Kundelik-ке қатысты қиындық туып жатыр

7386

Бір платформаны екіншісінің тегеурінді тықсыруының астарында не жатыр? 

 Kundelik-ке қатысты қиындық туып жатыр Фото: bilim-al.kz

Алғаш рет Kundelik.kz жобасын пилоттық режимде енгізу туралы бұйрыққа Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016 жылғы 26 тамызда қол қойған болатын. Содан бергі 6 жылда педагогтар қауымы да, қазақстандықтар да оған әбден бой үйретуі керек еді. Алайда жыл өткен сайын осы және басқа электронды күнделіктерге қатысты бір ши мен шикілік шығып тұрады.

Бұл жоба енгізілгенде, БҒМ осының арқасында ұстаздар қағазбастылықтан құтылатынына сендіріп бақты. Дегенмен олай болмай тұр. Математика пәнінің мұғалімі Венера Дәулетова Kundelik.kz, Вilimland.kz жүйелерін қатар жүргізуге мәжбүр екенін айтады.

"Жалпы, бұл платформаларды жүргізу мұғалімдер үшін міндетті ме, міндетті болса, ол қандай құжатпен бекітілген, оны мен білмеймін. Біраз әріптесім де бейхабар. Басшыларымыз "толтырасың" деп бұйырған соң, амалсыз толтырамыз. Мектеп директоры, завуч бізден ондағы профилімізге фотосуретімізді орналастыруға міндеттеуде. Басында оны ерікті деп хабарлаған. Бет-жүзімізді солай жариялауға міндеттеуге директор не завучтың қандай қақысы бар? Жалпы, бұл платформалар енгізілгелі мұғалімдер толтыратын құжаттар саны өспесе, көп азаймады", – деді педагог.

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, директорлар да, оларды оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да педагогтерді аталған платформалардағы пайдаланушы профилінде фотосын орналастыруға мәжбүрлей алмайды: ол міндетті талап емес.

Ал құжаттарды күн сайын толтыру міндетті екен. Бұл Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" №130 бұйрығымен бекітіліпті.

"Бұйрыққа сәйкес, білім беру ұйымы Kundelik.kz, Вilimland.kz және басқа электронды жүйеге қосылса, онда педагогтар құжаттарды электронды форматта толтырады. Барлық оқу пәндерінің педагогтері күн сайын сабақ кестесіне сәйкес: 1–11 cыныптардың журналдарын, факультативтік сабақтар журналдарын, үйде оқыту журналын, мектепалды сыныптардың журналын жүргізеді. Бұған қоса, күн сайын қағаз немесе электрондық word немесе pdf форматында қысқа мерзімді жоспарды толтырып отыруға тиіс", – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.

Бұдан бөлек:

  • оқу жылы басталғанға дейін бір рет электронды нұсқада пәндер бойынша орта мерзімді жоспарды;
  • тәлімгерлік жоспарды әзірлейді;
  • Әр тоқсанның қорытындысы бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйеде автоматты түрде жасалатын және бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) нәтижелері бойынша талдауды жүргізеді;
  • Оқу жылының қорытындысы бойынша бір рет негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейіндегі оқыту курсы үшін емтихан хаттамасын толтырады;
  • 9 (10), 11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау хаттамаларын жүргізеді.

Егер пән мұғалімі сынып жетекшісі лауазымын қоса алып жүрсе, ол үшін де қосымша есептілік жүктемесі артылады.

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі орта мектебінің мұғалімі Мұхамбет-Қазы Сағидуллаұлы басқа бір түйткілге назар аудартты. Педагогтардан "Күнделікке" күнтізбелік-тақырыптық жоспарды (КТЖ) да жариялауды талап етеді екен. Яғни, мұғалімдер ол электронды модульде өзінің оқу жүктемесі қалай бөлінгенін, әрі өткізген сабақтарының тақырыбын тіркеп, есеп беріп отыруға тиіс.

"Менің мысалы, 2022 қыркүйектен бері бекітілген КТЖ-ым бар. Алайда 2022 жылғы 16 қыркүйекте министрлік №399 бұйрығын шығарды. Осыған байланысты мұғалімдерді күнтізбелік-тақырыптық жоспарды қайта қарап, оны қағаз нұсқада қайта бекітуге міндеттеп жатыр", – деп дабыл қақты педагог.

Оқу-ағарту министрлігі бұған қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Жалпы, бұл салада көптеген проблема қордаланып жатқанға ұқсайды. Кейде қай мектепте қандай платформа енгізілетінін директор шешіп жатады. Бірақ негізінен елдегі электронды күнделіктерді білім ордаларына білім басқармалары күштеп таңатыны жасырын емес.

"Мысалы, республиканың барлық өңірлерінде мектептер қалауына қарай үш платформаның бірін пайдаланады. Алайда аққұла Қарағанды облысында тек қана Bilimal енгізілген. Мектептер басқасын таңдай алмайды. Мұнда коррупцияның көрінісі жоқ па?", – деген сауал тастады жергілікті қоғам белсендісі Олег Гусев.

Білім шенеуніктері өздеріне шаң жуытпауға асықты.

"Қазақстанда қазіргі кезде 3 түрлі электронды журнал жүйесі жұмыс істейді, бұлар – "Күнделік", "Білімал" және "ОнлайнМектеп". Соның ішінде шынында, Қарағанды облысында тек "Білімал" жүйесі пайдаланылады. Себебі, облысымызда бұл жүйе басқаларынан бұрын енгізілді. Бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің келісімінен өткен", – деп жауап қатты Қарағанды облысының білім басқармасындағылар.

Түсіндіре кететін жайт, "Білімал" – Қарағандыда тіркелген "Өрлеу" инновациялық технологиялар орталығы" ЖШС-ның өнімі саналады. Компания сайтында мұның 100% отандық өнім екені жазылған. Отандық нарықта 2007 жылдан бері қызмет ететін компания электронды күнделікті Қарағанды облысының 300 мектебінде іске қосыпты. Соған қарамастан Ғылым және білім министрлігі 2016 жылы ресейлік "Дневник.Ру" электронды журналының қазақстандық нұсқасы саналатын "Күнделікке" таңдау жасады. Нәтижесінде отандық "Білімал" негізінен Қарағанды өңірімен шектелді.

Ал OnlineMektep – BilimLand-ке тиесілі. Өз кезегінде, BilimLand қожайыны Bilim Media Group компаниясы. Ашық ақпарат көздерінің дерегінше, Bilim Media Group-тың негізін қалаушы және басшысы – бұрынғы Хабар агенттігінің тілшісі, кәсіпкер Рауан Кенжеханұлы.

Негізі, педагогтердің айтуынша, облыс басшылығындағы шенеуніктер белгілі бір платформаны ілгерілетеді. Сондықтан әкім ауысса, электронды күнделік түрі де өзгеруі мүмкін екен.

"Шамамен 4 жыл бұрын біздің өңірдің мұғалімдері қағаз журналдарды толтыруды тоқтатып, Kundelik.kz-ке көшті. Енді ғана соған үйрене бастап едік. Енді Түркістан облысының Сайрам ауданында мектептер BilimLand-тің OnlineMektep-іне көшеді деген хабар тарады. Бізге оның Kundelik.kz-тің баламасы екенін ғана түсіндірді. Бірақ құрылымы да, интерфейсі де бөлек. Оның үстіне біз енді екі порталмен де жұмыс істеп, екеуін де толтыруға тиіс болады екенбіз. Неге мұғалімдердің үстінен осылай жаңа сынақтар өткізе береді? Бұл ата-аналарға да қиындық әкелмек", – деп қапаланады мұғалім Едгар Хайтметов.

Осы орайда әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы ұстаз Өмір Шыныбекұлы өз Facebook парақшасында Түркістан облысының кейбір өңірлерінде шенеуніктер мұғалімдерді Kundelik.kz-ке қоса Bilimland.kz-ке де тіркелуге міндеттеп жатқаны туралы жазба жариялады. Бұл шу Түркістан облысының Кентау қаласында көтерілген. Мұғалім Мұзаффар Сайдоллаев Facebook парақшасында Кентау қаласында мұғалімдер арасында жиналыс өткізіліп, жаңа платформаға өтесіңдер деп күштегені туралы баяндады.

Бұдан бөлек, Түлкібас ауданында да мұғалімдерді мәжбүрлеу ашық түрде өтуде екен.

"Кентау қаласының Адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының м.у.а Бейсенбиева Қатира ханым! 2022 жылғы 18 қарашада мектептердің оқу істері бойынша орынбасарларына жиналыс жасап, мектептерді Білімлендке өтесіңдер деп ақпарат бергендеріңіз рас па? Мұғалімдерді Білімлендке өтуге мәжбүрлеген тұлға жауапкершілікке тартылатынынан хабарыңыз бар ма? Бұған мәжбүрлеу заңды ма? Ғалымжан Алматов мырза заңсыз әрекет жасамауды ескертіп еді, бұл қалай болғаны?", – деп ашық сауал тастады Мұзаффар Сайдоллаев.

Жергілікті шенеуніктер жоғарғы жақтан, облыстан сондай тапсырма түскенін жасырмады.

"Кентау қаласының Адами әлеуетті дамыту бөлімі өзіне қарасты 23 мектепті “BILIMLАND” цифрлық білім беру платформасына көшіру жұмыстарын Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының 15.11.2022 жылғы №27-06-08/67 хатының негізінде жүргізуде", – деді кентаулық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Қатира Бейсенбиева өз жауабында.

Яғни, облыс бұрынғы басшылар ілгерілеткен Kundelik.kz-тен бас тартып, басқа платформаны ілгерілетіп жатқан көрінеді.

"Біздің Түлкібас ауданында барлық мектептерде мұғалімдерді Bilimlаnd-ке мәжбүрлеп өткізіп жатыр. Оның себебін Kundelik.kz лимиті бітіп, жабылуымен түсіндіруде. Бірақ бұл жалған ақпарат екен. Біз екі журналды қатар алып жүруге міндетті екенбіз. Бұл – басшымыз тарапынан берілген тапсырма. Ол кісіге жоғарыдан тапсырма берілген. Мұның астарында бір күдік бар сияқты. Кімнің қалтасын томпайтып отырмыз, білмейміз? Екі ортада мұғалімдерді әуреге салды. Тіпті сенбі және жексенбі күндері мектепке шақыртып, журналға көшесіңдер деп мәжбүрлеуде", – деді Түлкібас ауданының мұғалімі Taulik.kz порталына сұхбатында.

Мұғалімдердің түсіндіруінше, Білімленд платформасында бала БЖБ, ТЖБ, үй тапсырмасы дегендерді онлайн да орындайды екен. Егер бала тапсырмаларды орындамаса, пайыздық бағасы төмен құлдырайды, оған тағы мұғалім кінәлі болады. Сондай-ақ, Түркістан облысында интернет өте нашар. Аудандық, ауылдық жерлерде дұрыс ауламайтыны жасырын емес.

Ал Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті барша педагогтер Kundelik.kz пен BilimLand.kz екі журналын бірдей толтыруға міндетті емес екенін хабарлады. Түркістан облысында 957 мектеп "Kundelik.kz" электрондық жүйесіне қосылған. Онда 70 422 мұғалім, 496 929 оқушы, 345 446 ата-ана тіркелген. Оның бәрін Рауанның платформасына көшіру – халықтардың қоныс аударуындай ұлы науқанға айналайын деп тұр. "Мұғалімдер мен ата-аналардың бейнетінің зейнетін кім көрмек, бұл көштің бенефициары кім?" деген сауал туады. 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу