Конституциялық реформа – мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5099

Әлемдік саясатта президенттің өз құзыреттерін парламент пен үкіметке бөліп беру үлгілері шынында сирек кездеседі.

Конституциялық реформа – мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңі

Бұл жолды бұдан бұрын көрші қырғыздар басып өткені мәлім. Бірақ бұл ел өз экономикасының ауқымы жөнінен де, жерінің көлемі жөнінен де, тіпті халқының саны жөнінен де бізден әлдеқайда шағын екені мәлім.

Қазақстан конституциялық реформаға еріккеннен барып отырған жоқ. Бұл қазіргі алмағайып шақта бүкіл ел тағдырына, мемлекеттілік тарихына жауапкершілік пен замана артар ауыртпалықты биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін қажет.

Осыған байланысты президенттің 2017 жылдың 11 қаңтарындағы №140 жарлығымен мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныс түзу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Құрамына депутаттық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, құқықтанушылар және басқалары кірген бұл топ "Қазақстан Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. Бұл жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен 26 қаңтарда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды.

Айтпақшы, қолданыстағы Ата заң 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны мәлім. Оның қарсаңында елімізде нағыз қызылкеңірдек айтыс пен тартыс жүргені де белгілі. Ақыр соңында ресми мәлімет бойынша, шамамен 33 мың ұжымдық талқылау өтіп, оған 3 млн-нан астам адам қатысқан. Пікірталас қорытындысында 30 мыңдай ұсыныс пен ескертпе жиналған. Олар жөнінде 55-бапқа 1100 түзету енгізілді.

Әрине, қазір халық айтарлықтай белсенді деп айту қиын. Әйткенмен, мұның жаңа Ата заңды қабылдау емес, тек оны түзету екендігін ескергеніміз жөн. Алғаш рет Ата заңға 1998 жылы, кейін 2007 және 2011 жылдары түзету қабылданды. Бірақ олардың бірде-бірінде ол түзетулер дәл қазіргідей халықтың кең, ашық талқысына салынбаған.

11 ақпанда саяси реформалар жөніндегі әлгі жұмыс тобына 500-ден астам ұсыныс түскені жарияланды. Талқылау және ұсыныс 26 ақпанда жабылады.

Сонымен бірге ондай ұсыныста не айтылғанын, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар және белсенді азаматтардың не ұсынып жатқанын былайғы жұрт көп біле бермейді. Мұның шет-жағасы бүгін, 13 ақпанда ашылғандай болды. Бұл күні "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы "дөңгелек үстел" өткізіп, өздерінің қандай ұсыныс енгізгенін жайып салды.

Онда сөз алған Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне қоса, екі іргелі мәселені атап өтті. Оның біріншісі – Ата заңға тәуелсіздікті қорғау ұғымы енгізіледі. Қазіргі Конституцияда "тәуелсіздік" сөзі оның 44-бабында төтенше жағдай енгізудің факторы ретінде ғана қолданылады (нақтырақ айтқанда, Президент Республиканың тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына қатер төнсе, төтенше жағдай енгiзеді).

"Ал конституциялық реформа тәуелсіздігіміздің мызғымастығын бекіткелі отыр. Яғни Қазақ елі енді ешқашан өзгеге тәуелді елге айналмайды. Түсіндіре кетсек, Ата заңның 91-бабының 2-тармағын: "мемлекеттiң тәуелсіздігін, бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды" деп жазу ұсынылып отыр. Қолданыстағы Конституцияда бұл жерде "тәуелсіздік" сөзі жоқ. Бұл түзетудің терең астары, қасиетті мағынасы бар. Тәуелсіздік – ұлтымыздың бүкіл тарихындағы басты жетістігі, халқымыздың басты қазынасы. Әрине, Конституцияда осы норманың жоқтығы біздің Тәуелсіздігімізге қандай да бір ықпал ете алмайды. Біз 25 жылдан бері осы нормасыз өмір сүрдік, әрі қарай да азат даму жолымызда дәуірлей береріміз сөзсіз. Бірақ біз жаһанданған әлемде өмір сүріп жатырмыз, ал онда дәстүрлі құндылықтарды қайта қарау үрдісі жүріп жатыр. Көпғасырлық тарихы бар мемлекеттің тәуелсіздігі – әмбебап әрі абсолютті құндылық. Сол себепті де біздің Тәуелсіздігімізді, оның мызғымастығын бекіте түсу өте маңызды!", – дейді Бақытбек Смағұл.

Екіншіден, ауған ардагері, қауымдастық басшысы Қазақстан Конституциясында "Пацифизм актісін" бекітуді ұсыныпты.

"Қазақстан – жаһандық бітімгер және қауіпсіздік саласындағы көптеген бастаманың иесі. Біз конституциялық реформа процесінде өзіміздің осы миссиямызды Конституцияда растауға, оны нақты нормаларда бекітуге тиіспіз деген сенімдемін. Елбасы айтқандай, бүгінде әлем көз алдымызда өзгеріп отыр. Біз күн сайын саяси және экономикалық дағдарыстың, қарулы қақтығыстың апатты зардабының куәсі болып отырмыз. Халықаралық құқық қағидаттары аяққа тапталып, бұзылды. Ал өркениетті ұлттар мен халықтардың өзгеріссіз әрі басты қағидаты – бірге бейбіт өмір сүру қағидаты. Бұл принципке мен жаппай қырып-жою қаруын қолданудан бас тартуды қосар едім", – дейді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, қазақ елі азаттық алған күннен бастап, әлемге бейбітсүйгіштік үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан президентінің шешімімен еліміз Тәуелсіздік таңында-ақ ядролық арсеналдан бас тартты, Семей ядролық полигонын жапты. Елбасы – сондай-ақ жаһандық ядролық қаруға қарсы бастамалардың авторы. Нұрсұлтан Назарбаевтың "Әлем. ХХІ ғасыр" антиядролық манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін иеленді.

Ардагерлер осы бағытта келесі теңдессіз қадамды жасауды ұсынады: Қазақстан өз Конституциясында жаппай қырып-жоюдың кез келген түрінен бас тарту үлгісін көрсете алады!

"Қолданыстағы Конституцияның 8-бабына сәйкес, "Қазақстан Республикасы қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады". Бұл ретте біз Конституцияның осы бабына Қазақстанның "жаппай қырып-жоятын қаруларын қолданудан да бас тартатынын" бекітуді ұсынамыз. Бұл біздің тәуелсіздігіміздей ақиқат нәрсе, бірақ еліміздің Ата заңында өзіміздің бейбітсүйгіштігіміз бен бітімгершілігіміздің осы кепілдігін бекітуіміз өте маңызды. Сонымен бірге бұл түзетудің Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне кіріскен жылда, яғни республикамыз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты 15 басты мемлекеттің қатарына кірген кезде қабылдануы үлкен мәнге ие болар еді", – деді қауымдастық төрағасы.

Оның байламынша, бұл түзету жаһандық деңгейде теңдесі жоқ "Пацифизм актісіне" және Қазақстанның бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатына шын берілгендігінің өте маңызды айғағына айналады.

Ұйымның Ата заңға ұсынған өзге идеяларын қауымдастық төрағасының орынбасары Сәкен Махамбетов айтып берді. Оның тұжырымдауынша, парламент президент беретін құзыреттерді құнтты әрі ұтымды қолдана алатын пәрменді һәм тегеурінді күшке айналуы үшін сол парламентті қалыптастыратын партиялар мен мәслихаттарды күшейту жайына бас қатыруы керек болады.

"Мемлекет басшысы айтып өткендей, жүргізіліп жатқан реформаның мәні – билік өкілеттіктерін байыпты қайта бөлу, тұтастай алғанда саяси жүйені демократияландыру. Сондықтан мен бұдан парламентаризм негіздерін нақты нығайтудың бірегей мүмкіндігін де көріп отырмын. Конституцияның 49-бабына сәйкес, парламент – Республиканың заң шығару қызметiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы. Парламенттің конституциялық-құқықтық мәртебесін күшейтумен бірге оның өкілдігін де бірдей күшейтуіміз қажет болады. Қазіргі кезде мәжілісті – пропорционалды жүйеде саяси партиялар, ал сенатты – басым түрде мәслихаттар қалыптастырады. Демек, партиялық жүйені, мәслихаттардың мәртебесі мен жауапкершілігін, сайлау құқығын нығайтуымыз керек", – дейді ол.

Сонымен қатар қауымдастық министрлер мен әкімқаралар жауапты болуы үшін олардың үстінен мықты парламенттік бақылау орнату керектігін білдірді.

"Парламент қабылдаған заңдарды орындамаған немесе оларды толығымен жүзеге асырмаған жағдайда атқарушы билікке ықпал етудің барынша тиімді түрі дәл осы парламенттік бақылау. Бүгінде парламенттің бақылау өкілеттігін заңнамалық реттеу Қазақстанда парламенттік бақылауды толыққанды жүзеге асыру үшін қажетті мүмкіндікті қарастырмайды. Дәлірек айтқанда, "парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңда парламенттік бақылау туралы бір сөз жоқ! Бар болғаны, парламенттік тыңдау, депутаттық сауал, үкіметке сенім туралы мәселені қарау секілді оның жекелеген формалары ғана кездеседі. Ал көрші мемлекеттерде – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда "парламенттік бақылау туралы" жеке заңдар қабылданған!", – дейді Сәкен Махамбетов.

Оның дерегіне сүйенсек, мәселен Ресей Федерациясының 2013 жылғы 7 мамырдағы "Парламенттік бақылау туралы" федералды заңында парламенттік бақылаудың 18 формасы бар. Өзбекстан Республикасының 2016 жылғы 11 сәуірде қабылданған "парламенттік бақылау туралы" заңында парламенттік бақылаудың 13 формасы анықталған.

Қауымдастық төрағасының орынбасары парламентке "парламенттік тергеу" секілді құзырлы функция беру жайын ойластыруға шақырды.

Ол тергеу "қоғам және мемлекет үшін теріс салдарға соқтырған фактілер мен жағдайларға қатысты жүзеге асырылады".

"Бұл ретте парламенттік бақылау туралы ақпараттың қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары үшін, соның ішінде интернет үшін ашық әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Әрине парламенттік бақылаудың құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін, соның ішінде Үкімет үшін заңгерлік салдары болуы тиіс. Бұл мәселен жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты саяси және тәртіптік жауапкершілік түрінде болып келеді", – дейді ол.

Осыған байланысты қауымдастық Конституцияның 57-бабына толықтыру енгізіп, онда: "Парламент палаталарының әрқайсысы дербес түрде, өзге палатаның қатысуынсыз, Конституциялық заңмен анықталған тәртіпте парламенттік бақылауды жүзеге асырады", – деп жазу туралы ұсыныс енгізді.

Сондай-ақ "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға парламенттік бақылау туралы жеке тарауды енгізу; онда парламенттік бақылау нысанын және оларды жүзеге асыру тәртібін бекіту; оларды парламенттік тергеп-тексеру, үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың есебін тыңдау секілді маңызды формалармен толықтыру ұсынылды.

Бұған қоса партиялық жүйені ұйымдастыру тәсілдемелері де қайта қарауды талап ететіні айтылды. Саяси партиялар қызметінің кепілдіктерін арттыру, азаматтық қоғамда конструктивті диалогтың саламатты ауан-атмосферасын құру үшін партиялық плюрализмді қамтамасыз ету қажет.

Тағы бір қызықты ұсыныстары бар. Конституцияның 57-бабы бойынша мәжіліс пен сенат кез келген министрді шақырып, есебін тыңдай алады. Егер депутаттар үкімет мүшесін, яғни министрді қандай да бір заңды орындамады деп тапса, палата депутаттары көпшілік дауыспен оны қызметтен босату туралы президентке өтініш жасауға құқылы. Егер президент мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар "алты ай өткеннен кейін" сол мәселе төңірегінде қайта жиналып, өздеріне ұнамаған үкімет мүшесін "қызметінен босату туралы мәселені қайта көтере алады". "Мұндай жағдайда президент үкімет мүшесін қызметінен босатады" деп жазылған Ата заңда.

"Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы осындағы алты ай мерзімін алып тастауды ұсынды. Өйткені конституциялық реформа бойынша енді үкімет президент алдында емес, жаңа сайланған Мәжіліс алдында өкілеттіктерін тапсырып, қызметін доғарады. "Тиісінше, жаңа үкіметті де мәжілісте көпшілік орынды иеленген партия құрады. Ендеше өздері орынтаққа отырғызған министрді орнынан алу үшін 6 ай күтудің қаншалықты қажеті бар?!", – дейді сарапшылар.

Тұтастай алғанда, ардагерлер осы ұсыныстары жүзеге асырылса, "конституциялық реформа парламентаризм дамуының және Қазақстанның саяси жүйесін демократияландырудың сапалы жаңа кезеңіне айналады" деген сенімде.

Дөңгелек үстел қорытындысында қауымдастық өз ұсыныстары байыпталған арнайы қарар қабылдады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу