Қазақстандық нарық Лондон биржасынан тәуелсіздік алмақ

7520

Азаттықтың 30 жылдығында ел "шикізат құлдығынан" арыла алмады.

Қазақстандық нарық Лондон биржасынан тәуелсіздік алмақ Фото: inbusiness.kz

"Құлдықтың" қамыты ғана өзгерді

Зерттеуші ғалымдар кезінде Қазақстан Кеңес одағының "шикізат шылауы" болғанын айтады. Жерінің асты қазба байлыққа толы еліміз алып өндірістердің, терең кеніштердің шаңы мен улы түтініне тұншығып жатты. КСРО жеріміздің қойнауындағы барлық қазыналарды қазып алып, орталыққа әкетті, бізге тек улы шаңы қалды.

Өткен ғасырларда патша, одан кейін қызыл империяның қазақ жерінен қанша миллион тонна метал әкеткені белгісіз. Бастапқыда статистика жүргізілмеген, ал бертінде кеңес өкіметі метал өндірісінің мәліметтерін құпияландырды. Тарихшылар шетелдік дереккөздердегі бағалауға негізделген мәліметтерге сүйенеді.

"Ұлы дала толыққанды игерілмеген, теміржол тасымалы жолға қойылмаған XIX ғасырда Ресей империясы барлық түсті металдар ішінен тек мысты, қорғасын мен мырышты ғана өндірді. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында Кеңес одағы барлық метал түрлерінің жаһандық ірі өндірушісіне айналып шыға келді. Бұл кезде Дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға көшірілген өндіріс орындары толыққанды күшіне енген болатын", – дейді ресейлік зерттеуші-ғалым Тимур Валетов.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы жағдай көп өзгере қойған жоқ: еліміз сол бойы әлемді шикізатпен қамтушы ел болып қалуда.

Тағы бір сорақы жайт бар: төл металының елдегі бағасын белгілеуде енді Қазақстан Лондон биржасына тәуелді болып қалды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, ішкі нарығымыздағы металға деген жоғары баға "отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының толық жүктелуінің негізгі тежеуші факторы" болып отыр. Ол сондай-ақ "жаңа өңдеуші кәсіпорындарының пайда болуына кедергі келтіруде" екен.

"Қазақстанның ішкі нарығында металдар Лондон биржасында (LME) қалыптастырылған бағалар бойынша сатылады. Оның үстіне тіпті биржада шикізат құнына қосылатын "LME қоймаларына дейінгі көлік шығыстары" да шегерілмейді. Сондай-ақ, металды отандық қайта өңдеушілерге сату кезінде ағымдағы биржалық бағаға арнайы сыйлықақы үстемелері де қосылады", – дейді ведомство.

Тағы бір атап өтер жайт, металдарды ішкі нарықта саудалау кезінде оның бағасы 60 күн ішіндегі LME котировкасының орташа шамасына қарай қалыптастастырылады. Бұл ретте сол 60 күн ішіндегі қандай күнгі бағаны басшылыққа алатынын сатушының өзі таңдайды. Қай саудагер өзіне жамандық ойласын. Көбінесе сатушы биржада ең жоғары баға орнаған қолайлы кезеңді таңдайды. Осының кесірінен, қазақстандық металл өңдеушілер шетелдік бәсекелестерімен тең емес жағдайға түсті. Себебі, оның жаһандық қарсыласы биржада метал бағасы құлдыраған күні шикізатты арзанға, фьючерспен сатып алады.

Нәтижесінде, өз елімізде өндірілген металдың басым бөлігі өңделмей, шикізат, руда күйінде сыртқа кетуде. Яғни, осы арқылы біз өзге елдерді арзан металмен қамтып, жат экономикаларды өркендетіп отырмыз.

Оқ жасауға қорғасын тапшы ма?

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі біраз жайттан хабар береді. Меморган дерегінше, Қазақстанда 2020 жылы түсті металдар келесі көлемде өндірілген: мырыш – 318,8 мың тонна, мыс – 480,8 мың тонна, алюминий – 263,8 мың тонна, қорғасын – 130,9 мың тонна.

"Бұл металдардың барлығы экспортқа бағдарланған және олардың мардымсыз бөлігі ғана неғұрлым жоғары қосылған құны бар өнім өндіру үшін ел ішінде қайта өңделеді", – деді ИИДМ.

2019 жылы түсті металдар бойынша ел экспортының көлемі мырыш бойынша 260,2 мың тоннаны, мыс – 443 мың тоннаны, алюминий – 272,9 мың тоннаны, ал қорғасын – 110,1 мың тоннаны құрады.

Енді осының қаншасы өзімізде өңделетініне үңілсек: мырыштың бар-жоғы 2 мың 391 тоннасы (бүкіл өндірілген көлемнің 0,75%-ы), мыстың – 33,7 мың тоннасы (7%-ы), алюминийдің – 36,9 мың тоннасы (14%-ы) және қорғасынның – 19,4 мың тоннасы (14,8% ғана) елде өңделген.

Қынжылтатыны сол, ылан-ойран шикізат өндіретін Қазақстанда отандық өңдеуші кәсіпорындар шикізаттан тапшылық көріп отыр. Түсті металдарды өңдеудің нақты ішкі қажеттілігі мырыш бойынша – 60 мың тоннадан, мыс бойынша – 40 мың тоннадан, алюминийде – 2,5 мың тоннадан, ал қорғасында – 70 мың тоннадан асады. Салдарынан, олар шикізаттың үлкен бөлігін шетелден импорттауда.

Ұлы Отан соғысында атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалған деп мақтанамыз. Болашақта еліміз сол оқты жасау үшін қорғасын таппай қалуы ғажап емес.

Айтқандай, осы әділетсіздікке ел Президенті Қ.Тоқаев назар аудартқан-тын. Ол 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Үкіметке отандық өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен толық жүктеуді тапсырды. Үкімет осы тапсырманы жүзеге асыру үшін реттеуші тетіктерді әзірлеуде.

Монополистер жайлаған сала

Қазақстанда түсті металдарды өндіру саласының да, өңдеу саласының да тізгіні жекелеген компаниялар қолында шоғырланған. Өзге кәсіпорындар дәрменсіз күйге жетіп, жабылды. Жаңалары ашылып жатқан жоқ. Елімізде мысты негізінен "Қазақмыс", "Қазмырыш", "KAZ Minerals", мырыш және мысты – "Қазмырыш", алюминийді – "Қазақстан электролиз зауыты" өндіреді.

"Елімізде қорғасын өңдеуші негізгі кәсіпорын – "Қайнар АКБ" ЖШС: ол 85%-ға жүктелген. Республикамызда мырыштың жалғыз тұтынушы – "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ғана: ол осы шикізатты болат прокатын мырыштау үшін пайдаланады. Мысты негізгі өңдеушілер қатарындағы "Қазкат" ЖШС-ның және "Casting" компаниясының жүктелуі 30%-дан да аспайды. Ал "ТМӨЗ" АҚ-ының жүктелуі тіпті 20%-ға жетпейді. Алюминийді негізгі қайта өңдеушілер – "Казэнергокабель" АҚ-ы, "Aluminium of Kazakhstan" ЖШС, "УПТК Азия-Электрик" ЖШС, "Цветлит" ЖШС, "Giessenhaus" ЖШС саналады. Бұлардың бәрі орта есеппен 50%-дан аз жүктелген", – деді индустрия министрлігі.

Осы олқылықты жоюға бағытталған, Президент тапсырған тетікті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Өнеркәсіптік саясат туралы" жаңа заң жобасы арқылы енгізбек ниетте. Нақтылай кетсек, заң аясында Бейбіт Атамқұлов басқаратын бұл ведомствоға металдарға баға белгілеуді реттеу функциясын беру көзделіп отыр.

Осы тетікті алда депутаттар меморгандардың және салалық бизнес қауымдастықтардың өкілдерімен бірге пысықтайтын болады. Жаңа тетіктің жағдайды қаншалықты түзете алатынын тек өмір көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу