Кейкі батыр дейсіз бе? Ал Хан Кене қайда?

6123

Кремльдің бергісі келмей ме әлде қазақ жағы "қайтар" деуге жасқана ма? 

Кейкі батыр дейсіз бе? Ал Хан Кене қайда?

Кейкі батырдың басы елге қайтарылды дегенді естіп, Хан Кененің бас сүйегінің тағдыры туралы тіс жармай отырған үкіметтің ісін көріп еріксіз осындай ойға қаласың.

Кәрім Мәсімов үкімет басынан кетуінің қарсаңында ғана, 12 тамызда, өзінің твитінде ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездескенінде Хан Кене мен Кейкі батырдың мүрделерін қайтару мәселесін қозғайтынын жазып, исі қазақтың рухын бір асқақтатқандай болып еді.

Айтқандай-ақ, қазақ премьер-министрінің ресми сайтында Кәрім Мәсімов пен Дмитрий Медведевтің жүздескені және соңғысының бұл мәселені анықтап, шешу үшін қажетті тапсырма беремін деп міндеттенгені де хабарланды.

Ресей премьерінің осы сөздерінен кейін Хан Кененің мүрдесі арада 1,5 ғасырдан астам (169 жыл!) уақыт салып, ал 1916 жылғы көтеріліс қаһармандарының бірі Кейкі батырдың мүрдесі 90 жылдан соң туған еліне оралып, туған топырағына жерленеді деген үміт те оянғандай еді.

Ақырынды 6 қазанда Астанаға арнаулы ұшақпен Кейкі батырдың бас сүйегі жеткізілді деген хабар шыққанда, сол үміт ақталғандай да болды. Алайда...

Алайда, бас сүйектің Кейкі батырдікі екеніне шүбә келтірушілер де табылды. Бір антрополог ғалым, академик Оразақ Смағұлұлының пікірі неге тұрады! 

Өзінің ғалымын сыйлаған елдің үкіметі оның сөзін елеп, қоғам алдында оны не растауға, не теріске шығаруға асықпас па еді? Оның орнына бас сүйектің қайда жерленетіні хабарланды да қойды. Наполеон айтыпты дейтін бір қанатты сөзді аз бұрмалап айтсақ, "өз ғалымын асырамаған қазақ жат елдің ғалымын асырауға әуес" екенін көз көріп, құлақ есітіп жүр.

Егер Ресей премьері сөзінде тұрып, Кене ханның бас сүйегін қайтарса, ол мұндай күмән тудырмас па еді? Неге десең, бас сүйекті Омбыда өз көзімен соңғы көргендердің бірі жазушы Сергей Марковтың жазуына қарағанда, бас сүйектің бір маңызды ерекшелігі бар екен.

2014 жылы Омбы облысының мұрағатынан табылған бір парақ құжатта бірқатар маңызды мәліметпен бірге "бүлікші сұлтан Кенесары Қасымұлының уақыт өте сарғайған, маңдай тұсына патшалықтың мөрі басылған бас сүйегі сақталғаны" ойып жазылған еді.

Ең маңыздысы, жазушы Сергей Марковтың бұл жолдарды 1940 жылдары жазғанын ескерсек, Кенесары ханның бас сүйегі сол жылдарға дейін Омбыда сақталған болады да, Кунсткамераға нақты қай жылы жөнелтілгені жұмбақ күйінде қалды. Бірақ, бас сүйекті 1987 жылға дейін Кунсткамерада ұстағаны анық.

Ал 1987 жылдың басында бас сүйек, оған қоса Кенесарының 2 қылышы, құран кітабы, хан әскерінің бірнеше туы және 300-дей тарихи жәдігер Кунсткамерадан КГБ-ның аса құпия бөлімі болған бір "ғылыми-зерттеу институтына" беріліпті. Ол туралы осы ҒЗИ-дың 20 жылдай директоры болған Лидия Ахундова деген әйел біздің бір орыс тілді газетімізге берген сұхбатында мәлімдеп еді.

Хан Кененің басы мен ол бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тарихи жәдігерлерді Кунсткамерадан ҒЗИ-ға беруге қазақ жастарының 1986 жылғы "желтоқсан көтерілісі" себеп болыпты. КСРО КГБ-сының сол тұстағы бастығы Виктор Чебриков КОКП ОК Саяси бюросына қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятуы мүмкін кез келген тарихи жәдігерді мұражайлардан алып жасыруды ұсынған хат жолдапты.

1991 жылдың соңында "зұлымдық империясы" құлаған соң, 1992 жылдың басында әлгі ҒЗИ жабылып, оның қорында болған Хан кененің бас сүйегі мен тарихи жәдігерлер Ресейдің Гохранына тапсырылыпты.

Сөздің тоқетерін айтқанда, егер Хан Кененің бас сүйегін қайтару үкіметтің шын ықыласы болса, онда оны ең алдымен Гохраннан сұратқан дұрыс-ау.

Ресей жағы өз премьерінің сөзін елеп, сұрағанымызды бергісі келмей ме әлде біздің жақтың "жоқ" дегізбей сұрауға жүрегі дауаламай жүр ме?

Тәуелсіздік жолында шаһид болған Хан Кененің бас сүйегі Қазақ хандығының 550-жылдығы аясында елге қайтарылып, мемлекеттік салтанатпен Ұлттық пантеонға жерленуі керек еді. Осылайша көрнекті өткен-кеткен мемлекет басшыларын құрметтеудің жаңа дәстүрін қалыптастыруға болар еді.

Әйтсе де өзімізді өзіміз ештен кеш жақсы деп жұбатамыз.  

Сұлтан Хан Аққұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу