Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның басқа елдерден бәсі биік. Себебі сіздерде органикалық егін шаруашылығы қолға алынып жатыр. Сіздер экспортқа өте сапалы бидай шығарып отырсыздар. Сіздерге ауыл шаруашылығы саласының экологиялық таза өнімдерін экспортқа бағыттауды жалғастыра беру қажет. Бүгінге дейін біз Қазақстанның 18 компаниясына орга­ни­ка­­лық өнім өндіретінін растайтын сертификат бердік. Олар бидай өндірумен және оны экспортқа шығарумен айналысады", – деді ол.

Виргиния Лукшененің сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында органикалық өнімге қол жеткізу үшін кем дегенде 3 жыл уақыт қажет.

"Үшінші жылдың өнімі ғана органикалық өнім саналады. Оған дейін алынған өнім өтпелі кезеңнің өніміне жатады", – деді "Ekoagros" cертификаттау компаниясының өкілі.

Qazaqstan Organic Producer Union органикалық өнім өндіру одағының директоры Арсен Керімбековтың мәлімдеуінше, алдағы айда Петропавл, Павлодар қалаларында органикалық өнімнің экспортына қатысты семинар ұйымдастырылады. Мұнда қиындықтарды еңсеру жолы қарастырылады.

"Кәсіпкердің органикалық тауар өндіретінінін растайтын құжаттың құны қымбат. Бұл іспен айналысатын мамандар Киевте, Вильнюсте тұрады, ал зертхана Германияда орналасқан. Мамандарды Қазақстанға алдыру, зертханаға өнім жіберу, оның қорытындысын қабылдау шығындарын кәсіпкерлер көтереді. Қазір бізде 61 өндіруші бар. Олар 274 мың гектар жерде органикалық өнім өндіру құқығына ие болып отыр. Атап көрсетерлігі, органикалық өнім өндіруге рұқсат алу ерікті түрде атқарылады. Бұл бастамаға серпін беру үшін сертификаттаудың құнын түсіруге ықпал ету керек", – деді Арсен Керімбеков.

Оның сөзінше, Қазақстанда да органикалық өнімге сертификат беретін компаниялар бар. Бірақ Еуропада аккредиттациядан өтпеген. Яғни олар берген құжатты шетел мойындамайды. Салдарынан органикалық өнімнің экспорты шектеледі.

"Бүгінгі таңда біз 10 млн еуроға органикалық өнім сатып отырмыз, ал мүмкіндігіміз жылына 200 млн еуро табуға жетеді. Егер біздің шаруалар органикалық өнім егетін үлкен аумақтарды сертификаттап алса, қыруар қаржы табар еді", – деді директор.

Семинарда ауыл шаруашылығы министрлігі органикалық өнім және техникалық реттеу басқармасының басшысы Зейнулла Шарипов еліміздің органикалық өнім нарығы әзірше бақылауға алынбағанын айтты.

"Біз 61 өндіруші шетелдің сертификатын алып, халықаралық стандартқа сай жұмыс істеп жатқанын білеміз. Ал отандық үлгідегі сертификатқа сұраныс жоқ. Себебі ол органикалық өнімнің экспортына қатысты мәселені шеше алмайды. Отандық компаниялар халықаралық стандартқа сай құжатты 2 мың еуродан астам ақшаға сатып алады. Ал бізде бұл құжат 600 мың теңге тұрады, бірақ оның халықаралық деңгейде заңдық күші жоқ", – деді Зейнулла Шарипов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу