Көпбалалы ана әкімдікпен неге жалғыз алысып жүр?

2650

Жер проблемасы бас қалада да күшейіп келеді. 

Көпбалалы ана әкімдікпен неге жалғыз алысып жүр?

Пандемия кезінде билік пен халық үшін "байтал түгіл бас қайғы" жағдай туды. Енді карантин шараларының әлсіреуімен бірге бұрынғы проблемалар бас көтеруде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Соның бірі – жерді пайдалануға қатысты.

Мысалы, даму жоспарын орындауға қайта кіріскен Нұр-Сұлтан әкімдігі елорданың біраз ауданында бос жатқан жерлерді, кәсіпкерлер мен тұрғындардың иелігіндегі жер телімдерін "мемлекет қажеттілігі үшін" мәжбүрлі түрде тартып алуға белсене кірісті.

Осындай азаматтардың бірі, көпбалалы ана Ботакөз Ақпарқызын әкімдік сотқа беріпті. Ана араша іздеп, мәселесін шешіп беруді сұрап, қалабасы Алтай Көлгіновке жүгінді.

"Осының алдында мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскемнің мәжбүрлі түрде алып қойылатыны туралы маған хабарлама келді. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы, әкімдік өкілі Александр Строчков және басқалары маған ол жеріме айырбас ретінде басқа жер телімін ұсынды. Ол учаске дәл осы ауданнан, яғни "Промышленный" тұрғын үй алабынан берілетін болды. Сондықтан мен келісе кеттім", – дейді ол.

Шағымданушының мәліметінше, бірер уақыт өткенде әкімдік ол ойынан қайтып қалады.

"Арада біраз уақыт өткен. Енді келіп, олар учаскемнің орнына ұсынылған әлгі жер телімін бере алмайтындарын айтып отыр. Ол жерімді құрылыс компанияларына беріп үлгерген. Мердігерлер менің жұмыс істеп тұрған КТП-ымды (трансформаторлық подстанса) бүлдіріп, бұзып тастапты. Осы орайда мен өз бетімше бос жатқан басқа жер телімдерін іздеуге кірістім, қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірге осы мәселені пысықтап жатырмын. Алайда Тұрғын үй басқармасы мені сотқа беріпті", – дейді "Күміс Алқа" иегері.

Айта кету керек, қала әкімдігі жер иесіне 13 млн теңге ұсынған екен. Жер қожайыны оны азсынған.

"Ол жерге дүкен салмақ болғанмын. Олар ұсынып отырған қаражатқа Нұр-Сұлтанда, "Промышленный" тұрғын үй алабында жер сатып ала алмаймын. Тұрғын үй басқармасынан маған қарсы талап-арызын соттан қайтарып алуды сұрадым, олар одан бас тартты. Тіпті бағалаушы маманды тартыпты, онысы "Кирпичный" тұрғын үй алабынан сол ақшаға сатып алуға болатын жер учаскесін тапқан. Бірақ "Промышленный" қайда, "Кирпичный" қайда?!" – деп ашынады жер иесі.   

Түсіндіре кетсек, "Кирпичный" – елорданың Есілдің оң жағалауындағы ескі орталығының шетінде, "Байқоңыр" ауданында орналасқан. Ал "Промышленный" тұрғын үй алабы – сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталықта тұр. Қазір ондағы жерлердің құны көтерілуде. 

Атап өтер жайт, кезінде астана Алатау жақтан Сарыарқа төсіне көшкенде, бұл аумақтардың барлығы құла дүз саналатын. Осы бос жатқан аумақты тездетіп игеру үшін қала әкімдігі өтініш берген тұрғындарға тегін таратқан кезі де болды. Дегенмен, Ботакөз Ақпарқызы тегін алғандар қатарынан емес, сатып алған адамдардың бірі.

"Уақытында бұл телімді дүкен салайын деп сатып алған едім. Сол арқылы балаларымның ауқатты өмірін қамтамасыз етейін деп ойладым. "Күміс Алқа" иегері болсам да, бүгінге дейін әкімдіктен ештеңе сұрап, қол жайып көрген емеспін. Көпбалалы анамын деп шеруге шығып, шаңырағын шайқалтып, шаңдағын қақпадым. Жеңілдік те сұрамаймын. Тек осы мәселені шешуді өтінемін. Тұрғын үй басқармасы менімен соттаспасын деймін. Әйтпесе, ісімді қаланың Алматы ауданының соты қарайын деп жатыр. Онда әкімдік аталған жер телімін өтемақы төлей отырып, мемлекеттік қажеттілік үшін мәжбүрлі түрде алып қоюды талап етуде", – дейді шағым иесі. 

Көпбалалы анаға елорда басшысының өзі жауап берді. Оның хабарлауынша, әкімдік бұл мәселені қараған.

"Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының ақпаратына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы, "Есіл" ауданының "Промышленный" тұрғын үй алабында орналасқан аталған жер телімі мәжбүрлі түрде алып қоюға жатады. Себебі, ол жерде абаттандыру мақсатында зерттеу, іздестіру және жобалау жұмыстары жүргізіледі. Әкімдіктің осыны қарастыратын 2019 жылғы 13 ақпандағы қаулысына ешкім шағым келтірмеген. Сол себепті ол орындауға жатады. Осыған байланысты жер телімін мәжбүрлі түрде алып қою туралы талап-арызды кері қайтарып алуға ешқандай негіз жоқ", – деді қала басшысы өз блогында.

Сілтеме жасалып отырған №510-224 қаулыны астананы басқарып тұрған тұста, 2019 жылғы 13 ақпанда Бақыт Сұлтанов қабылдап кеткен болатын. Құжат "Мемлекет мұқтажы үшiн жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы" деп аталады.

"Зерттеу, іздестіру, абаттандыруға аумақтың жобалық жұмыстарын жүргізу үшін Астана қаласы, "Алматы" ауданы, Промышленный тұрғын алабы, Шалкөде көшесі, №1 үй ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,7881 гектар жер учаскелерін 2019 жылғы 6 мамырдан бастап 2020 жылғы 6 мамырға дейінгі аралықта мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп, оның ішінде сатып алу жолымен иеліктен шығарылсын", – делінген қаулыда.

Билік өкілдері өз шешімдерін бұқара арасында кең түсіндірмейді. Сондықтан бұқара қаулыға қарсылық білдірмек түгіл, оның барын білмей қалады. Нәтижесінде, жері тартып алынатынын, отырған үйі сүрілетінін тұрғындар тек хабарлама келгенде бір-ақ біледі. Есінен тана жаздайды. Ар жағында жергілікті шенеуніктер есеңгіреген жер мен үй иесін сотқа сүйрейді.

Әкімқаралардың жауабына Ботакөз Ақпарқызының көңілі толмады.

"Барлық шағымға бірдей жауап келеді. Әлдебір шаблон, дайын жауап болса керек. Ештеңе де өзгермейді, шенеуніктердің санасына әлденені жеткізу қиын", – дейді ол.

Жалпы, қаулыға сәйкес, "Промышленныйдағы" осы аумақта жалпы саны 8 адамнан жері алып қойылмақ. Ол азаматтар сол учаскелерінде дәріхананы, газет дүңгіршегін, дүкендерді, сауда павильондарын, жеміс-көкөніс павильонын салмақ болыпты. Соның ішінде екеуі ғана жерді сатып алып, толық меншігіне иеленген. Қалғандары әкімдіктен "уақытша ақылы жер пайдалану" үшін алды. Біразы бос жатқан көрінеді.

2019 жылы халықпен есептік кездесуінде "Алматы" ауданының сол кездегі әкімі Әділбек Сәрсембаев "Промышленный" тұрғын үй алабында жаңадан 5 көше салу жоспарланғанын хабарлады. Бұл маңда заманауи тұрғын үйлер бой көтермек. Жаңа сквер пайда болатыны да айтылды.

Нарығын зәулім үйлер мен заңғар ғимараттар тұрғызатын алпауыт құрылыс компаниялары ен жайлап, үстемдік еткен Нұр-Сұлтан қаласында ұсақ жер иеленушілерге орын қалмай барады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу