"Русский ритейл и бизнес" түсіндіруінше, бір жапырақ нан (один кусочек) 13 рубль тұрады. Бұл ретте 1 кесім нанның салмағы шамамен 40 грамға тартады.
Ресейлік ақпарат құралдары бұл жерде әңгіме бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған төмен сапалы қарапайым нан туралы болып отырғанына назар аудартады. Оны әдетте бұқара тұтынады. Ал саламатты, дұрыс тамақтануды ұстанатын адамдар ондай нанды аузына салмайды, тек талғап, таңдап, қымбатын алады. Ендеше оның кесіліп, бөлек сатылғанына тіпті де зәру емес.
Тағы бір сұрапыл жаңалықты ресейлік "Холод" журналы хабарлады. Биыл көршінің тұрғындары арасында апокалипсис кезінде аман қалып, тар жол, тайғақ кешу жағдайында тіршілік етуге үйрететін курстарына деген сұраныс күрт өсіп шыға келді.
Экономика ғылымдарының кандидаты Олег Абелевтің байламынша, бұған халықты Ресейдегі және оның айналасындағы "геосаяси тұрақсыздық" итермелеп отыр. Ресейліктер бұл дағды-машық алда іс жүзінде қажет болады деп есептейді. Сондықтан біраз мектепте "тәрбиеленушілер" саны 2–3 есеге артып шыға келді.
Ресейліктер, әсіресе, Мәскеу мен Мәскеу облысының тұрғындары аман қалу курстарына (курсы выживания) 60 мың рубльге дейін (400 мың теңгеден артық) жұмсауға дайын. Белгілі нұсқаушы-жаттықтырушылар жүргізетін VIP-формат 100 мың рубльден қымбатқа түседі, деп жазады "Москва" қалалық ақпараттар агенттігі.
Бұл курстарда қала тұрғындары электр қуатынсыз, жарықсыз, жылусыз, дүкен-супермаркеттерсіз, смартфонсыз, жалпы өркениет рәміздерінсіз өмір сүруге, өз бетінше тамақ тауып, оны пісіруге, өзге азық пен олжа іздегендерден жасырынып, қорғануға және басқасына үйренеді.
"Халық айтса қалт айтпайды" деген. Мұның бәрі Ресейге төніп келе жатқан қауіптен хабар берсе керек. РФ бас банкирі, Орталық банк төрағасы Эльвира Набиуллина өз елінде қиын заман туындай бастағанын жасырмады.
Оның байламынша, соңғы жылдары Ресей экономикасының өсімін қамтамасыз етіп келген ресурстардың көпшілігі таусылды. Өсім болмаған жерде, экономика тоқырап, кері кетеді. Сондықтан билік өсімнің жаңа моделіне көшуі керек. Онсыз экономика күйреуі мүмкін.
Таяуда өткен Петербор халықаралық экономикалық форумында (ПХЭФ) РФ Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин де ресейлік экономиканың болашағына қатысты пессимистік болжамдарын жария еткен болатын. РФ Орталық банкінің төрайымы онымен толық келісетінін жеткізді.
"Максим Станиславович (Орешкин) қолданыстағы экономикалық модельдің өз ресурстарын түгескенін айтқан еді. Менің де пікірім осы арнада тоғысады. Біз екі жыл бойы салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен өстік. Бұған бұрын пайдаланылмай, бос жатқан ресурстарды, жұмыс күшін тарту арқылы қол жеткіздік. Импорталмастыру да қосымша ресурсқа айналды. Ұлттық әл-ауқат қорында (ФНБ) жинақталған біраз ресурс экономикаға инвестициялауға жұмсалды. Банк жүйесінде де капитал қоры болды. Алайда оның бәрі енді таусылуға таяды", – деген Набиуллинаның сөзін "РБК" агенттігі келтірді.
Мысалы, РФ Ұлттық әл-ауқат қоры келесі 2026 жылы бітуі мүмкін.
"Біз мынаны жақсы ұғынуға тиіспіз: аталған ресурстардың көпшілігі шынымен де түгесілді", – деп мәлімдеді Набиуллина.
"Росстат" мәліметінше, жұмыссыздық деңгейі тарихи минимумға – 2,3%-ға дейін түскен. Мұндай көрсеткіш Ресейдің жаңа тарихында ешқашан болмаған. Оның себебі неде?
Сарапшылардың түсіндіруінше, соғыстан қашқан азаматтардың шетелге жаппай эмиграциялануы, елде қалған ерлердің майданға алынуы (ай сайын орта есеппен 37 мыңнан 60 мыңға дейінгісі аттанатыны мәлімделді), өлім-жітімнің ұлғаюы РФ тарихында бұрын-соңды болмаған кадр тапшылығын туындатты.
Ресми статистикаға сілтеме жасап, "Если быть точным" порталының хабарлауынша, 2024 жылы Ресейде 1,82 миллион адам қайтыс болған немесе қаза тапқан. Өлім-жітім Ресейде 2023 жылғыдан 3,3%-ға артты. 2023 жылы көршінің 1,76 миллион азаматы көз жұмған. Осы орайда РФ Үкіметі елге келген еңбек мигранттарын қоса алғанның өзінде, бүгінде экономикаға 2 миллион адам жетпейтінін жариялады.
РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы (РАНХиГС) сарапшыларының дерегінше, Ұлттық әл-ауқат қорының ликвидті активтері соғыс басталғалы бері 3 есеге – 2,8 триллион рубльге дейін азайып кетті.
2,8 трлн деген – әлемде №1 территорияны алып жатқан алыптың жұғынына жұқ болмайтын қаржы: МемДуманың мәліметінше, 2025 жылғы маусымда РФ федералдық бюджетінің тапшылық-дефициті жыл басындағы 1,17 триллионнан 3,79 триллион рубльге дейін өсті.
Демек, Ұлттық әл-ауқат қорындағы бүкіл қаражат ағымдағы бюджет тапшылығын өтеуге де жетпейді. РАНХиГС сарапшылары 2026 жылға дейін бұл қор таусылатынын ескертті.
Солтүстік көршінің шетелдік валютадағы қоры 153,7 млрд юанге дейін түсті (Ресейдің доллар, еуро, фунт, йена және дамыған елдердің басқа валюталарын пайдалануына санкция салынған). Сарапшылар мұның сонау 2008 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш екенін қаперге салды.
Өз кезегінде РФ бас экономисті Максим Решетников ресейлік экономиканың күйреуге бет алғанын жасырмады.
"Цифрлардың барлығы Ресей экономикасының денесі суып қалғанын көрсетуде. Бірақ біздің барлық цифрларымыз – көлікте артқы жақты ғана көрсететін айна сияқты. Егер бизнестің бүгінде өзін қалай сезініп отырғанына, кәсіпкерлік индикаторларына қарасақ, Ресей экономикасы рецессия құрдымының алдында тұр", – деді РФ экономикалық даму министрі Решетников.
Журналистер одан РФ экономикасының ол құрдымға қашан құлауы мүмкін екенін нақтылады.
"Мен рецессияға құлайтынын болжаған жоқпын. Мен тек соның қарсаңында тұрғанын айттым. Ары қарай барлығы қабылдайтын шешімдерімізге байланысты болады", – деді Решетников.
Ресейлік ақпарат құралдары РФ Үкіметінің ішкі құжатын қолға түсірді, биылғы ақпан айында әзірленген ол құжатта үкіметтік экономистер экономиканың техникалық рецессияға әлдеқайда тез "құлайтынын" болжап, ықтимал сценарийін түзді. Бұған инфляцияның, баға қымбатшылығының бой бермей кетуі ықпал етпек.
Өткен аптада "Росстат" мәлімдегендей, Ресейде инфляция 9,48%-ды құрады. Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, инфляциясының жоғарылығы жөнінен РФ әлемдік "бестікке" кіреді.
Инфляциядан бөлек, біршама өскенімен, мұнай бағасының бұрынғы жылдардағыдан елеулі төмен болуы, федералдық және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерінің шектелуі, проблемалы корпоративтік қарыздың қарқынды өсуі де Ресей экономикасын қаусата бастаған теріс факторларға айналды.
ОПЕК+ елдерінің және АҚШ-тың мұнай өндірісін арттыру жөнінде шешім қабылдауы да ресейлік экономистердің төбе шашын тік тұрғызды. Өйткені оның бәрі РФ бюджетін толтыратын №1 ресурс – қара алтынның ары қарай құнсыздануына серпін береді.
Осы орайда 2025 жылғы мамырда солтүстік көршінің мұнай мен мұнай өнімдерін жаһандық нарыққа экспорттаудан табатын табыстарының күрт құлағаны әшкереленді. Биылғы мамыр айында РФ шетелге қара алтын сатудан 12,6 млрд доллар ғана кіріс көре алды. Бұл 2024 жылғы мамырдағыдан 4 миллиард долларға кем.
"Холод" журналы РФ экономикасында тоқырау басталып та кеткенін жеткізді. Бұл ретте басылым Ресей Ғылым академиясының Халық шаруашылығын болжамдау институтының (ИНП РАН) ЖІӨ туралы тоқсандық болжамы жайындағы есебіне сүйенді.
"2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында макроэкономикалық көрсеткіштердің басым көпшілігі өсуін тоқтатты, қалғанының өсімі елеулі баяулады. Тек тұтынушылық сұраныста және мемлекеттік шығыстарда сақталып қалған өсім экономиканы ұстап қалды, онсыз Ресей экономикасы 2025 жылдың басында құлайтын еді. Алайда бақыланып отырған теріс тенденциялардың тоқтаусыз жалғасуы 2025 жылдың кейінгі тоқсандарында рецессияның басталу ықтималдылығын арттырды", – делінген ғалымдардың есебінде.