Қазақстандықтар кітап оқудан қалған

1613

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Қазақстандықтар кітап оқудан қалған

Qmonitor.kz: "Масылдық пиғылдағы адамдар мемлекеті. Қазақстандықтардың қамқорлық күтетін әдетін қалай өзгертуге болады?", деп жазады аталмыш басылым. Себебі Қазақстан экономикадағы "кеңестік" әдеттен бас тартуға бет бұрып, нарықтық түрлендіруді қолға алғанымен, мемлекет тарапынан қамқорлық күтушілердің саны азаяр емес. Керісінше олардың қатары көбейіп келеді. 

Басылымның хабарлауынша, жаңа экономикалық талаптарға сай мемлекет азаматтары ешкімнен қолдау күтпей, өз еңбегімен əл-ауқатын арттыруға тиіс еді, алайда күн өткен сайын қазақстандықтардың арасында мемлекет қамқорлығын көргісі келетіндер көбейіп келеді. Оған, әрине, экономикалық жағдайдың нашарлауы, кірістің төмендеуі және мемлекеттегі саяси-әлеуметтік, мәдени факторлар өз септігін тигізді. Сол себептен азаматтар мемлекеттен көмек сұрай бастады. Мемлекет олардың талаптарын орындаған сайын немесе орындаймыз деп уәде берген сайын халықтың сұрауы да көбейіп келеді.

"Бізде әлеуметтік қолдауға әлеуметтік жұмысқа тартылғандарды, ақшалай көмек алғанды жатқызады. Мұндай ұстаным масылдық пиғылдағы адамдар қатарын көбейтеді, олар өз кезегінде өзгеріс болғанын қаламайды, оларға тек төленетін жәрдемақының көлемі өссе болғаны. Сол себептен әлеуметтік қамқорлық түсінігі өзгеріп, оны әлеуметтік әділдікпен алмастырады. Ал негізінде әлеуметтік әділдік – кемсітушілік бар қоғамда барлық азаматтарға құқығы бұзылмайтындай мүмкіндік беру болып келеді", – дейді саясаттанушы Данил Бектұрғанов.

Сaravan.kz: "Қазақстандықтар кітап оқудан қалған: бізден қашан Сөз кетеді" деп жазады бұл газет. Мақала авторы кезінде Кеңес Одағының оқырманы көп мемлекет қатарына қалай қосылғанын баяндаған. Сол кездегі көрсеткіш бойынша, КСРО азаматтары аптасына 11 сағат бойы кітап оқыған, бұл американдықтар мен мен ағылшындықтармен салыстырғанда екі есе көп болған. Батыстағылар бұл көрсеткішті соғыстан кейінгі "кеңестік экономиканың кереметімен" байланыстырды, сөйтіп, экономика мен кітап оқудың арасында байланыс барын айтып, қорытынды жасаған. 

Мақала авторының мәліметінше, Қазақстан азаматтары кітап оқуға аптасына жарты сағат қана уақытын бөледі. Себебі кітап пен білім – құндылық болудан қалған. Адамдар ойланудан, өз біліміне сүйенуден қалған. Бұл – қоғамның деградацияға ұшырағанының белгісі. Сол себептен сауатты түрде оларға шындыққа  жанасатындай кез келген ақпаратты беріп, сендіруге болады. Мұндай жағдай, әсіресе, карантин кезінде байқалды.

"Ақылға сыймайтын идея, әрине, инфекцияға байланысты болды. Желіде коронавирустың таралуы туралы "5G желісін орнатуда, вирусты ұшақпен тарата бастады, қалалық су құбырларына ағызып, суға қосыпты" деген сияқты шындыққа жанаспайтын хабарлар пайда болды. Бір өкініштісі, халық соған шүбəсіз сенеді. Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат деп хабарлағанның өзінде де сенеді. Өсек таратылады. Бұл ненің белгісі? Бұл – халықтың өзге ықпалға тез түсуінің белгісі, яғни ұлттық қауіпсіздікке қауіп төніп тұр деген мәселе", – деп жазады Әділ Урманов.

Express-k.kz: "Ешқайда апармайтын жол" деп аталады газеттің бұл жолғы мақаласы. Бұл мақаланы автор қазақ қоғамында бар келеңсіздіктерге арнаған. Орын алып отырған келеңсіздіктер жаңа салынған жолдан, адамдардың ниетінен басталады. Мысал ретінде мақала авторы Зира Наурызбаева өзі жүріп өткен, жаңа салынған тасжолды келтірген. Жол жаңадан салынса да, сапасы сын көтермейді, алайда қазіргі кезде жол салу үшін тендерін еліміздегі ауқатты жандардың ұтып алып жүргені жасырын емес. 

Қазақстанда салынып жатқан жолдарды көріп, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева орта ғасырларда салынған субұрқақтарды еске алады. Сол кездегі сұлтандардың игі істерімен салыстырады. Олар сауап үшін мешіт те тұрғызған, субұрқақ та орнатқан, мектепке баратын жол да салған. Автордың айтуынша, мәселе олардың сауап үшін салғанында емес, әңгіме біздің азаматтардың ұрланған ақшаға, яғни халықтың ақшасына сауап үшін мешіт, жол салуында. Бұл қазіргі қазақтардың ноухауы болып тұр.

"Мәселен, ұлттық дәстүрді бұрынғы коммунистер "қайта жандандырып жатыр", олар біздің мәдениетті кеңестік идеология арқылы түсінеді, яғни келінді қанау, қыздарды ұрлау, зорлық көрсету, дөрекілік, надандық, жалқаулық. Ислам дінінен адалдық пен міндеттілікті, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық қамқорлығын, сыйластықты алмаймыз. Исламнан біз ғылымнан бас тарту, әйелдерге екінші деңгейдегі затқа қарау сияқты тұстарын алғанбыз", – деп жазады Зира Наурызбаева.

Liter.kz: Аталмыш басылымның хабарлауынша, Маңғыстауда экологиялық дау басталғалы тұр. Себебі жергілікті билік бұл өңірге "Божырға афари отель" атты жобаны іске асыруды қолға алмақ, жергілікті экологтар бұл жобаға қарсы болып отыр. Мұндай құрылыстың салдарынан жергілікті жердің қоршаған ортасына айтарлықтай зиян келмек. 

Басылымның хабарлауынша, Маңғыстауда Rixos қонақ үйін салған инвесторлар бұл өңірге тағы бір қонақүй салуды ұсынған. Жергілікті билік өкілдері бұл қонақ үйдің жобасын жасау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған. Олардың айтуынша, жаңа жоба заңның барлық талаптарына сай әзірленетін болады. Жобаны дайындау жұмыстары аяқталғаннан кейін оның қоғамдық тыңдауы, талқылау болады. Жоба қоршаған ортасына үйлесімді әрі "жасыл" технология талаптарына сай келетін болады.

Ал Қазақстан экологтары қауымдастығының мүшелері мұндай жобаға қарсы болып отыр, себебі мұндай құрылыс жергілікті жердің табиғатын бұзады. Соның салдарынан бұл өңірден "Қызыл кітапқа" енген жануарлар жоқ болып кетуі мүмкін.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу