Кезінде ЛРТ-ны ұсынған шенеуніктер тергелуі мүмкін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7078

Алғаш рет Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысында Үкімет көп сын естіді.

Кезінде ЛРТ-ны ұсынған шенеуніктер тергелуі мүмкін

Мемлекет басшысы халықты мазалаған көкейтесті мәселелерді көтере отырып, олар бойынша министрлер кабинеті мүшелерінен жауап алды және олардың біразының жауабына қанағаттанбағанын анық білдірді. Бұл ретте әсіресе, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың жолы болмады. Қасым-Жомарт Тоқаев оның осы қызметке жақында ғана келген азаматтық тұлға екеніне қарамастан, әскерилердің Арыста жасаған жарылысы үшін оған "қатаң сөгіс" берді.

"Дөрекі түрде айтсақ, сендер жарты қаланы бейбіт күнде бомбалап тастадыңдар", – деді министрге Қ.Тоқаев.

АШМ басшысы Сапархан Омаровқа ол "ауыл шаруашылығы министрлігі – сабақтастық сақталмайтын, басшысы ауысқан сайын саясаты да ауысатын жалғыз меморганға" айналғаны жөнінде зілді ескертпе айтты.

Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Премьер Асқар Мамин Теңіздегі жергілікті жұмысшылардың шетелдік бірнеше елдің келімсек мамандарын сабауына қатысты сөз естіді.

Бұл оқиғаның "халықаралық деңгейде Қазақстанның беделіне нұқсан келтіргенін" баса айтқан Мемлекет басшысы мұндай жағдай қайталанбауы үшін Үкімет басшысының өзі жауап беретінін нық аңғартты. 

Жаңа Президентке аймақ басшыларының журналистер мен шетелдік инвесторлар алдында өздерін қалай ұстайтыны да ұнамайтын болып шықты. 

"Бізді енді Орталық Азияда да инвестиция тарту бойынша өте үлкен бәсекелестік күтіп тұр. Қазақстан көшбасшы ретінде биік тұруға тиіс. Қол жеткен тұғырымыздан таюға мүлдем жол берілмейді. Біз үнемі тек алға жылжуға тиіспіз. Басқасының бәрі бос әңгіме. Инвестиция тартылуы қажет. Әкімдер инвестиция әкелумен айналысуға тиісті. Кейде мен шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар делегацияларын қалай қабылдап жатқандарыңды теледидардан байқап қаламын. Бұларың жарамайды! Өздерің үстелдің басына, төрге отырып аласыңдар, инвесторларды өздеріңнен 3-4 метр қашықтыққа, төменге жайғастырасыңдар. Өздеріңді бәзбір княздықтың билеушісі ретінде ұстайсыңдар. Инвестиция тартуға сендер мүдделі емес, керісінше, келуге инвестордың өзі мұқтаж сияқты көресіңдер. Бұл тұрғыдан теледидардан өте жаман көрінесіңдер", – деп сөккен Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әкімдер мен министрге Ли Куан Юдың "Үшінші әлемнен – біріншіге: Сингапурдың тарихы" кітабын оқып шығуға кеңес берді.

Бұл мемуарда Сингапурдың негізін қалаушы осы табысты мемлекеттің көшбасшысы болғанына қарамастан, АҚШ және басқа да елдерге сапарлап, инвесторлардың қаржы салуға өзі үгіттегенін жазады.

Дегенмен Тоқаев шетелдіктер алдында құрдай жорғалап, жатып жастық, жайылып төсек болудың де керегі жоқтығына назар аудартты.

"Шектен тыс мәймөңкелеуге де болмайды. Іскерлік ауанда жұмыс жасау қажет. Сонымен бірге пара дәметіп, жемқорлықпен айналысуға да болмайды. Бұған тыйым салынады. Өйткені инвесторлардан бұған қатысты шағымдар түсуде, олар әлдебір өңірге инвестиция салуға келсе, жергілікті билік өкілдері тарапынан түсініксіз талаптар қойылатынына наразы. Егер сіздердің біріңіз осындай әрекетпен көзге түссеңіздер, атақ, жұмыс тәжірибесі және сіңірген еңбегіне қарамастан, әкімдер қатаң жазаланады. Мен сіздерге ертерек ескертіп отырмын", – деді Қазақстан Президенті.

Ол жерді отандық инвесторларға беру мәселесін көтерді. Бұл ретте Елбасы тұсында Жер кодексінің жекелеген нормаларына қойылған мораторийдің аяқталып қалғаны алға тартылды.

"Өзекті мәселелердің бірі – жерді тиімді пайдалану. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген жерді түгендеу-инвентаризациялау жұмыстары 16 миллион гектардан астам алқаптың пайдаланылмай жатқанын анықтады және бұл проблеманың бір бөлігі ғана. Үкіметке барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді, жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырамын. Жер – өндірістің басты факторы. Бұл мәселеде тиімділік және мөлдірлік болмаса, біз ауылды дамыта алмаймыз. Біз бұл жұмыстың күрделі екенін түсінеміз. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы және цифрлық даму министрліктерінің үйлесімді өзара әрекеттестігі керек. Бұл жұмысты, яғни цифрландыруды келесі жылдың соңына дейін аяқтау маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінің қаншалықты тиімді пайдаланылып отырғанын бақылауды құжат жүзінде де, практикада да күшейту жүктелді.    

"Жер онымен жұмыс жасай алатындарға тиесілі болуға тиіс. Үкімет, соның ішінде АШМ жерді ұтымды пайдалануға қатысты мониторингке кірісті. Бұл жұмыс аяғына дейін жеткізілуі керек. Жер кодексінің жекелеген баптарына қойылған мораторийдің, яғни ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салудың 2021 жылы аяқталатынына орай біз осы мәселеде ақырғы шешім қабылдауға тиіспіз! Бұл мәселе бойынша Парламент депутаттары да, саяси партиялар да, қоғам өкілдері де өз ойларын ортаға салады деген ойдамын. Шетелдіктерге келсек, жер оларға сатылмайды! Бұл жайт толығымен басы ашылған", – деді Президент Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіпкерді, ұлттық буржуазияны қолдайтынын және бизнестің дамуына қасақана кедергі келтірген шенеуніктер қудаланып, түрмеге қамалатынын жеткізді.

Индустрияландырудың екі бесжылдығында экономиканы әртараптандыру мәселелері түбегейлі шешілмегеніне нұсқаған Президент Үкіметке салтанатты түрде ашылып, артынша өнім шығармай, тоқтап қалатын "көпіршікті қамалдар" тұрғызбауды жүктеді.

"Бос қиялдап, қияға қанат қаға бермей, жерде нақты жұмыс жасау" керектігін ескертті. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы ЛРТ жүйесі де қатаң сынға ұшырады. Мемлекет басшысы оны елдегі сапасыз жоспарлау жүйесінің көрнекті мысалы деп бағалады.

"Қолайлы, түсінікті, халық үшін тиімді көлік түрі орнына – ЛРТ деген қымбат көлік ұсынылған. Мамандардың және архитектуралық қауымдастық пікірі ескерілмеген. Елорда әкімдігінің дерегінше, онымен қатынайтын жолаушылардың болжамды ағыны тәулігіне 146 мың адамды құрамақ. Алайда қазіргі кезде осыған ұқсас бағытта – теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі жолаушылар ағыны небәрі 2 мың адам ғана! Сонда сіздер осы ағынды қалайша 70 есеге өсірмексіздер?! Бұл жағы маған түсініксіз. Өзін-өзі ақтамайтын бұл жоба үнемі субсидия талап етіп, мемлекетке масыл болады деген қауіп бар. Алайда шетелден мол қарыз алынғанына және қыруар қаржы шығындалғанына байланысты бұл жобаны тоқтата алмаймыз", – деген Қ.Тоқаев Үкіметке және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне осы мәселеге нүкте қойып, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы кезінде осы ақаулы жобаны ұсынған және ілгерілеткен жауапты тұлғалардан құзырлы органдар жауап алуға тиістігін атап өтті. 

Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты орнынан көтерген Президент ЛРТ-ға Қытай берген және банкрот болған "Астана банкі" депозитіне салынған 100 миллиард теңгенің көп дегенде 30-40 пайызын ғана алдағы жылдары қайтаруға болатынын, қалғаны ізім-ғайым жоғалғанын білді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу