Қазақстанның болашақ мұнай орталықтары – Қостанай, Түркістан, Қызылорда облыстары болуы мүмкін

15722

Геологтар "қара алтын" перспективасына қатысты тосын тоқтамға келді. 

Қазақстанның болашақ мұнай орталықтары – Қостанай, Түркістан, Қызылорда облыстары болуы мүмкін

Елімізде негізінен кеңес кезінде қалыптасқан геологиялық деректер базасын өзектілендіріп, оның сапасын арттыру мақсатында, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында "Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі" (ҰДБ) құрылып жатыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, мемлекет өз қаражаты есебінен жер қойнауына терең геологиялық зерттеулер жүргізу ісіне кірісіп кеткен. Осы барлаудың ерте сатыларында анықталған перспективті алаңдар туралы геологиялық ақпарат аталған банкке енгізіледі және отандық, шетелдік жеке инвесторлар үшін ашық жарияланады. 

Қазіргі кезде негізінен, еліміздің батыс өңірлері – республикамыздың "мұнай орталығы" саналады. Бірақ Энергетика министрлігінің мәліметінше, шамамен 40–50 жылдан кейін әлемдік алыптар қатарында саналатын "Теңіз", "Қашаған" және "Қарашығанақтың" "қара алтыны" түгесілуге таямақ.  

Сол тұста олардың орнына келетін жаңа ірі мұнай кенорындары ашылуы мүмкін.

"Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыру және ел аумағының геологиялық зерттелуін қамтамасыз ету үшін келесідей басты бағыттар белгіленіп отыр: біріншіден, Қызылорда, Қостанай, Түркістан облыстарының ресурстық базасын кеңейту мақсатында бұған дейін аз зерттелген шөгінді бассейндерге және мұнай-газ ресурстық әлеуетіне зерттеу жүргізіледі. Екіншіден, шөгінді бассейндер шегінде мұнай-газ жиналуының жаңа көкжиектері ашылады және жаңа мұнай-газ қабаттары анықталады. Үшіншіден, Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстандағы моноқалалардың маңында минералдық-шикізат әлеуеті геологиялық зерттеледі және бағалаланады", – деп түсіндірді министрлік.

Осылайша, мемлекет "қазіргі кезде мұнайы қарқынды өндіріліп жатқан басты өңірлерді 2040 жылдан кейін ауыстыру" үшін қажетті көмірсутектің жаңа ресурстық қорын түзбек ниетте. Осы арқылы елдің ғасыр ортасынан кейінгі энергетикалық қауіпсіздігін кепілдендіреді. Отын-энергетикалық кешеннің орнықты дамуына жол ашады.

Бұл міндет-мұраттар "Қазақстанның геология саласын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында" белгіленіп отыр.

Жерасты қазынасына жауапты министрліктің дерегі бойынша осы бесжылдықта қазақ жеріндегі бес аз зерттелген аймақта – Солтүстік Торғайдың, Ертіс маңының, Арал, Сырдария және Шу–Сарысу шөгінді бассейндерінің шикізат әлеуеті бағаланады, осы өңірлердің жерінің астында қанша көлемде мұнай мен газ жатқанына геологиялық-геофизикалық зерттеулер жасалады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның шығыс (Зырян, Риддер, Серебрянск) және орталық (Жезқазған, Сәтпаев) аймақтарындағы моноқалалар жанында ірі ауқымда іздеу және іздеу-бағалау жұмыстары қолға алынады. Бұл осы моноқалалардың металға қатысты шикізат базасын толықтырып, олардың өркендеуіне тың серпін беру үшін қажет.

Өз кезегінде "қара алтынның" мол қорын табу үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Каспий маңы шөгінді бассейнінің шығыс және оңтүстік бөліктерінің, Маңғышлақ және Оңтүстік Торғай бассейндерінің, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Солтүстік және Оңтүстік бөлігінің терең қабаттарына бұрғы салады. Бұл аймақтар – осы 5 жыл ішінде мемлекеттік мұнай операторының басымдықты бағдарына айналады.

Бұған дейін тым аз зерттелген 4 шөгінді бассейн аясында: Солтүстік Торғай бассейнінде – 17,4 мың шақырым, Аралда – 4,5 мың км, Сырдарияда – 3,1 мың км, Шу–Сарысу шөгінді алаптарында – 7,9 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осы зерттеулердің нәтижелесінде тірек-параметрлік ұңғымалар бұрғыланады.

Нәтижесінде, ағымдағы бесжылдықта жалпы ауқымы 34,08 мың шақырым бойында күні бүгінге дейін толыққанды зерттелмей келген шөгінді бассейндерге қатысты геологиялық-геофизикалық жұмыстар жүргізіледі. Мұның ауқымын ұғыну үшін айта кетелік: яғни, Бельгия, Армения, Молдавия, Израиль, Катар, Ливан, Черногория секілді елдердің тұтас территориясына тең аумақта қара алтын, көгілдір отын және басқа да пайдалы қазба қазыналары ізделеді.

Геологтар қазақстандық осы аумақта мұнай және басқа да шикізат мол екеніне сенімді. Сондықтан Қостанай, Қызылорда, Түркістан облысы және басқа өңірлер жаңа бағдарламаға қазба байлық іздеудің перспективті аумақтары ретінде кіріп отыр.

2021–2025 жылдар аралығында геологиялық барлау саласына 1 триллион теңгеге дейінгі (958 млрд теңге) қомақты инвестиция құйылады деп күтілуде. Осынау кең көлемді зерттеулер қорытындысында алынған геологиялық материалдар 100% ашық әрі қолжетімді болатыны мәлімделді. Егер қазіргі болжамдар расталып, мол ресурстар табылып жатса, оларды ары қарай тереңірек барлап, игеруге қазақстандық және шетелдік инвесторлар шақырылмақ.

Жалпы, "Қазақстанның геология саласын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын" жүзеге асыру үшін мемлекет 5 жыл ішінде 165 миллиард 890,2 миллион теңге салуды қарастыруда. Тарата айтсақ, 2021 жылы – 12 млрд 26,8 млн, 2022 жылы – 39 млрд 59,7 млн, 2023 жылы – 58 млрд 498,8 млн, 2024 жылы – 40 млрд 348,1 млн, ал 2025 жылы – 15 млрд 956,8 млн теңге жұмсау ұсынылды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу