UD Almería клубы Испанияның екінші дивизионында доп тебеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған ұжым 1989 жылы құрылған. Қазір команда Ла Лига 2 турнирлік кестесінде 48 ұпаймен 3-орында тұр. Топ басындағы Racing Santander клубынан небәрі екі ұпайға ғана қалып келеді.
Marca басылымы мәміленің Роналдудың барлық бизнес-жобасы мен инвестициясын басқаратын CR7 Sports Investments компаниясы арқылы жүзеге асқанын мәлім еткен.
– Мен футболға тек алаңда емес, оның сыртында да үлес қосуды ойлап жүретінмін. "UD Almería" – іргетасы берік қаланған әрі даму әлеуеті айқын клуб. Команданы басқарып отырған ұжыммен бірлесе жұмыс істеп, оны келесі даму кезеңіне шығаруға қолдау көрсеткім келеді, – деді футболшының өзі.
Аталған инвестицияны "португалиялық жұлдыздың испан футболына қайта оралуы" деп бағалап жатқандар көп. Еске салайық, андалусиялық клуб бір жыл бұрын саудиялық инвестициялық топ иелігіне өткен еді.
Клуб президенті Мохамед әл-Херейджи Роналдудың шешімін жоғары бағалап отыр.
– Криштианудың біздің клубты инвестиция үшін таңдағанына өте қуаныштымыз. Ол – алаңдағы ең үздік ойыншылардың бірі. Испан лигаларын жақсы біледі әрі академияда құрып жатқан жобамыздың әлеуетін толық түсінеді, – деді ол.
Бұған дейін Криштиану Роналдудың мансабындағы 965-ші голын соққанын жаздық.