Қазақстанның қарызы

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9606

Үкімет пен халықты келешек үшін емес, берешек үшін жұмыс істетуі мүмкін. 

Қазақстанның қарызы

Мемлекетіміздің жиынтық қарызы бір жылда 20%-ға көбейіп, 15 трлн теңгеге жетіп жығылды.

Наурыздағы көрсеткішке сәйкес, мемлекет кепілдендірген борыш 428,5 млрд теңгені құрады. Ал 37,8 млрд теңге мемлекет кепілге алған берешек болып тіркелді.

Finprom.kz порталының хабарлауынша, мемлекеттік қарыздың дәл осылай қарғуына еліміздің ішкі қарызының ұлғаюы бірден-бір себеп. Биыл қарыз көлемі 30,9%-ға көбейіп, 5,7 трлн теңгеге тұрақтаған. Былтыр бұл көрсеткіш 4,4 трлн теңге болған. Соңғы 5 жылда мемлекеттік қарыз 3,7 есе еселеніп, 10,8 трлн теңгеден 14,8 трлн теңгеге өскен.

Айта кетейік, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазына қаржысынан қарызға қызмет көрсету үшін 156,7 млрд теңге бөлінді. 2017 жылы дәл осы уақытта 129,5 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл ретте барлық бағыттағы мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны 2,4 трлн теңгені құрағанын айту ләзім.

Қарызға қызмет көрсету бойынша шығыстардың үлесі өткен жылы 6,1%-ды, биыл 6,5%-ды құрады. Ерекше атап көрсетерлігі, сыртқы қарыз 0,1%-ға ғана өсіп, 5 млрд теңгемен шектелді.

Айтпақшы былтыр Қазақстанның сыртқы қарызы 165 млрд долларға жетті. Біздің елдің Нидерландқа, Ұлыбританияға және АҚШ-қа берешегі 84,62 млрд көк қағазды құрады. Бұл көрсеткіште Қытай төртінші орында тұрды. Ұлы дала елі аспан асты еліне 12,18 млрд доллар қарыз болды. Қарыздың қалған сомасы әлемнің өзге елдерінен алынды.

Ел арасында мемлекеттің сыртқы қарызы Қазақстан халқының жан басына шағылар болса, әр адам сыртқа 9 мың доллардан артық ақша төлеуі тиіс болады деген пікір бар. Үкімет бұл бекер сөз екенін айтады. Мұндағылардың мәлімдеуінше, Қазақстан сыртқы қарызы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Ал сарапшылар Қазақстанның жалпы сыртқы қарызындағы квазимемлекеттік сектордың үлесі есепке алынбайтынын, бұл экономика үшін қауіпті екенін алға тартады. Себебі бұл қарызға үкімет кепіл болып отыр.

Ресми түрде квазимемлекеттік сектордың қарызы үкіметтің қарызы болып саналмайды. Бірақ мұның мемлекеттің "көрінбейтін қарызы" екенін бәрі біледі.

"Альпари" сараптамалық департаменті директорының орынбасары Наталья Мильчакованың мәлімдеуінше, қазақстандықтар мемлекеттің қарызы үшін өздерін әлем алдында борышкер сезінбеуі керек.

"Мысалы, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 150 мыңдолларға пара-пар. Бельгия, Норвегия, Финляндия мемлекеттерінде 100 мың долларға тең. АҚШ-та - 60 мың, Германияда - 70 мың, Ресейде - 3,5 мың долларды құрайды. Бұл жерде халық саны үлкен рөл атқарады. Сондықтан Ресей мен Қытайда көрсеткіш төмен", – деді департамент директорының орынбасары.

Сарапшының сөзінше, сыртқы қарыздың жан басына шаққандағы көрсеткіші халықтың иығына түсетін қарыз салмағын анықтайды. Себебі күндердің бір күнінде кез келген қарызды қайтару керек болады.

"Бұл үкімет пен үкіметтің экономикалық блогының индикаторы. Ол өзге елдермен салыстырып отыру үшін қажет. Индикатордағы көрсеткіш төмен болған сайын халықтың сыртқы қарызға қатысты жүгі жеңілдейді. Негізі кез келген қарыз алушы елдің қаржылық жағдайын сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімге қатынасымен есептеу керек. Сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімдегі үлесі аз болған сайын мемлекеттің төлем қабілеті артады", – деді Наталья Мильчакова.

Ақиқат үшін айту керек, Қазақстан қарызға белшесінен батып, қол қусырып, қарап отырған жоқ. Қарыздан құтылудың тиімді жолдарын қарастырып жатыр. Мысалы 2016 жылдан бері 2017-2019 жылдарға арналған сыртқы қарыз алу қоржынын оңтайландыру қолға алынып, "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасында Euroclear жүйесі арқылы теңгемен еврооблигация шығару жоспарланды. Бұған қоса қарыз алу көздерін әртараптандыру мақсатында ислам облигацияларын, яғни сукук шығаруға  назар аударылды.  

Экономист Сапарбай Жұбаев мемлекеттік қарызға қатысты үрей туғызудың қажеті жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, алынған ақшаның 3/1 бөлігі ғана сыртқы қарыз, қалғаны бюджет тапшылығын жабу үшін алынған ішкі қарыз.  Ал "Pro Gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық мемлекеттік қарыздың еселенуі ұлттық экономика үшін тиімді емес екенін алға тартады.

"Үкіметтің ішкі қарызының өсуі қобалжуға түрткі болатын мәселе. Біз шикізатқа тәуелді мемлекетпіз. Сондықтан әлемдік мұнай бағасына байлаулымыз. Мұның дәлелі мұнай баррелінің бағасы шарықтап тұрғанда біздің елде бюдет тапшылығы болған жоқ. Мұнай бағасы құлдырағаны сол еді, бюджет тапшылығынан көз ашпай қалдық", – деді экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі.

Халқымызда: "Қарыз күліп келіп, жылап қайтады" деген сөз бар. Біз бұдан асырып ештеңе айта алмаймыз. Тек үкіметтің бір білгені бар шығар, есеп-қисап дұрыс жүргізіліп жатқан шығар деп үміттенеміз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу