Үкіметтің даулы шешімі біраз саланы қаусатып кетуі мүмкін

6354

Билік 29 қызмет түрінен басқасын кемсітуге кіріседі.

Үкіметтің даулы шешімі біраз саланы қаусатып кетуі мүмкін

Пандемия кезінде табысы азайған, тұрмысы төмендеген қазақстандықтарды қолдаудың бір шарасы ретінде жақсы, жағымды тетік енгізілген болатын. Ол жұмыс берушілер мен қызметкерлерді барлық әлеуметтік салықты, зейнетақы жарнасын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарнаны төлеуден босатты.

Алайда бұл игілік тек 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі аралықта ғана жалғасты. Билік қазанға дейін індет тоқтайды, экономика қалпына келеді деп күтсе керек.

Ал пандемия болса, қайта өрши түсуде. COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) шешімімен бүгіннен бастап Қазақстанның бірнеше өңірінде жаңа карантиндік шектеу шаралары енгізілді. Атап айтқанда, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қатаң карантинге жабылуда. Әсіресе, оқшауланған Шығыс Қазақстан облысының ахуалы нашар: бүкіл Қазақстандағы КВИ-мен ауырғандардың 50%-ы – ШҚО-да. Індет жұқтырғандар саны жөнінен облыс қызыл аймақта тұр. Өткен аптамен салыстырғанда, өңірде сырқаттанушылық 5,4 есеге өсті.

Карантиннің күшейтілуі біраз кәсіпорын мен жұмыс орындарының тағы да жабылуына соқтыруда. Қызметкерлеріне жалақы төлеуді жалғастырған жұмыс берушілердің көбісі оның мөлшерін ең төменгі жалақы деңгейіне – 42 500 теңгеге дейін төмендетіпті. Ал одан қаптаған салық, жарна және аударымдар шегерілетін болса, жұмыскердің қолында қалғаны отбасы түгіл, өзін асырауға жетпейді.

Сондықтан ел Үкіметі "0" түзету коэффициентінің мерзімін ұзартуға бел буды. Осыған орай "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Президенттің 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру жөнiндегi одан арғы шаралар туралы" Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Үкіметтің 30 қазандағы №721 қаулысы қабылданып, күшіне енді.

"Осы тармақтың ережелері мынадай салық төлеушілер мен олардың жұмыскерлеріне қатысты қолданылады: міндеттемелері бойынша төлеу (аудару) мерзімі – 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, дара кәсіпкердің өзі үшін төлейтіндерін қоспағанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдарды есептеу міндеттемелері бойынша 2021 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде басталатын жеке практикамен айналысатын тұлғалар және осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес қызмет түрлерінің тізбесі бойынша қызметті жүзеге асыратын микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері", – деп жазылған жаңа Қаулыда.

Қарапайым тілмен айтқанда, 1-қосымша тізіміне кіре алғандарға "0" түзету коэффициентін "Жаңа жыл" мерекесіне дейін еркін қолдануға болады. Құжат 2020 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi.

Яғни кері күші бар, демек, салық, жарна және аударымдарды аударып қойған бухгалтериялар оны Мемкірістер комитетінен, МӘСҚ және БЖЗҚ-дан кері қайтартқызып ала алады.

Өкінішке қарай, Үкімет жаңа Қаулысынан біраз саланы шығарып тастапты. Мысалы, бұл игілікті экономикалық, қаржылық күйзеліске ұшыраған бұқаралық ақпарат құралдары енді қолдана алмайды.

Жаңа құжаттың тізімі тым қысқа. Ол бойынша әлеуметтік салықтан, зейнетақы жарналарынан, әлеуметтік аударымдардан тек сауда алаңы 2000 шаршы метрден кем автосалондар мен автобөлшек сататын орындар; СТО-лар; әуежайлар; қонақүйлер мен хостелдер; мейрамханалар және тамақ өнімдерін жеткізу қызметтері; бағдарламалық қамтылымды шығарушылар; кинотеатрлар; концерт залдары мен театрлар; жылжымайтын мүлікті жалға берушілер, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда нысандары; нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар; турагенттіктер; жеке балабақшалар мен мектептер; ауруханалар, стоматологиялар, клиникалар; санаторийлік-курорттық ұйымдар; химтазалау; фитнес-клубтар, шаштараз және сұлулық салондары ғана босатылады.

Тізімде небәрі 29 қызмет түрі қарастырылған.

Барлық сала қатар күйзеліске ұшырап жатқанда, не себепті тек осы салалар ғана жеңілдікке ие болғанын, ал өзге салалар игіліктен қағылып, кемсітілгенін Үкімет түсіндірмейді. Соған қарағанда, қандай саланың лоббиі мықты болса, соның сөзі Асқар Мамин Үкіметіне өтімді болса керек. Әйтпесе, мысалы, БАҚ саласын дағдарыстан шықты деп айту қиын. Керісінше сала жағдайы күрт құлдырауын жалғастыруда.

Мысалы, осының алдында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева коронавирус пандемиясы кесірінен ақпарат құралдары "үлкен экономикалық қиыншылықтарға ұшырағанын" мәлімдеді.

"2020 жылы жарнамалық табыстарды жоғалту болжамы орта есеппен 60%-ға дейін жетеді. Шектеулерді және валюта девальвациясын ескерсек, алдын ала есептеулеріміз бойынша 60 телеарна және радиотолқын бөлінісінде шығын көлемі 810,8 миллион теңгеге барады. Бұл 2020 жылғы табысының жартысынан астамын, 55,6%-ын құрайды. 50 газет бөлінісінде шығындар 1,5 млн теңге немесе олардың табысының 32,01%-ы көлемінде болады", – деді министр А.Балаева.

Бірақ бұл есептемелер күзде пандемия саябырсиды деген болжамға құрылған. Бүгінде індеттің ары қарай өршуі, Қазақстанды коронавирустың екінші толқынының жабуы ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының көбін қаусатып кететін түрі бар. Ендеше Үкімет дискриминацияны доғарып, дағдарған шағын және орта бизнестің бар саласын қолдауға мән бергені жөн.

Жанат Ардақ

Фото: iStock

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу