Күлден алтын өндіруге болады

17505

Ғалымдар көмір жағудың жаңа әдісін ұсынды.

Күлден алтын өндіруге болады

Назарбаев университеті NURIS инновациялық кластерінің ұйымдастыруымен "Қазақстанның көмірмен жылу энергетикасы: мәселелері, шешімдері, болашақтағы дамуы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын барысында ғалымдар "лас" энергия көзі саналатын көмірді таза энергияға айналдырып қана қоймай, қалдықтарын да іске жарату жолдарын сөз етті.

Көмір саласын зерттеу институтының директоры, химия ғылымдарының докторы, академик Болат Ермағамбет қазіргі кезде еліміздің энергетика саласында көмірдің алып отырған үлесі зор екеніне тоқталып өтті.

"Бүгінгі конференцияда көптеген маңызды мәселелер қарастырылып жатыр. Соның бірі – көмір жағудың жаңа әдістері және одан қалатын қалдықтарды өңдеу. Елімізде көмірдің үлесі өте зор. Қазіргі кезде энергетика саласының 70%-ы көмір арқылы қамтамасыз етілуде. Алайда біз отынның бұл түрін дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Бүгінгі күні көмір өткен ғасырдың елу бесінші, тіпті отызыншы жылғы Совет Одағынан қалған технологияларымен жағылып жатыр. Көмірді заманға сай дұрыс өңдеп әрі жағудың жаңа әдістерін енгізер болсақ, ол өте таза энергетика көзіне айналады", - дейді ғалым.
Болат Ермағамбет көмірден қазба байлық пен таза энергетика алу жолын түсіндірді. Ол үшін жаңа үлгідегі қазандықтар орнату керек.

"Шынына келгенде, көмір де химиялық шикізат. Одан сан түрлі пайдалы заттар алуға болады. Мысалы, көмірдің құрамында өте маңызды сирек кездесетін металдар бар. Ол бағалы металдар көмір жанған кезде түтінімен ұшып кетеді де, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Ел аумағында Екібастұздағы аса ірі ГРЭС-1, ГРЭС-2 немесе әр облыс орталығында орналасқан көмір жағатын жылу станциялары бар. Егер осы конференцияда айтылып жатқан көмір жағудың жаңа әдістерін өндіріске енгізсек, ауа да, қоршаған орта да тазарады әрі көмірден пайдалы қазба байлық алуға болады. Ол үшін жағар алдында көмірді дайындау процесінен өткізіп, арнайы реакторда жағу технологиясын қолдану керек. Жылу электр станцияларында күніне эшелонмен 20 мыңнан 50 мың тоннаға дейін көмір жағылады. Осындай үлкен мөлшердегі көмір жағу үшін арнайы қазандықтар орнату қажет. Сонда ғана таза энергетика аламыз", – деді ол.

Ғалым күлдің құрамында көптеген пайдалы металдар, оның ішінде алтын да болатынына тоқталды. 

"Жалпы, кірпіш, цемент тәрізді құрылыс материалдарын көмір қалдығынан алуға болатынын барлығы біледі. Одан басқа, көмірде Менделеев кестесінің барлық элементі кездесетіні айтылуда. Шынымен де, көмірдің құрамында сирек металдар өте көп. Айталық, скандий деп аталатын элемент бар. Оның бір келісі нарықта 20 000 долларға саудаланады. Көмір құрамында алтын да бар. Бір тоннадан 0,2 грамм алтын өндіруге болады. Мысалы, Америкада тау кені жынысының бір тоннасынан 0,2 грамм алтын табылса, өндіріп алады. Ал біз алтынды далаға тастап жатырмыз", – деді ол.

Химия ғылымдарының докторы Б. Ермағамбет көмірді экспорттау кезінде құрамындағы бағалы заттарға да мән беру керектігін ескертті.

"Экономикаға қатысты басқа да мәселелерді айта кету керек. Екібастұз көмірі ғана емес, экспортқа кетіп жатқан Шұбаркөл көмірінің де, басқасының да құрамы бағалы элементтерге бай. Экспортқа шығарған кезде біз көмірдің жану кезіндегі жылуы туралы ғана айтамыз. Шыны керек, кетіп жатқан көмірдің құрамында бағалы заттар өте көп. Көмір жанып, жылуын бергеннен кейін, қалған күлден арнайы технологияларды қолданып, бағалы заттарды өндіріп алу қажет. Мысалы, Екібастұз қаласының маңында жүздеген миллион тонна көмірдің күлі жатыр. Оны "күлқож үйіндісі" деп атайды. Осы күлқожды өңдеп, иттрий, неодим, скандий, алтын және басқа да сирек кездесетін металдар алуға болады. Оларды өндіру әдістерін ғылыми-зерттеу институтында жасап жатырмыз", – деді институт директоры.

Болат Ермағамбет Екібастұздың бағасы арзан 1 тонна көмірін өңдеп, 1 млн 300 мың теңгенің өнімін алуға болатынын мәлім етті.

Нұржан Көшкін