Халықаралық санкциялар кесірінен Ресейде 2024 жыл қорытындысында, 2023 жылмен салыстырғанда, тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі бірден 62,8%-ға құлағаны енді белгілі болды (солтүстік көрші көптеген статистикасын құпияландырды, кейбірін көп кешігіп жариялайды).
Ресейлік сарапшылар шетелдік ақша ағыны Ресейге қарай ұшантеңіз дария болып, тоқтаусыз арындай аққан заман артта қалғанына назар аудартады.
БҰҰ сауда және даму конференциясы (UNCTAD) ұйымы жариялаған баяндама шетелдік капиталдың Ресейді төл басымдықтары қатарынан сызып тастағанына нұсқайды.
Құжатқа сәйкес, 2024 жылы Ресейге небәрі 3,3 миллиард доллар ғана тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) келген. Халықаралық сарапшылар осы азғантай соманың өзіне күмәнданады.
Сондай-ақ, эксперттер РФ-тің тіпті ғасыр басында, 2021 жылы бұдан әлдеқайда көп ТШИ тарта алғанын еске салады. Ол кезде ел 90-шы жылдардағы аса ауыр экономикалық-қаржылық дағдарыстан енді ғана айығып, еңсесін көтере бастаған еді.
Сонымен, халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Ресейге келген ТШИ көлемі алдыңғы 2023 жылғыға қарағанда 62,8%-ға құлаған. Ал, соғысқа дейінгі 2021 жылмен салыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция ауқымы 12 есе (!) кеміп кетіпті. Өйткені қарулы қақтығыс қарсаңындағы жылы РФ-қа 38,8 миллиард доллар ТШИ құйылған екен.
РФ Орталық банкі төрағасының бұрынғы орынбасары, қаржыгер Сергей Алексашенко мұның заңды құбылыс екенін айтады.
"Қазіргі қалыптасқан жағдайда Ресей шетелдік капитал үшін тартымдылығын толығымен жоғалтты. Бүгінде шетелдік бизнес біздің нарыққа асыға, ынтыға, бақталаса ұмтылатындай елде ешқандай тиімділік пен мол табыс қалмады", – деді сарапшы.
РФ Орталық банкінің дерегінше, Ресейде ТШИ-дің соңғы 3 жылда қордаланған жалпы көлемі жартысынан астамға, 57%-ға құлдилады: 2022 жылдың басындағы 497,7 миллиардтан 2025 жылдың басындағы 216 млрд долларға дейін.
Халықаралық және ресейлік сарапшылар тіпті келесі жылы Украинадағы соғыс аяқталғанның өзінде Ресейге бағытталған инвестициялар көлемінің бұрынғы деңгейге дейін қалпына келетініне сенбейді.
2022 жылы антирекорд тіркелді: бір жыл ішінде елден шығарып әкетілген шетелдік капиталдың "таза" сомасы (кері қайтқанын алып тастағанда) 15,2 миллиард доллардан асты.
Осыдан кейін РФ Үкіметі шетелдік инвесторларға капиталын сыртқа шығаруына тыйым салып тастады. Енді бизнес сол тыйымның жойылуын немесе елеулі жұмсартылуын тағатсыздана күтіп жүр.
Алып ел ішкі инвестицияларына иек арта алар еді. Алайда бұл бағытта да дағдарыс күшеюде. Бұл туралы таяуда Сбербанк президенті Герман Греф мәлімдеді.
Ол Ресейде жаңа инвестициялар салу толығымен тоқтатылғанын хабарлады. Бизнес бұрын қолға алынған еске жобаларын бітіруде, бірақ жаңаларын бастаудан аяқ тартып отыр.
"РФ экономикасының қазіргі "қатырылуы" таяу болашақтағы алапат проблемалардың іргетасын қалап жатыр. Қағаз жүзінде Ресейде инвестициялық жандану байқалады: биылғы І-тоқсанда негізгі капиталға салынған ішкі инвестициялар, 2024 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 8,7% өскен. Шын мәнінде, іс жүзінде ахуал үрейлі", – деп жазды The Moscow Times.
Бизнес жаңа жобаларды іске қосуды доғарған. Яғни, "инвестициялық қыс" орнауда.
"Кәсіпорындар инвестициялық циклды тоқтатып тастады. Біз елдегі алып инвестициялық жобаларды қаржыландыратын ірі банкпіз. Басқа ұсақ, орташаларын тілге тиек етпегеннің өзінде, біздің өзіміз биылғы жыл басынан бері бірде бір жаңа инвестициялық жобаны қаржыландырмадық! Өйткені ешкім жаңа жоба ұсынған жоқ. Біз бұрынғы ескі жобаларды аяқтауға ғана қаржы берумен айналысудамыз", – деп мәлімдеді Греф.
Ол өз құрылымдарының төл зерттеулеріне жүгініп, ресейлік және Ресейдегі бизнестің мінез-құлқы түбегейлі өзгергенін жария етті.
Олардың ортасын пессимизм жайлаған, бизнесінің болашағына сенбейді, дамудан жан бағуға көшуде.
"Қазіргі күрделі жағдайда жаңа жобалар өзін ақтамауы мүмкін. Бірақ бұл ұзаққа созыла алмайды. Өйткені қазіргі инвестициялық белсенділіктің тоқтауы ақыр соңында, екі-үш жылдық перспективада экономиканың тоқырауына серпін береді", – деп ескертті банкир Герман Греф.
Росстат дерегінше, РФ-та инвестициялардың қазіргі негізгі қайнары – компаниялардың төл қаражаттары. Елдегі былтырғы барлық салымның жартысынан көбі – 56,7%-ы соның еншісінде.
Қалған қаржының үлкен бөлігін – 16,6%-ын бюджет береді. Банктердің несие түрінде берген қаржысының үлесі небәрі – 10,9%. Болашағынан үміт күтпеген бизнесмендер енді банктерден қарыз алмауға тырысады. Тапқан-таянғанына күнелтеді.
Росстат сондай-ақ ресейлік компаниялардың табысы қарқынды төмендеп жатқанына назар аудартты: 2024 жылы олардың залалды (убытки) өтеуден қалған табысы небәрі 30,4 трлн рубльді құрады.
Бұл 2023 жылғыдан 6,9%-ға төмен. Бұл ретте РФ-тағы инфляция былтыр 9,5% болды.
РБК дерегінше, майлы-жайлы 2021 жыл қорытындысында барлық ресейлік компаниялардың табысы 655 триллион рубльге жеткен болатын.
ЦМАКП талдау орталығының сарапшылары банктердің күрт қымбаттаған несиелерінің ставкаларын бизнес көтере алмағанын қаперге салды. Былтыр көптеген салада кредит ставкаларының мөлшері бизнестің табысы мен рентабельділігінен асып түскен.
Салдарынан бизнесті дамыту үшін банктен қарыз алудан мән қалмады. Соған барғандар банкирлердің "құлдығына" түсіп қалды, барлық тапқанын ай сайын соларға беріп отырады.
Өз кезегінде РФ экономикалық даму министрі Максим Решетников қаржылық ұйымдардың тым жоғары ставкалары бизнесті ынтасын жойғанына ("демотивация") шағымданды.
Ресейлік компаниялар бұған дейінгі "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" замандарда тапқан ұшантеңіз табыстан мол резерв жасап алды. Бүгінде сол қорына күнелтуде. Жайрап қалмауының себебі де сонда.
Дегенмен, Орталық банк те бизнестің өсуді қойғанын растады. Мұны бас банктің бизнес ортада, мыңдаған кәсіпорын арасында үнемі жүргізетін сауалнамалары көрсетіпті.
"Сауалнама қорытындысында компаниялардың төл инвестициялық жоспарларын оңтайландыруды жалғастырғаны анықталды. Бизнес бар күш-жігерін аяқталу сатысындағы жобаларға шоғырландыруда", – делінген Орталық банктің биылғы наурыздағы есебінде.
Осы орайда көршінің бас банкі Ресейдегі инвестициялық тежелудің екі маңызды себебін атады, бұлар – жоғары инфляция (ол жөнінен Ресей ең жоғары қымбатшылық жайлаған әлемдегі 5 елдің қатарына енді), сондай-ақ болашақты мүлдем болжап білудің мүмкін еместігі ("полная неопределенность").
Материалдар мен жабдықтар бағасының күрт қымбаттауы да көршінің кәсіпкерлерін жаңа жоба бастау райынан қайтарған.